Accessibility links

Әзірбайжан Ресей ықпалынан шығатын емес


Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Бельгияда Еуропа Одағының басшыларымен келіссөз өткізіп, қайтар жолында кеше Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Ильхам Әлиев Еуропа Одағымен энергетика саласында келісім жасады, НАТО бас пәтерінде келіссөз жүргізді. Әзірбайжан соңғы кезде Ресеймен де, Еуропа Одағымен де тығыз қатынас орнатты. Дегенмен, сарапшылар Әзірбайжан Ресей ықпалынын шыға қоймайды дейді.

Ильхам Әлиев Брюссельде Каспий теңізі аймағының мұнай мен газын Батыс Еуропа базарына жеткізуді, тасымал қауіпсіздігін сөйлесті. Президент Путинмен кездескен Ильхам Әлиев екі елдің саяси, экономика, гуманитарлық салаларындағы әріптестігі өте белсенді, әріптестікті арттыруды көздеп отырмыз деді. Путин Әлиевті "Брюссель қаласынан табысты оралып келе жатырсыз, энергетикалық әріптестік саласында маңызды келісімдерді жасадыңыз" деп құттықтады.

Дегенмен, сарапшылар Путин микрофоннан тыс мұндай жылы сөзді айта қоймас, Путин Әзірбайжанның Батыс елдерімен жақындасуын жақтырмайды дейді. Әзірбайжандағы негізгі оппозициялық партияның басшысы Әли Керімлі Ресейге де жағу саясаты, Батысқа да жағу саясаты ұзаққа бара қоймас дейді:

- Ильхам Әлиевке бір жағынан авторитарлық Ресейдің серігі, қолдаушысы болу, сонымен қатар НАТО мен Еуропа Одағының интеграциялық бағдарламаларына қатысу, екі кеңістікте бір уақытта жүру жыл сайын қиындап барады.

Сарапшылар Ресей Әзірбайжаннан енді бірдеме дәметуі мүмкін, Батыс елдерімен жақындаса түскені үшін Әізірбайжаннан басқа нәрсе сұрауы мүмкін дейді. Ресейдің "Коммерсант" газеті Ресей Әзірбайжанға сөз салып, Грузияға қарсы жасалған энергетикалық блокадаға қатысуын сұрауы мүмкін дейді. "Коммерсант" газеті Ресей Әзірбайжан экономикасына инвестиция ұсынуы мүмкін, Арменияның мазасы келсе де Әзірбайжанға қару-жарақты арзандатып беруі мүмкін дейді.

Баку қаласында тұратын тәуелсіз сарапшы Шайын Аббасов Таулы Қарабақ дауын шешу кілті Батыстың қолында емес, Мәскеудің қолында дейді. Шайын Аббасов Әзірбайжан демократияны тежеуде үлгіні Ресейден алады, екі ел басшыларын осы жайт та жақындастырып отыр дейді:

- Әзірбайжан Ресей жолымен, Путин үлгісіндегі демократия жолымен анық келе жатыр. Қазірдің өзінде келе жатыр. Бұл Әзірбайжан қай жолмен барады деген сауал емес. Әлиевтің әкімшілігі таңдауын жасады, біз сол жолға түстік. Бұл - баспасөзге қысым жасау, биліктің ең қатаң авторитарлық түрі және тағысын тағылар. Бұл негізінен Ресейдегі жағдайға өте ұсқас.

Осылайша сарапшы Шайын Аббасов Ресей Әзірбайжанды өз ықпалынан шығара қоймас дейді.
XS
SM
MD
LG