Accessibility links

Парламентте Оңтүстік Қазақстан облысында балалар арасында вич-инфекциясы індетінің үдеуіне байланысты құрылған комиссияның күші жойылды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Бейсенбі күні депутаттар Оңтүстік Қазақстан облысында балалар арасында вич-инфекциясы індетінің үдеуіне байланысты Парламент Мәжілісінде құрылған комиссияның күшін жойды. Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған кейбір депутаттар бұл мәселеге енді қайтып оралмауын сұрады. Ал Шымкенттен сайланған Амалбек Тшанов өзінің жерлес депутаттарына ренжіп отыр. Өйткені оңтүстіктен сайланған депутаттар келер жылғы бюджеттен Оңтүстік Қазақстан облысына вич-инфекциясымен ауырған балаларға қосымша қаражат бөлуге қарсы болыпты.

Үстіміздегі жылдың қазан айының басында Оңтүстік Қазақстан облысында қан құю салдарынан вич-инфекциясын жұқтырған сәбилер санының күннен-күнге өсіп бара жатқанына байланысты Мәжіліс депутаттары арасынан оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін комиссия құрылған еді. Комиссияның құрамына Серік Әбдрахманов, Тоқтар Әубәкіров, Ерасыл Әбілқасымов және Амалбек Тшанов енген болатын. Арада бір ай өткеннен кейін Мәжіліс депутаттары комиссияны тарату жөнінде шешім шығарды.

Комиссияны таратуға Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаттар себепші болды. Өйткені олар осыған дейін хабарлағанымыздай өзге аймақтардан сайланған депутаттардың оңтүстік өңірге барып тұрғындардың тірліктеріне араласуын қаламады. Олар шымкенттегі жағдайды президенттің өзі қадағалап отыр дегенді желеу еткен болатын. Дәрігерлердің салақтығынан Шымкентте сәбилердің вич-инфекциясын жұқтыруына байланысты Мәжілісте құрылған комиссияның мүшесі болған Ерасыл Әбілқасымов әріптестеріне Шымкентке барып келгендері үшін өздеріне кінә артпауын сұрады.

Ерасыл Әбілқасымовтың айтуынша, қарашаның 8-күні вич-инфекциясын жұқтырған тағы да бір әйел анықталған. Бұл әйел жыл басынан бері үш рет облыстық ауруханаға барып емделіпті. Ерасыл Әбілқасымов енді үлкен адамдар вич-инфекциясын жұқтырып жатыр дейді.

Ал Мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов өзінің жерлес депутаттарына ренішін білдірді:

– Шымкенттегі мәселе президенттің барып кеткенімен біткен жоқ. Бірікке отырысты бюджетті қараған кезде бұл жағдайға бөлінген қаражат 5 млрд. 139 млн. теңге Оны бөліп отырған Парламент емес, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Шөкеев мырза Үкіметке келіп есеп берген кезде бөлінген қаражат.

Комиссияның тарауын қолдаған, Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаттардың бірі Сәуірбай Есжанов «Азаттық» радиосына былай деп пікірін білдіреді:

– Бұл комиссия өздерінің белгілі бір жұмыстарын атқарды. Бұл мәселе біздің президентіміздің бақылауында. Үкімет айналысып жатыр, жергілікті жерде комисия бар. Сондықтанда комиссия өздерінің функциясын орындағаннан кейін тарату керек деп ойлаймын.

Ал Мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов болса, комиссияның тарауын былай қойғанда, шымкенттік депутаттар вич-инфекциясына шалдыққан сәбилерге қосымша қаражат бөлуге қарсы тұрды дейді:

– Шымкенттегі вич-инфекциясын жұқтырған сәбилерге бюджеттен тағы да 6 млрд. тан астам қаражат бөлінуі керек. Соны Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутаттар қолдамады ғой.

Осы уақытқа дейін 80-ге жуық сәби Оңтүстік Қазақстан облысында қан құю салдарынан вич-инфекциясын жұқтырып отыр. Оның жетеуі қайтыс болса, сегіз ана вич-инфекциясын жұқтырған.
XS
SM
MD
LG