Accessibility links

Ресейде өткен «Орыс маршына» қазақстандық орыс, казак және славян қоғамдық ұйым өкілдері қолдау білдірді


Қарашаның 4-күні Қазақстанның ешбір қаласында «Орыс маршы» өткен жоқ, бірақ Қазақстандағы орыс, казак, славян қоғамдық ұйым басшылары Мәскеу мен Ресейдің бірқатар қалаларында өткен «Орыс маршын» қолдайтындықтарын айтып отыр. Олар «Орыс маршының» мақсаты - өз елінде езгіге түскен орыс рухын жаңғырту болып табылады деп түсіндіреді. Сонымен қатар олар, егер Мәскеу басшылығы «Орыс маршына» күш қолданса, Қазақстандағы орыс қауымдастығының өкілдері Алматыдағы Ресей елшілігінің маңында наразылық акциясына шығатынын мәлімдеп отыр. Сонымен қатар сенбі күні ТМД-ның бірқатар елдерінде «Орыс маршына» қарсы шерулер де болды. Ондай шеруді Алматыда Еуразиялық жастар одағы деген жаңа ұйым мүшелері өткізген.

Сенбі күні Ресейдің астанасы Мәскеуден бастап бірнеше ірі қалаларында «Русский марш» атты қоғамдық шеру өтті. Әртүрлі арандатушылықтан сескенген Ресей билігі алдын-ала шаралар қарастырып, Мәскеу көшелеріне 6 мыңдай тәртіп сақшыларын шығарғаны хабарланды баспасөз құралдарында.

Ресейдің бірнеше қалаларын қамтыған осы шеруге Қазақстандағы «Орыс, казак, славян қоғамдық ұйымдарының үйлестіруші кеңесі» басшылары оң көзқарасын білдірді.

- Біз ол шараны қолдаймыз және Мәскеудің әкімі Лужковтың атына қолдау хатын жібердік. Бірақ ол шерулерге Қазақстан Орыс-славян қауымдастығы өкілдері жіберілген жоқ, - деді үйлестіруші кеңес төрағасы Юрий Захаров қарашаның 4-күні «Азаттық» радиосына.

Сонымен қатар ол егер «Русский марш» шарасына ресми билік тарапынан қандай да бір қарсылық көрсетілсе Алматыдағы Ресей елшлігінің алдында өздерінің наразылық акциясына шығуға дайын екендіктерін жеткізді.

Қазақстандағы Орыс, казак, славян қоғамдық ұйымдарының үйлестіруші кеңесі төрағасының орынбасары Юрий Бунаков Ресейдегі «Русский марш»-тың мақсаты туралы былай деп түсіндірді:

- Орыс маршының мақсаты - өз жерінде езгіге түскен орыс ұлтының жоғын жоқтау. Ресейдің аймақтары жаппай ішімдікке салынып кетті. Мен Қазақстанның өз ұлтына деген жасап отырған саясатын толық қолдаймын, ал неге сондай саясат Ресейде де орын алмасқа?

Бұл айтылған пікірге Юрий Захаров та өз ойын қосады:

- Ресейде бір де бір орыс ұлттық радио, не телеарнасы жоқ. Орыстың халық әуендерін қазір есту мүмкін емес. Өкінішке орай, Ресейде орыстар 82 пайыз бола тұрып, титулды ұлт емес.

«Азаттық» радиосы: - «Русский марш» ұйымдастырушылардың негізгі ұраны «Ресей – орыстар үшін!» деп аталады деген ақпараттар айтылып жатыр. Сіздер бұл жөнінде не ойлайсыздар?

- Жоқ, оларда ондай ұран жоқ. «Орыс фашизмі!» деген айдар тағу көбейіп кетті. Ондай айдарды тағушылардың кім екенін айтпай-ақ қояйын, түсінетін шығарсыз, - деп жауап берді Юрий Захаров.

Сенбінің қарсаңында Интернеттегі кейбір ақпараттық сайттар осындай марштарға қарсы Еуразиялық жастар одағының маршы ТМД-ның бірқатар елдерінде өтетінін хабарлаған-ды. Соның ішінде Қазақстанда Алматы қаласы да аталған болатын. Алайда, сенбі күні марш болады деген жерлерден айтылған уақытта әлгіндей мақсатпен шыққан ешкім де байқалмады. Дегенмен ондай марш Алматыда өтті дейді маршты ұйымдастырушылардың бірі Юлиана Зайцева.

- Біз Алматыдағы Абылай хан ескерткішінің қасынан бастадық, себебі, Ресей мен достықтың негізін қалаған осы Абылай хан болатын. Біздің негізгі ұрандарымыз «Еуразия жасасын! Ресей-Қазақстан - мәңгі достығы жасасын! Фашистік ұйымдар жойылсын! Бірлік пен халықтар достығы жасасын!» деген ұрандар болды, - дейді Зайцева ханым.

Оның айтуынша, сенбі күні Алматыдағы Абылай хан ескерткішінің жанынан басталған Еуразиялық жастар шеруіне әртүрлі ұлттан 30 шақты жастар қатысқан. Олар Малая станицадағы Верный қорғанына дейін шерумен барған.
XS
SM
MD
LG