Accessibility links

Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы: «Ер мен әйелдің тең құқығы дегеннен гөрі, Қазақстанға көп әйел алу мәселесі маңыздырақ болмақ»


Сәрсенбі күні бір топ депутаттар «Әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен бірдей мүмкіндіктері туралы» заң жобасын Мәжілістің қарауына енгізді. Мәжілістегі әйел депутаттардың айтуларына қарағанда, Қазақстанда мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы гендерлік пен әріптестік ынтмақтастыққа жағдай жасайтын нормативтік құқықтық акті жоқ. Алайда Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы Қазақстанның демографиялық проблемаларын шешу үшін гендерлік саясаттан гөрі көп әйел алу туралы мәселе маңыздырақ дейді.

2000 жылы қыркүйекте Мыңжылдық саммитінде әлемнің көптеген елдерінің көшбасшылары БҰҰ-ның мыңжылдық декларациясын қабылдаған еді. Онда әйелдер мен ерлердің теңдігіне қолдау көрсету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаты ретінде айқындалған болатын. Осыны алға тартып, депутат әйелдер Мәжілістің қарауына «Әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен бірдей мүмкіндіктері» туралы заң жобасын жұмысқа енгізді. Заң жобасына бастамашы болған Мәжіліс депутаты Елене Тарасенко бүгінгі күнге дейін Қазақстанда ер мен әйелдің теңдігіне жағдай жасайтын бірде-бір заңдық актілердің жоқ. екенін алға тартады.

Парламентте 116 депутатының тең оны ғана әйел. Әйелдің үстемдігін қош көрмейтін кейбір ер депутаттар тең құқық қазақы менталитетке жат дейді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов гендерлік саясат жөнінде іс сапармен Швецияға барып келгенін айтады. Онда әйел премьер-министр мен қарулы күш салаларындағы басшылықта әйел азаматшалар екенін былай қойғанда парламенттің 80 пайызын әйелдер құрайды дейді. Тито Сыздықов «Ол жақта егер әйелі екі күн үйіне келмей қалса, күйеуінің неге үйде болмадың деп сұрауға құқығы жоқ. Шәй құйып бер деп айтуды былай қойғанда. Сондықтан да бұл заң жобасын талқылаған кезде ер азаматтар абай болуымыз керек», – деді.

Мәжіліске алынған ерлер мен әйелдердің тең құқықтары жөніндегі заң жобасында отбасында егер сәбилері ауырып қалса, күйеуінің немесе әйелінің жұмыстан қалып балаға қарау таңдауы берілген. Сонымен қатар көп балалы аналарға жәрдем ақы сияқты көп балалы әкелерге де мемлекет тарапынан көмек көрсету мәселесі қаралған. Ал кейбір депутаттар аталған заң жобасының жыныстық зомбылыққа итермелегені үшін жауапқа тарту жөніндегі 14-баппен келіспейтіндігін жеткізді. Мысалы, Мәжіліс депутаты Серік Қонақбаев егер мұндай заң болса, онда бопсалау да көбейіп кететіндігін айтады.

Әйел мен ерлердің теңдігі жөніндегі заң жобасын Мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов қолдамайтындығын білдіреді «Азаттық» радиосына:

– Қазақстан Конституциясында да немесе барлық заңдарында да әйел мен ерлердің құқығын бұзу жөнінде ешқандай құжаттар жоқ. Екінші жағынан қалай болғанда да бәз мұсылман елміз. Мұсылман елінің атадан қалған кейбір қағидалары бар. Оны да ескеруіміз керек.

Ал гендерлік саясатты алға тартып жүрген Еуропа, батыс елдері бүгінде азғындалып жатқанын айтады депутат Амангелді Айталы:

– Бүгін Еуропа елдерінде некелердің жартысынан көбі ажырасқан. Әкесіз немесе анасыз бала асырап отырғандар көбейген. Шын мәнінде айтқанда бара-бара бір жынысты отбасына алып келген.

Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы Қазақстанның демографиялық мәселесін алға тартқанда көп әйел алу туралы заң жобасының маңызы зор екенін жасырмайды:

– Өткен шақырылымда мен көп әйел алу туралы заң жобасын ұсынған болатынмын. Бұл заң жобасы біріншіден, оралмандарға байланысты болды, екіншіден, Қазақстанда 200 мыңнан астам тұрмыс құра алмай жүрген қыздардың ұсынысы болды. Бұл заңның негізі қоғамда бар. Бұл заң әлде қайда маңыздырақ. Шетелге бала бермеуге де үлкен ықпалы бар.

Амангелді Айталының көтеріп отырған мәселесін Амалбек Тшанов қолдайтындығын білдірді. Оның сөздеріне қарағанда, Қазақстан мұсылман елі. Ал Құран кәрім бойынша мұсылмандарға көп әйел алуға жол беріледі. Алайда көп мәселемен депутат Амангелді Таспихов келіспейтіндігін жеткізді:

– Көп әйел алу Конституцияға қайшы келеді. Онда әйел мен ерлердің құқығы тең болғандықтан көп күйеу алатын заң керек болады.

Ал әйел мен ерлердің тең құқығы деп жүрген Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко көп әйел алу мәселесіне үзілді кесілді қарсылығын білдірді.

Дегенмен сарапшылар дүние жүзінде ерлердің әйелдерден тарихи қалыптасқан үстемдігінің өзгеріске ұшырап отырғанын жоққа шығармайды.
XS
SM
MD
LG