Accessibility links

Шымкенттегі «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» қайырымдылық қоры дауға қалды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалардың ата-аналары бастамасымен құрылған қордың төңірегінде дау туды. Оған аталмыш қор президенті Сағдат Масауровтың қорға түскен қаржыдан өзіне 70 мың теңге айлық тағайындап, қызметі үшін пайдаланған көліктің жол шығынына 50 мың теңге бөлуі себеп болып отыр.

Шымкенттегі «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» атты қайырымдылық қорға соңғы 1,5 ай ішінде 108 млн. теңге қаржы түскені айтылып жатыр. Осы қаржы түскеннен кейін ата-аналар арасында түсінбеушіліктер орын алған. Дауға негізгі себеп - қор президенті, зардап шегуші ата-ана Сағдат Масауровтың қорға түскен қаржыдан өзіне 70 мың теңге айлық тағайындап, қордың жұмысын жүргізу үшін компьютер, факс, ноутбук сынды түрлі техникалық жабдықтар алуға ашқа аударғаны, және қор президенті ретінде оның қызметтік көлігінің жол шығынына ай сайын 50 мың теңге белгілегені себеп болған.

Осыған орай, «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» қайырымдылық қорының президенті Сағдат Масауров бейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, аталмыш қор құрылып, жұмыс істегелі бері өзінің бір тиын ақы алмағанын айтып, бірақ 78 ата-ана бас қосқан жиында осы мәселенің көтерілгенін расстады.

- Енді адам болғаннан кейін менің де өмір сүруім керек қой. Осы қорды құрып аяғынан тұрғызу үшін менің жеке қалтамнан 100 мың теңге шығын шықты. Кеше қарашаның 1-інен бастап қордың есеп-қисабын жүргізетін есепші алдық. Оған дейін барлық жұмыстарын мен өзім істедім. Ата-аналарға мен іссапармен Алматы мен Астанаға барамын поездан түскеннен кейін де менің жолыма, тамағыма, құжаттардың көшірмесін жасап, факс жолдау үшін, телефонмен сөйлесу үшін ақша керек деп түсіндіріп айттым. Осыған ақша бөліңіздер мен оның бәрін қайдан алып төлеймін дегенде келіскен болатын. Осы қорға ақша түсіру үшін Алматы қаласында үш рет баспасөз жиынын өткізіп қайттым. Бұл жерде оқиғаға май құйып, мәселені ушықтырып отырған Шымкенттегі қоғамдық ұйым өкілдері. Солардың бірі Халықаралық адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның Шымкенттегі бөлімшесі мен «Надежная опора» атты ұйым. Ауылдан келген 4-5 ата-ананы жиып алып: «Сендерге факс, компьютер дегеннің керегі жоқ, ақшаны бөліп алыңдар деп», қарсы қойып отыр. Факс, компьютер болмаса, есепші болмаса қор қайтып жұмыс істейді? – дейді С.Масауров.

Осы мәселеге орай, Халықаралық адам құқығы жөніндегі Қазақстандық бюроның Шымкенттегі бөлімшесіне қоңырау шалғанымызда, бөлімше жетекшісі Резеда Глущенко Сарыағашта іссапарда болып шықты.

Тағы бір айта кетер жайт, қазақстандық электронды ақпарат құралдарында тараған ақпаратта бір де бір жанұяның жоғарыдағы «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» атты қайырымдылық қордан бір тиын қаржы алмағандығы айтылған. Бірақ С.Масауров бұны жоққа шығарып, кейбір отбасына 500 мыңнан бергенін алға тартты.

- Кейбірінің құжаттары әлі түскен жоқ. Баласы шетінеп кеткен анағада 500 мың теңге бердік. Ол келіп маған миллион бер, дейді. Енді бірі 2 миллион сұрайды. Ондай қаржы бізде жоқ. Біз мемлекеттен ғана көмек алып отырмыз. Қордың жарғысы бойынша ақша аударған мекеме бізден есеп талап етеді. Мысалы, «Сеймар» 9 млн теңге ақша аударды. Әр балаға 125 мыңнан бөліп беріңдер деді. Біз бөліп бердік. Енді сол ақшаның есебін тапсыруымыз керек, - деді С.Масауров.

Шымкенттегі балалардың дертке шалдығуы олардың ата-аналарына үлкен соққы болып тиді.

- Өз басым «Балаларды СПИД-тен қорғайық!» қайырымдылық қорынан бір тиын да қаржы алғаным жоқ. Облыс әкімшілігінің резервтік қордан босатқан 100 мың теңгесі ғана қолыма тиді. Қазір Шымкентте сол ақшаға пәтер жалдап тұрып жатырмын. Өзім Тассай ауылынан келдім. Емі жоқ дерт менің шаңырағымды шайқалтып кетті. Күйеуім баласынан бас тартты. Ауру баламды құшақтаған мені қаңғытып жіберді, - деп шағынады баласы ВИЧ індетіне шалдыққан Гүлім есімді ана.

Ал бұл уақытта Қазақстан парламентінде шымкенттік сәбилердің тағдырына бұғау салған қатерлі індеттің себебін анықтау мақсатында құрылған депутаттық комиссия тарату туралы шешім қабылданды. Бірқатар депутаттардың қарсылығына қарамастан парламенттегі көпшілік ушыққан жағдайды одан әрі езгілеп, қоғамды дүрліктірудің қажеті жоқ деген ұйғарымға келді.
XS
SM
MD
LG