Accessibility links

Түркістан күрескері Баймырза Хайт Германияда жерленді


Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің бірі Баймырза Хайт сейсенбі күні Германияның Кельн қаласында соңғы сапарға шығарылды. Бүкіл ғұмырын коммунистік идеологияға қарсы күреске арнаған Баймырза Хайт Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Германияда қалып қалған. Баймырза Хайт 31 қазанда 89 жасында дүние салды. Баймырза Хайт Түркістан және Түркістан қозғалысы туралы 15 кітап жазған, бұл кітаптардың барлығына Совет Одағында тыйым салынған және бұл кітаптар егеменді Өзбекстанда әлі күнге дейін шығарылатын емес.

Баймырза Хайт Наманган қаласында 1916 жылы дүниеге келген. Совет Одағына фашистік Германия кіргенде Баймырза Қызыл әскерге алынды, соғыста тұтқынға түсті. Тұтқында жүрген жерінен Германия әскерінде жаңадан құрылған Түркістан легионына қосылды. Баймырза соғыс біткеннен кейін Германияда біржолата қалып қалды. Баймырза Хайт Түркістан тарихын зерттеді, бүкіл өмірін осы іске арнады.

Совет пропагандасы Баймырза Хайтты "фашистік Германияға қызмет еткен сатқын, пантюркист" деп көрсетті. Баймырза Хайт Түркістан тарихы жайында, совет өктемдігі жайында шамамен 15 кітап жазған, олардың бірде біреуі не Совет Одағында, не қазіргі Өзбекстанда жарық көрмеді. Оның ең атақты кітәбі "Басмашы" деп аталады. Оның "Басмашы" кітәбіне дейін Батыс елдерінің тарихшылары 1917-1934 жылдары болған басмашылар қозғалысы туралы көп білмеген. Баймырза Хайт "Азаттық" радиосының жанашыры болатын. 2003 жылы радиомыздың Өзбек редакциясына берген сұхбатында Баймырза бала кезінде көрген большевиктердің қылықтарын былай баяндаған:

- Шамамен алты жаста болсам керек. Рузы деген ағам бар еді, маған ат үйреткен кісі. Құрбан Байрам күні большевиктер оның басын кесіп, табаққа салып, орамалға орап, анама беріп жіберді. "Бұл –Құрбан Байрамның сыбағасы" деген. Құрбан Байрам келген сайын анам қатты ауыратын. Ол жасы 18-20 шамаларындағы бала еді. Большевиктер ол басмашыларға қосылды деп, басын кесіп, анама беріп жіберген.

Баймырза Хайттың жаназасы Кельн қаласының ең үлкен мешітінде шығарылды. Мұнда жүздеген өзбек, қазақ, түркімен, түрік, татар және басқа ұлттардың азаматтары жиналды. Бұлар – Еуропада тұрып жатқан түркітілдес халықтардың өкілдері, Батыс Еуропада саяси баспанада тұрып жатқан Орталық Азия қоғамдық қайраткерлері. Шамамен 400 адам жиналды. Баймырзаның үлкен ұлы Ертай әкем Кельн қаласында жерлеуді тапсырған деді:

- Ол өмір бойы туған елі Өзбекстанды сағынып өтті. Оның көз-жасы көл болатын... ол бүкіл өмірін Өзбекстан мен барлық түркі елдеріне арнады. Бірақ оның отбасы Германияда, сондықтан ол үшін отбасымен бірге болу өте маңызды болды. Ол өзін отбасының жанында жерлеуді өсиет қылды.

Баймырза соғыс уақыты кезінде неміс қызына үйленіп, Батыс Германияда қалған. Баймырзаның екі ұл, бір қызы бар. Баймырзаның жерленуіне не Өзбекстаннан, не Орталық Азияның басқа мемлекеттерінен ресми өкілдер келмеді. Швейцарияда саяси баспанада тұрып жатқан өзбек жазушысы, диссидент Сафар Бекжан марқұмның басына бір уыс өзбек топырағын салдым дейді:

- Баймырза Хайтпен қатты ауырғанға дейін он күн бұрын сөйлескен едім. Сонда ол кісі: "Енді болдым, кетеді екенмін, маған бір уыс туған топырақ бұйырмай тұр" деді. Менде Отанымнан алып келген бір уыс топырақ бар еді, соны қабырға қоямын қазір. Ол кісі Отанына қойылмаса да, Отан оған келді.

"Азаттық" радиосының Өзбек редакциясына сұхбат берген өзбек ақыны Дадахон Хасан дүниеден ұлы адам өтті, барша түркітілдес халықтарының зиялы қауымы мұны білсе жөн деді. Дадахон Хасан - Өзбекстандағы танымал ақын, Әндіжан көтерілісі туралы өлең жазып, жақында үш жылға шартты түрде сотталды. Дадахон Хасан Түркістан халықтары шынайы азат болу керек деген ой қалың бұқараға әлі жетпей жатыр дейді.
XS
SM
MD
LG