Accessibility links

Қарашаның 3-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан астанасына жұмыс сапарымен барып, Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовпен кездесті деп хабарлайды Қазақстан президентінің әкімшілігінің баспасөз қызметі. Ташкенде екі мемлекет басшыларының қатысуымен Мемлекетаралық Үйлестіру Кеңесінің бірінші отырысы өткен. Президент әкімшілігі кездесу кезінде екі жақты қарым-қатынасқа қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланып, аймақтағы жағдай бойынша президенттердің пікір алмасқанын айтады. Ал тәуелсіз сарапшылар болса, Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға алдын-ала хабарланбай, кенеттен сапар шегуін көрші Қырғызстандағы оқиғалармен тікелей байланыстырады. Мәселен, саясаттанушы Эдуард Полетаев егер Қырғызстандағы оқиға бақылудан шығып бара жатса, Орталық Азиялық екі ел – Қазақстан мен Өзбекстан бітімгершілік күшпен де көмек көрсетуі мүмкін дейді.

Қазақстан мен Өзбекстан - Орталық Азиядағы жетекші ойыншылардың бірі. Сондықтан, екі ел президенттері қарашаның 3-і күні Ташкентте Қырғызстандағы оқиғалар бойынша кеңесу жүргізді деп есептейді саясаттанушы Эдуард Полетаев:

- Бірақ мен бұл мәселе - екі ел президенттерінің кездесуінде сөз болған жалғыз тақырып деуден аулақпын. Басқа да жалпылама мәселелер шешілген шығар. Әйткенмен бұл кездесудің аяқ астынан өтіп, көпшілік үшін күтпеген оқиға болуының өзі екі ел президенттерінің кездесуіне тек қана Бішкектегі жағдай себепкер болғандығын көрсетеді, - дейді Э.Полетаев.

Қарашаның 2-сінен бастап Бішкекте «Реформалар үшін!» оппозициялық қозғалыстың митингісі өтуде. Акцияға қатысушылар ел астанасының орталығында киіз үйлер мен шатырлар құрып, президент пен үкімет басшысының отсавкасын талап етуде. Қазақстандық саясаттанушы Дос Көшім Қазақстан президентінің Өзбекстанға тосыннан жасаған сапарында қозғалуы ықтимал тақырыптарды былайша топшылайды:

- Бірінші мәселе – газдың бағасы. Қыс келе жатқан уақытта оны реттеуге президенттің өзі араласуы әбден мүмкін. Екіншіден, әрине, Қырғызстанда бүгінгі болып жатқан жағдайларға екі елдің алдын-ала қандай саясат дайындауы және оған қандай баға беруі жөнінде болуы мүмкін. Менің ойымша, біздің үкімет шекараны күшейтіп, әсіресе сол жерде болып жатқан қозғалыстың ұшқындары Қазақстанға тимейтіндей, Қазақстанда сондай жағдайлардың қайталанбауының алдын-алу шараларын қолға алады.

Саясаттанушы Эдуард Полетаев Қазақстан мен Өзбекстан шекараны нығайтып қана қоймай, өз елдерінің азаматтарына уақытша Қырғызстанға баруына тыйым салуы мүмкін деген болжам айтады.

- Сонымен олар саяси деңгейде, жағдайға қарай Қырғызстан басшыларымен немесе жаңа оппозционерлермен кеңесулер өткізеді. Бірақ мен Қазақстан мен Өзбекстан күш қолдану тәрізді күрделі қадамдарға барады деп ойламаймын. Дегенмен, егер жағдай бақылаудан шығып, ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі уағдаластық жүзеге асуына итермелесе, онда, бәлкім, Қазақстан мен Өзбекстанның бітімгершілік күштері Бішкек пен Қырғызстанның басқа қалаларына барып, тәртіп орнатуы да мүмкін, - дейді саясаттанушы Эдуард Полетаев.

Қазақстан парламенті мәжілісінің халықаралық істер мен қорғаныс жөніндегі комитет төрағасы Серік Әбдірахманов болса, Қазақстан президентінің Өзбекстанға сапарын тікелей тек Қырғызстандағы жағдаймен байланыстырмайды.

- Мен оған себептер көріп тұрған жоқпын. Енді көп әңгіменің ішінде Қырғызстан да сөз болуы мүмкін деп санаймын. Себебі, Қырғызстан – біздің көршіміз. Ал бұрынғы президент Ақаевтың тағдыры тап осылай алаң арқылы шешілген болатын. Сондықтан, көршіміздің жағдайы бізді де алаңдатады. Ал тура сол үшін президент Өзбекстанға барды деуге болмайды, - дейді парламент мүшесі.

Сонымен бірге ол Қырғызстандағы қазіргі жағдай бейбіт жолмен шешіледі, сондықтан, жағдайдың Қазақстан мен Өзбекстанның бітімгершілік күштерін жіберу дәрежесіне жетпейді деп есептейді:

- Қырғызстанда болып жатқан жағдайлардың саяси сипаты бар. Былайша айтқанда, Қырғызстан мемлекетінің ішкі шаруасы. Сондықтан, сырттан барып, тәртіп орнатудың заманы өткен. Әзірше оппозцияның өзі бейбітшіл ниетпен саяси талаптарын қойып отыр. Ереуіл ешқандай бұзақылықсыз өтуде. Сондықтан, бітімгершілік күштерді жіберу мүмкін деуге ешқандай негіз жоқ!

Қазақстан президенті әкімшілігі баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда, қарашаның 3-і күні Қазақстан президентінің Өзбекстанға сапары барысында Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің қатысуымен мемлекетаралық үйлестіру кеңесінің бірінші отырысы өткен. Кездесу кезінде мемлекет басшылары екі жақты қарым-қатынасқа қатысты кең көлемді мәселелерді талқылап, аймақтағы жағдай бойынша пікір алмасқан. Екі ел лидерлері екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту қажеттілігіне тоқталды деп хабарлап отыр Қазақстан президентінің әкімшілігінің баспасөз қызметі.

Деректер бойынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар алмасу биылғы жылдың алғашқы 8 айында 32 пайызға өскен.
XS
SM
MD
LG