Accessibility links

Қазақстандық коммунистер Қазан төңкерісінің 89 жылдығына арнап Алматыда митинг өткізді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

7-ші қарашада Алматыда «Сары Арқа» кинотеатрының маңында Қазақстан коммунистік партиясы мен халықтық Коммунистік партиясының қалалық комитеті өкілдері қазан төңкерісінің 89 жылдығына орай митинг өткізді. Митингіге келген коммунистер қарар қабылдап, билікке жасаған бірнеше талаптарының арасында «Қазақстанда капитализм орнығуы керек па, социализм орнауы керек пе?» деген мәселе бойынша референдум өткізу керек деген талапты да қоятындықтарын жариялады.

Алматыдағы «Сары Арқа» кинотеатрының маңындағы Ленин, Калинин, Дзержинскийлердің ескерткіштері қалалық зейнеткерлерді 7-ші қарашада шуақты күнімен қарсы алды. Алдыңғы жылдардағыдай емес, жыл өткен сайын келушілер де азайып баратқаны байқалады. Биыл Қазан төңкерісінің 89 жылдығын атап өтуге келеген зейнеткерлер саны 30-дан сәл-ақ асатындай. Бірен-саран «Социалистік қарсылық» тобының жастары да бар сияқты. Жылдағыдай желбірейтін жалаулар да аз... Сағат 12.00 де Қазақстан халықтық Коммунистік партиясының Алматы қалалық комитеті жиналысын оның төрағасы Ипполимов Арсентий бастап кетті.

- Жолдастар! 23 қыркүйекте Мәскеу маңындағы Горький қаласында Кеңестер Одағының Коммунистік партиясының Орталық комитетінің кезектен тыс мәжілісі болыр өтті. Біздің халықтық Коммунистік партиясының қалалық комитеті сол Орталық комитетке мүше. Ондай Орталық комитет бар! Оның төрағасы қазір - Олег Шенин! Сол мәжісте КСРО-ның Жоғарғы кеңесі атынан Кеңестер одағының халқына үндеу қабылданды. Онда Кеңестер Одағының халықтарын қайтадан Социализм орнату үшін, империализмнің, АҚШ-тың ықпалынан арылу жолында бірігуге шақырады. 2008 жылы Ресейде сайлау болады. Сол сайлауда бүкіл халық қолдауымен Социализм идеясын қолдайтын үміткер жеңсе, 2-3 жылдан соң Қазақстан да Социализм мен шаруалар және жұмысшылар жеңісін қамтамасыз ететін жолға түсер еді! – деп, Ипполимов мырза сөзін жалғастырып жатқанда, алаңға 5-6 зағип жанды жетектеп Амантай қажы келді. Қолдарына ұстаған дағыдылы плакаттары бар.

Амантай қажы келе «Қазақша сөйлеңдер!» деп митингіге тиісіп кетті. Амантай қажының қоқасынан ба, жоқ солай болуы керек пе еді, қазақша сөйлегендер де табылды, әйтеуір.

- Ағайындар! Біздер, үлкендер, социализмде өмір сүрдік! Бірақ сол өткен өмірімізге біздің ешқандай арызымыз жоқ! Қателік болды, құрбандық болды, бірақ біздің өміріміз өте жақсы болды! Себебі, бәрі халықтың бақылауында болды! Кеше, мысалы, парламентте 2007 жылдың бюджеті қаралды. Сол бюджетте күнкөріс минимумы 9 мың теңге делінген, 9 мыңға күн көруге бола ма?! Болмайды! Біз бәрін қайтадан ойлауымыз керек! Қайда келдік, қайда барамыз?!

Қазан төңкерісінің 89 жылдығына Амантай қажының да келу себебі, кезінде оның да комсомол хатшысы болғандығында шығар деп, қажыны әңгімеге тартқан едік.

- Мен тағы да айтамын: бұлар әбден уланған шовинизммен! Шетел тілінде сөйлеседі! Ананы қараңыз, жоқ елдің туын көтеріп тұр! Ұят емес пе?! Ал мен Қазақстанның туын көтеріп тұрмын! Аллоһу әкбар! Елім, Қазақстан жасасын! Жерімізге, елімізге, ана тілімізге демеу болу! Әумин! Бұны президент те істей алмайды, кеңседе өскен адам ғой ол... – деп Амантай қажы, өзіне микрофон ұсынған тілшілерге екілене сөйлеп жатты.

Ал бұл кезде Қазақстан халықтық Компартиясы өз жиналысын аяқтап, қарар да қабылдап үлгерді.

- Біз тілдер саясатында теңдікті талап етеміз! Біз кеңестік дәуірдегі тарихи ескерткіштерді өз орындарына орнатылуын талап етеміз! Қалалық нысандарға, көшелерге өз аттарын қайтарып беруін талап етеміз! Біз Қазақстан халқына капитализм керек пе, жоқ социализм керек пе деген мәселе бойынша референдум өткізілуін талап етеміз! Осы айтылғандарды дауысқа саламыз. Кім қолдайды? Қарсы? Жоқ! Қалыс қалғандар? Жоқ! Бірауыздан қабылданды!

Қарар қабылданып, митингінің бір шеті әйгілі «Интернационал» әнін айтып жатса, бір шеті Қазақстанның әнұранын айтып тарқасты.
XS
SM
MD
LG