Accessibility links

АҚШ Конгресс сайлауын өткізіп жатыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Құрама Штаттар Конгресіне бүгінгі сайлаулар барысында Сенаттағы 100 орынның үштен бірі және Өкілдер палатасындағы 435 орын үшін күрес жүруде. 1995-ші жылдан бері президент Буштың республикалық партиясы қос палатада басым дауысқа ие болып келген еді. 12 жылдық азшылықта болудан кейін демократтар болса Өкілдер палатасында, мүмкін тіпті Сенатта да басым дауысты жеңіп алуға үміттенуде.

Сейсенбі күнгі Конгресс сайлаулары барысына болжам жасап, Билл Фринзел Азаттық радиосына өз пікірін білдірген болатын. Ол - Минесота штатынан Өкілдер палатасына 20 жыл бойы өкіл болып келген-ді.

“Бұл сайлауларда Джордж Буш басты мәселеге айналуда. Егер демократтар бір не екі палатада басым дауысқа ие болса, онда Буш жеңіліске ұшырайды. Конгресс арқылы өзінің маңызды бастамаларын өткізу оған айрықша қиынға түсер еді. Ол мүлдем ешқандай ұсынысын өткізе алмайды деген сөз емес. Отандық қауіпсіздік және қорғаныс салаларына қатысты ұсыныстарын өткізе алуы мүмкін. Алайда өзге ұсыныстарының қабылдануы өте қиын”, деді Фринзел мырза.

Оның себебі, Конгресс федералдық үкімет қаржысына бақылау жасайды. Оның жұмсалуына ғана емес, оның жинақталуына да. Алты жылдық президенттігі кезінде Джордж Буш, тіпті Ирақтағы соғысқа бірнеше жүздеген миллиард доллар жұмсап жатқан тұста да, салықты қысқарту жөніндегі заң жобасын қабылдауға Конгресті бірнеше рет көндірген болатын. Тіпті бір ғана шатырға бақылау орнатқанның өзінде демократтар салықты қысқартуға бұдан былай жол бермейтін болады. Егер қос шатырда да басым дауысқа ие болса, онда кейбір қысқартылған салықтарды қайта қалпына келтіріп, сол арқылы федералдық бюджеттегі тапшылықты жоюға көмектесуге тырысулары мүмкін. Алайда, Фринзел мырзаның пікірінше, Конгреске бақылау орнатқан күннің өзінде демократтар Ирақтағы қазіргі АҚШ саясатына айтарлықтай өзгеріс енгізе алмайды.

Лари Сабато - АҚШ-тағы Виржиния университетінің сарапшысы. Қарашаның 2-де жүргізілген қоғамдық пікірді зерттеулер барысында жауап бергендердің басым бөлігі “егер демократтар Конгреске бақылау орнататын болса, онда АҚШ әскерінің Ирақтағы саны азайып, тіпті мүлдем толық шығарылуы мүмкін”, деген пікір білдірген екен.

“Демократтар Конгресте басым дауысқа ие болса, онда олар кейбір мәселелерге ықпал жасауы мүмкін. Алайда, қазіргі президенттің Ираққа байланысты саясатына өзгерістер жасауына мәжбүрлей алмайды. Ол үшін Америка тарихын есіңізге түсіріңіз: Вьетнамдағы әрекеттерін шектеуге республикашыл президенттер Ричард Никсон мен Геральд Фордты мәжбүрлеу үшін демократиялық Конгреске бірнеше жылдар керек болды емес пе. Сондықтан қазір де тез арадағы қорытындылар күтушілер пікірі дұрыс емес, деп есептеймін”, - деді Сабато мырза.

Алдағы уақытта Конгрестегі бақылау үлес-салмағына орай үкіметтегі үш салаға - заң шығарушы, орындаушы және сот жүйесінің ешқайсысына да көп билік берілмейтін болады. Мысалы, федералдық соттарды атқарушы билік немесе президент белгілейді. Алайда, оларды мақұлдау, мақұлдамау Сенаттың үлесіне тиесілі.
XS
SM
MD
LG