Accessibility links

Биылғы жылдың тоғыз айында жол-көлік оқиғасынан Қазақстан бойынша 3012 адам қаза тапты


Ал осы кезең ішінде жолдағы көлік апатынан жарақат алғандар саны - 13858 адамға жеткен. Осыған орай, Қазақстанның Ішкі істер министрлігі 2008-2010 жылдарға арналған жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп, үкімет назарына ұсынды.

35 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Ермек Құдыяров 18 жасында жол көлік апатына ұшырап, бүгінде мүгедек болып қалған. Бүгінгі басындағы қиыншылығын тек маңдайыма жазылғаны болар деген Ермек болған іске ешкімді кінәләмайды.

«Тағдырдың жазғаны осы болар. Отырмыз енді амалсыз. Екі балам бар. Үшінші топтағы мүгедекпін. Бір мүшемнен айырылып жарым жан болып қалсам да ел қатарлы отбасын құрдым. Алайда, балаларымды асырау үшін маңдай терлетіп еңбек ете алмадым. Менің өкінішім сол», - дейді Ермек.

Ресми мәліметке жүгінсек, жылдар өткен сайын жоғарыдағы кейіпкеріміз сынды кездейсоқ жол апатына түсіп жарым жан болып, зардап шегіп, тіпті өмірі қиылып жатқандар саны өсіп отыр екен. Республика бойынша жол апатынан қаза болғандар саны өткен жылдармен салыстырғанда 26 пайызға, жарақат алғандар 11,6 пайызға өскен. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі жол көлік оқиғасының алдын алудың 2008-2010 жылдарға мемлекеттік бағдарламаның жобасы мен жол қауіпсіздігі қозғалысы туралы Қазақстанның әкімшілік кодексі мен заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын дайындап, оны үкіметке ұсынды.

«Негізгі мақсат - жол көлік апатының мәселелерін шешу мен алдын алу үшін дүние жүзіндегі ірі автоматтандырылған техникалық жүйені Қазақстанға енгізу болып табылады», - дейді Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөзбен байланыс бөлімінің қызметкері, полиция майоры Ербол Сәулеұлы.

Оның айтуынша, жол көлік оқиғасының орын алуы жөнінен бірінші орынға Алматы қаласы шығып отыр. Онан кейін тізімді Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстары толықтыруда. Оған жүргізушілердің жол ережесін көптеп бұзуы, көліктерді спирттік ішімдік ішіп алып басқауы себеп, дейді полиция майоры Ербол Сәулеұлы.

Ал Бекболат Сайын есімді азамат: «Жол көлік оқиғаларының бәріне бірдей жүргізушіні кінәлі деу дұрыс бола қоймас. Ережені көбінесе балалар бұзады. Жаяу өтетін жерлерде жүгіріп өтеді. Сондықтан мен мектепте осы жол ережесі тереңірек оқытылса деймін», дейді.

«Көліктің көптігінен Алматы көшелерінде жол ережелері сақталмайды. Оған рөлі оң жақтағы көліктердің қолайсыздығы да әсер етуі мүмкін. Кейбір жүргізушілер қарама-қарсы жолға шығып кетіп жатады. Қазір көлік қажеттілікке айналды, машина жүргізетіндер көбейді, әсіресе, тәжірибесі аз жастар. Олар да жол көлік оқиғасының орын алуына әсер етіп жатады. Мұны реттеу үшін оңды-солды жүргізуші куәлігін сатып алушыларға тиым салу керек», - дейді Алма Есмұханова есімді Алматы тұрғыны.

Нұрлан есімді азаматтың пікірінше, жол көлік оқиғасының орын алуына біріншіден – қалада жол қозғалысының дұрыс ұйымдастырылмағандығы, екіншіден - жолдардың тарлығы себеп.

«Айналма жолдардың жоқтығынан көліктер тұрып қалады. Ал баратын жеріне асыққан жүргізушілер ереже бұзуға мәжбүр болады», - дейді Нұрлан.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, жоғары автоматтандырылған жүйені пайдалану арқасында биылғы жылдың 9 айында Астана қаласының жол полицейлері жол ережесін бұзған 1256 жүргізушіні әкімшілік жауапқа тартқан екен.
XS
SM
MD
LG