Accessibility links

Қазақстан сыбайласқан жемқорлық жөнінен дүниежүзі елдері ішінде 113-ші орында тұр

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлық қауіпті деңгейге шығып, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр. Бұл туралы дүйсенбі күні Алматыда, коррупцияның деңгейі жөнінен әлем елдерін бағалайтын жыл сайынғы дәстүрлі есептерін жариялаған «Транспаренси Интернешнл» Халықаралық Ұйымына кіретін «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры мәлімдеді.

«Транспаренси Интернешнл» ұйымының жүргізген мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлық жылдан жылға өсіп келеді. Мысалы, Қазақстан 1999 жылы 84-ші, 2000 жылы 66-шы, 2001 жылы 71-ші, 2002 жылы 88-ші, 2004 жылы 122-ші, 2005 жылы 107-ші орындарды иеленіп келген. Ал 2006 жылы Қазақстан сыбайласқан жемқорлықты қабылдау индексінің көрсеткіші бойынша 163 елдің ішінен 113 орынға жайғасып, бар болғаны 2,6 балл ғана алған дейді «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Виталий Воронов.

- Бұл жерде мемлекеттердің жемқорлылығын анықтайтын басты нәрсе болып, тізімдегі орын ғана емес, индекс саны да есептелінеді. Өйткені, жыл сайынғы біз зерттейтін мемлекеттердің қатары өсіп отырды. Солай десек те, Қазақстан дүние жүзінде мемлекеттердің орны жөнінен де, индекс саны жөнінен де соңғылардың қатарынан шықпай келеді. Мысалы, Қазақстан 1999 жылы 2,6 балл алса, қазір де сол деңгейінен көтерілген жоқ. Бұл индекс сыбайласқан жемқорлық пен қайыршылық арасында тығыз байланыстың бар екендігін де көрсетті. Қазақстан заңнамаларды жетілдіре түскенімен, жемқорлық механизмі тоқтаусыз жұмыс істеп келеді, - дейді В.Воронов.

Халықаралық қор әлем елдеріндегі жемқорлық деңгейін 10 сандық көрсеткіш бойынша анықтап келеді. Тізімдегі 10 саны жемқорлықтың төмен деңгейін көрсетсе, нөл жоғары дегенді білдіреді. Биылғы зерттеу жүргізілген 163 елдің ішінде үздік көрсеткіштерді, яғни алдыңғы орындарды дамыған Солтүстік Еуропа елдері алып отыр. Мысалы, Финляндия тізімде 1-ші орында тұрса, Исландия 2-ші, Дания 4-ші, Швеция 6-ші орынға табан тіреген. Ал соңғы орындарда экономикасы артта қалған Азия, Африка елдері тұр. Бұл тізімдегі ең нашар балл, әрі соңғы орын Латын Америкасындағы Гаитиге бұйырған дегенді айтады «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қорының атқарушы директоры Сергей Злотников.

- Біздің рейтингіміз кәсіпкерлер мен сарапшыларға сұрау салу арқылы анықталынады. Бұрын біз жемқорлық жайын халықтан сұрап келгенбіз. Қазақстан тізімде көп мемлекеттерден төмен тұрғанымен, ТМД елдері ішіндегі көрсеткіші жаман емес. Алдымызда тек Грузия мен Украина ғана, - дейді Сергей Злотиков.

Сонымен қатар, «Транспаренси Қазақстан» қорының басшылары жемқорлық ерекшеліктеріне де тоқталып, Қазақстандағы пара алушылықтың қазба байлықтардан түсетін пайданың көбеюіне қарамастан, өсіп отырғаны байқалатынын айтты.

- Дүние жүзінде жемқорлық түсінігі Қазақстандағыдай емес, әлдеқайда кең мағынасында қолданылады. Мысалы, әлемде жершілдік - жемқорлықтың бір белгісі ретінде саналады. Ал Қазақстанда ол қалыпты нәрсе. Және өзге елдерде жемқорлық, негізінен ақша беру арқылы билікті сатып алумен ерекшеленсе, бізде жемқорлықтың көзі биліктің өзі болып отырғанын айтуымыз керек, - деп, Виталий Воронов Қазақстанның осы уақытқа дейін пара алушылықпен күресетін халықаралық шарттардың ешбіріне қосылмағанына назар аударды.

Ал сыбайласқан жемқорлық жайында Қазақстан азаматтары өз ойларын былайша жеткізеді:

- Заң жұмыс істесе, ешқандай жемқорлық болмайды!

- Жемқорлық терең тамыр жайған. Оны құртуға өте көп күш жұмсау керек. Одан шығамыз деп ойлаймын.

- Біздегі биліктің өзі жемқорлыққа батқан. Сондықтан оны ешкім жеңе алмайды. Қазір ақша бермесең, бір нәрсе істей алмайсың.

- Ол баяғыдан бар болған. Кеңес Одағында да болған, бізде де болады.

«Транспаренси Интернешнл» ұйымы - сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күресу үшін 1993 жылы құрылған халықаралық қоғамдық қозғалыс. Осы күнде дүние жүзі бойынша 100 бөлімшесі бар бұл ұйымның іс-әрекетін Германияның Берлин қаласында орналасқан халықаралық хатшылық үйлестіріп отырады.
XS
SM
MD
LG