Accessibility links

3 қараша күні премьер-министр Даниал Ахметовтың қаулысымен «Ғылым қоры» Акционерлік Қоғамы құрылды. Құжат мәтініне қарағанда, бұл қор басымдылықты, тәуекелді, бастамашыл зерттеулерге көңіл бөліп, тәжірибелік-құрастырмалық жұмыстарды дамытпақ. Алайда Қазақстан ғалымдары арасында жаңадан құрылған қордың бағыты мен ғылыми жұмыстарды сұрыптайтын құрамына байланысты көңіл толмайтындар кездесіп отыр.

Тарих ғылымының докторы, профессор Қамбар Атабаев соңғы кездері ғылым саласында болып жатқан өзгерістерге көңілі толатындығын айтады. Биылғы қазан айында президенттің ғалымдармен болған кездесуінде айтқан сөздерін де үлкен қуанышпен қарсы алған. Алайда тарихшы соңғы уақытта үкіметтің ғылымды дамытуда біржақты саясат ұстанып кеткенін айтып, жаңадан құрылған қордың гуманитарлық ғылымдарға мән бермеуін құптамайтынын білдірді.

- Қазақ халқының тілі, әдебиеті, тарихы қалай дамиды сонда? Бірінші кезекте гуманитарлық ғылымдар дамуы керек. Ал біздің қазіргі баымдылық алып отырған бағыттар ретінде елдің экономикалық жағынан, материалдық жағынан көмектесетін биотехнология сияқты ғылым салалары туралы айтылып жатыр, ал гуманитарлық ғылымдар тіпті назардан тыс қалып қойған сияқты. Бұл өте қауіпті жағдай, - дейді Қамбар Атабаев.

Алматыдағы Қазақ-Британ Техникалық Университтетінің проректоры Әділ Ахметов керісінше, ғылым қорының алған бағыты дұрыс деп есептейді. Оның айтуынша, ғылым қоры бұған дейінгі Қазақстан ғалымдарының жетістіктерін одан әрі дамытып, фундаменталды ғылымдарға мән беріп отырмақ.

- Егер іргетасы болмаса ғылым дұрыс дами алмайды ғой. Астында түк жоқ болса, виртуалды ғылым бола алмайды ғой. Барлық қыры бірдей даму керек, - дейді Әділ Ахметов.

Биология ғылымының докторы, академик Иса Байтуллин болса, ғылымның қоғам өміріндегі маңызы артып келеді жатқанымен, осы саланы басқарып отырғандар жұмысында әлгі күнге дейін кемшіліктер азаймай отыр деп санайды.

- Академия жойылғаннан бері бір министр ғылымды жөндеп басқара алған жоқ. Ғылымның қандай салаларын дамыту жөнінде ешбір пікір туғызған жоқ. Сондықтан, мұны министрлік жанынан бөлген дұрыс болар еді. Бізде қазір бір бағыт бар: барлығын жастар басқарсын деген. Жастардың басқарғанын көріп жатырмыз. Сондықтан, кеңес құрамына ғылымда тәжірибесі бар, ғылымды басқарған адамдардан бөлек жастар да алыну керек.

Ал химия ғылымының докторы, академик Хабиболла Оспанов технологиясы жағынан ілгері тұрған шет мемлекеттердің көбінде ғылымның осындай қорлар арқылы дамып отырғанын айтып, Қазақстанның осы тәжірибені қолдануда өзіне үлкен жауапкершілік алғаны дұрыс дейді.

- Қорты дұрыс пайдаланса, көп пайдасы бар. Қаржыны беріп жатқаны дұрыс, бірақ өкінішке қарай оған қаржы дұрыс бөлінбейді. Тамыр-таныстықпен кетіп қалып жатады. Осыны байқау керек.

Ғылым қорын құру туралы идеяны биылғы жылы қазан айында Ғылым Акдемиясының 60 жылдық мерейтойында президент Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Ол сонымен қатар, ғылымға бөлінетін қаржыны алдағы жылдары 25 есеге дейін өсетінін, елде 2015 жылы ғылымға жалпы ішкі өнімнің 5 пайызы жұмсалатындығын айтты.
XS
SM
MD
LG