Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.04.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Сенбілік басылым беттерінде Қызылорда облысы аумағында болған «Днепр» зымыраны апатының зардаптарын анықтау жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы туралы сөз болады. Сондай-ақ, Қазақстандағы мектеп оқушыларына арналған оқулықтар сапасы жайында да мәселе көтеріліпті.

«Литер» газетінің жазуынша, Қызылорда облысы бойынша «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан Қармақшы ауданы тұрғындарының денсаулығы көңіл алаңдатарлық. Мұнда қан-тамыр, ісік аурулары өте жиі кездеседі. Жалпы басылым дерегінше, гептил жанармайымен зымыран ұшыратын, АҚШ, Жапония, Франция, Ресейдегі ғарыш айлақтарының қоршаған орта мен адам денсаулығына залал келтіріп отырғанын дүниежүзі ғалымдары мойындаған. Сондай-ақ «Литер» газеті, «Днепр» сынықтары түскен аумақтың топырағы, ауасы, суы, зымыран қалдықтары зертханалық сараптамалардан өткізіліп, нәтижесінде апат салдарынан қоршаған ортаға залал келгені анықталғанын жазады.

Ал, «Егемен Қазақстан» басылымының дерегінше, қазір «Днепр» зымыраны құлаған Қызылорда облысының аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Ал табылған зымыран сынықтары Жезқазған қаласындағы арнайы қоймаға жеткізілген. Бұрынғы экологиялық қорды қалпына келтіру үшін зымыран құлаған аумақта топырақты детоксикациялау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, зымыран құлаған аумақта жүргізілген тексеру нәтижесінде адамдардың немесе жануарлардың зымыран отынына уланбағаны анықталды, - деп жазады «Егемен Қазақстан».

Ресейлік «Днепр» зымыраны апатынан Қазақстанға келген шығын 142 миллион теңгеге жуық, - жеп жазады «Экспресс К». Оның ішінде қоршаған ортаға келген зиян үшін Ресей Қазақстанға 94 миллион 500 мың теңге өтемақы төлемек. Ал қалған 47 миллион теңге апат салдарын анықтау үшін, шаралар жүргізген үкіметке берілмек. Сондай-ақ, зымыран апатының қоршаған ортаға қаупән анықтау мақсатында 2007 жылы Днепр құлаған аумақта экологиялық мониторинг бағдарламасы жүргізілмек. Қажет болған жағдайда бұл бағдарлама 2008-2009 жылдарға дейін ұзартылады. Осы уақыт аралығында Днепр апатынан табиғатқа қауіп төнгені анықталса, Ресей, ол үшін де қосымша өтемақы төлемек деп жазады «Экспресс К» басылымы.

«Литер» газеті Қазақстанда жаңа буынды оқулықтар шығару бағдарламасы жүзеге аса бастағанына 10 жыл болғанын жазады. Газет дерегінше, осы уақыт аралығында, қазақ, орыс, ұйғыр және өзбек тілдерінде екі мыңнан аса түрлі оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жарық көрген. Басылым, оқулықтардың барлығы сапа жағынан мінсіз болмағанын жазады. Дегенмен, газетке сұхбат берген, Білім және Ғылым министрлігінің қызметкері Светлана Испусинованың айтуынша, 10 жыл тым ұзақ уақыт болып көрінгенімен, жаңа оқулықтар дайындау үшін, бұл мерзім тым аз. Осы уақыт аралығында, түрлі қателермен, оқулықтар жарық көрді, алайда, қазір бұл кемшіліктер түзетіліп келеді, - дейді Светлана Испусинова «Литер» газетіне берген сұхбатында.

Ал «Егемен Қазақстан» басылымы, мектеп оқушыларына арналған оқулықтардың сапасы сын көтермейтіні туралы мәселе көтеріпті. Мысалы, «тарихи оқиғалар туралы түрлі сыныпқа арналған кітаптарда әртүрлі болып жазылады. Бастауыш мектепке арналған оқулықтарда, оқушылар ұғымына ауыр, тіл тұтықтыратын сөйлемдер, баланың айтуына қиындық келтіретін өлеңдер аз емес. Осы бастауыш сыныптарға арналған математика оқулығындағы есептер, мектеп табалдырығын жаңа аттаған ұл-қыз тұрмақ, мұғалім үшін күрделі, ал ата-аналар үшін мүлде түсініксіз», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
XS
SM
MD
LG