Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.07.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Сейсенбілік басылымдарда елде мүлікті жария ету шарасының әзірге нәтиже бермей отырғаны сынға алынады. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде Армения президенті Роберт Кочарянның дүйсенбі күні басталған Қазақстанға ресми сапары туралы сөз болады.

«Айқын» басылымы, мүлікті заңдастыру шарасының күткен нәтиже бермей отырғанына Үкімет, жергілікті әкімдерді кіналап отырғанын жазады. Газет дерегінше, тікелей Әкімдерге қарайтын арнайы комиссиялар бүгінге дейін, мүлік заңдастыруға тілек білдірген 18 19 мыңға жуық өтінішті кері қайтарған. Ал Әділет министрлігі, тіркеу қызметі төрағасының орынбасары Рамазан Сарпековтың айтуынша, «жергілікті комиссия өздеріне жауапкершілік алудан жалтарып отыр»,- деп жазады «Айқын» газеті.

«Казахстанская правда» газетінің дерегінше, «Мүлікті жария ету туралы заңды» комиссия мүшелерінің дұрыс түсінбеуі де, біршама қиындықтар туғызуда. «Заң бойынша, бұл шара қарапайым азаматтардың мүлкін заңдастыруы үшін жасалған жеңілдік. Сондықтан, олардан заңда көрсетілген құжаттар ғана талап етілуі тиіс. Ал, іс жүзінде жергілікті комиссия мүшелері тұрғындардан, қандай да бір қосымша құжаттар сұрап, азаматтардың өтініштерін қабылдамауда», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

Ал, «Комсомольская правда Казахстан» басылымының мәліметінше, Әділет министрлігі Жер ресурстарын басқару Агенттігімен бірлесіп, жерді заңдастыру тәртібін жеңілдетіп отыр. Ол бойынша, ендігі жерде мүлік иелері арнайы комиссияға өткізген құжаттардың көшірмесін, жер ресурстары жөніндегі құзырлы орындарға тапсыруға міндетті емес. Сондай-ақ, егер комиссия азаматтардың өтінішін мақұлдаса, ол туралы екі күннің ішінде өтініш берушіге хабарлануы тиіс. Жалпы мүліктің заңдастырылғаны жөніндегі құжат 10-15 күнде дайын болуы тиіс, - деп жазады «Комсомольская правда Казахстан» газеті.

«Жас алаш» басылымына сұхбат берген ауыл шаруашылығы маманы Бексырға Данышпанов, мүлікті жария ету шарасын сынға алады. «Мүлікті заңдастыру арқылы жер заңына қайшы әрекеттерді, заңсыздыққа жол берген әкімдердің тірлігін, заң бұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттерді заңдастырып бергелі отырмыз. Кезінде қолынан келгендер ақшасын төлеп, екінші біреулері қызмет бабын асыра пайдаланып, жерді гектарлап алды. Бәрін бүлдіріп-бүлдіріп алып, енді сол қылмыстық әрекеттердің бетін жабу үшін рақымшылық жасалып жатыр», - дейді Бексырға Данышпанов «Жас алашқа» берген сұхбатында. Айта кететін бір жайт, Қазақстанда мүлікті жария ету шарасы 2007 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды.

«Егемен Қазақстан» басылымы, дүйсенбі күні Армения президенті Роберт Кочерянның Қазақстанға екі күнді сапары Президен Назарбаевпен кездесуден басталғанын жазады. Газет дерегінше, келіссөз барысында Қазақстан мен Армения арасындағы сауда-экономикалық байланыстар, саяси қатынастар, сондай-ақ, ТМД жағдайына қатысты мәселелер талқыланған. Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» басылымының дерегінше, екі ел арасындағы байланыстарды дамыту мақсатында екіжақты бірнеше келісімдерге қол қойылды.

Ал, «Айқын» басылымының болжамынша Армения президентінің Қазақстанға бұл сапарында саяси астар бар. «Әзірге Армения Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына келісімін берген жоқ. Армения Қазақстанға берер «рұқсат қағазын» Әзірбайжанмен арадағы Таулы Карабах дауында Қазақ елінің қолдауына айырбастағысы келетінге ұқсайды. Ал бүгінде Қазақстанның мұсылман елі ретінде әзірбайжан мемлекетеніне көбірек бүйрек бұратыны жасырын емес. 1994-97 жылдары Таулы Карабахтың президенті болған Роберт Кочарян Назарбаевпен кездесуінде өз елінің осы проблемасы туралы да сөз қозғады. Бірақ ресми Астана кесімді шешімін айтқан жоқ», - деп жазады «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG