Accessibility links

Қырғызстандағы өзгерістің нәтижесі қандай болмақ?

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан оппозиция өкілдері Қырғызстандағы Ата заңға енгізілген өзгерістерді қызу қолдайтындықтарын білдіріп отыр. Ал осыған орай бейсенбі күні пікір білдірген мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева «Қазақстан үшін біраз құзырлықты парламентке беру арқылы, президенттік басқару тиімді болар еді» деген ой айтты. Бірақ, Қазақстандық кейбір сарапшылар «Қырғызстан Ата заңына енгізілген өзгерістер ондағы текетірес пен шиелініс аяқталды дегенді білдірмейді, қайта оның келесі кезеңі басталатындығын аңғартады. Түптеп келгенде ол өзгерістерден Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев ұтады» деген ой айтып отыр.

Қырғызстандағы оппозиция мен биліктің соңғы текетіресі ел Конституциясына өзгеріс енгізуге әкелгенін (оған Қырғызстан президенті Құманбек Бакиевтің өзі қол қойды) оппозицияның жеңісімен аяқталды деуге бола ма? Жалпы, осы текетірестің сабағы неде? Оған Қазақстан оппозиция өкілдері қалай қарайды? Осындай сауалдармен Қазақстандық сарапшылар мен оппозиция өкілдерін сұхбатқа тартқан едік.

Әлі ресми тіркелмеген Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының көсемі Жармахан Тұяқбай:

- Қырғызстандағы текетірес ондағы халықтың демократиялық тәжірибесінің мол екенін көрсетті. Оның үстіне, әртүрлі көзқарастары барлығына қарамай ондағы шиеленісті бейбіт жолмен шешу халықтың қолынан келетініне көзіміз жетіп отыр. Екіншіден - Конституцияға өзгеріс енгізілуі, президенттің қандай жолмен болса да биліктен айрылмаймын деп сіреспей, қайтсем де қан төгіске бармаймын деп, халқымен, елімен халық өкілі – депутаттармен келісе отырып, өз өкілеттігінің біразын қысқартып, оны парламентке беруінің өзі оның елін, халқын ойлаған саясаткер екенін көрсетеді деп ойлаймын.

«Азатық»: - Сонда сіз, мәселе жалпы осы Ата заңға өзгеріс енгізілумен шешіледі деп ойлайсыз ба? Қазақстан үшін қандай билік болғаны дұрыс деген болар едіңіз?

- Мәселе сол өкілеттікті іске асыру жолындағы халықтың билік пен лауазым иесіне бақылау жасау мәселесі, билікті қажет десе қайта қайтарып алу мәселесі. Ал ол мәселелер біздің елде шешілмегендігінің салдарынан билік халық алдында көп нәрселерге жауап бермей, ойына келгенді істейтін болып кетті. Сондықтан, әрине, біз Қазақстанда парламенттік, яки болмаса парламенттік-президенттік билік орнағанын дұрыс деп есептейміз. Ол үшін тиісті конституциялық жоба да бар. Ең бастысы, бұл жерде саяси шешім керек. Ал оны қабылдайтын кім екенін білесіз – президент. Президент оған мүдделі ма, мүдделі емес пе? Мүдделі болмаса, оның көзін қалай жеткіземіз? Оның көзін жеткізе алмасақ, онда қай жолмен оны мәжбүр ете аламыз?! Міне, біздің елде бүгінгі қалыптасқан жағдай біздің алдымызға осы мәселені шешуді талап қылып қойып отыр, - дейді Тұяқбай мырза.

Ал президенттің үлкен қызы, парламент депутаты Дариға Назарбаева болса «Қазақстан үшін біраз құзырлықты парламентке беру арқылы болса да, президенттік басқару тиімді болар еді» деген ой айтып отыр. Оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының мүшесі Айдос Сарым Д.Назарбаеваның бұл сөзін былай деп бағалайды:

- Дариға, біріншіден, өзі мен өзінің жанұясының позициясын айтып отыр. Ол оның көптен бері айтып келе жатқан әңгімесі. Ол кісінің осылай деп айтып отырғанының өзі, бұл мәселені талқылауға отбасының да, ол кісінің де дайын емес екендігін көрсетеді.

Әлі тіркелмеген тағы бір саяси ұйым - «Алға» партиясының жетекшісі Асылбек Қожахметов президент қызының айтып отырғандарымен өзінің толық келісетінін білдірді.

- Дариға соңғы уақытта көп дұрыс нәрселер айтып жатыр. Мен былай деп те қалжыңдаған кезім болып еді: ол «Алға» партиясының ойларын айтып жатыр, біздің партияға мүше боп кірмей ме?!» деп. Бірақ, сонда да, «Дариғаның айтқаны - ең дұрыс сөз» деп айтуға болмайды. Қалай болса да ол президенттің қызы ғой. Дегенмен, ол дұрыс бағытты көрсетіп жатыр, сондықтан бірінші қадам ретінде оның сөзіне қосылуға, оған еруге болады. Бірақ, ол қадамдармен біз тоқтамаймыз, ол - келісім қадамдары болуы керек. Басқа жол жоқ, билік соны түсінуі керек. Өйткені, Қазақстан оппозициясының ұсынып жатқан ұсыныстары 15 жыл талқыланған, тәжірибеден өткен ұсыныстар, соны билік түсініп, қолдауы керек, - дейді А.Қожахметов.

«Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосанов «Қырғызстандағы соңғы оқиғалардың берген бір сабағы - қоғамдағы қандай да шиеленісті бейбіт жолмен шешуге болатындығын көрсетті» дейді.

- Екінші сабағы мынада: соңғы жылы Бакиевтың отбасына байланысты, туған туыс, жұрағаттарына байланысты... Қырғызстанның асып-тасып жатқан экономикасы да жоқ. Сол экономикасының ішіндегі сүбелі жерлеріне олардың қол салуы, билік органдарына белсене атсалысуы халықтың наразылығын тудырды. Яғни, Бакиев мырзаның айтқан сөздері мен атқарған істері бір-біріне қарама-қайшы келді. Сондықтан кез-келген демократияның жалауын ту етіп билікке келген топ, я партия, я қозғалыс – ол өзінің уәдесін орындауы керек.

Ал үшінші сабағы ретінде Қосанов мырза «посткеңестік кеңістікте Конституциялар реформасының басталуына жол ашуы» дейді.

- Қырғызстанда дәл қазіргі Конституция бойынша билік жүйесі құрылса, әрине, бір жеке адамның туған-туыстары немесе оның жақындары ешбір салада монополияға ие бола алмайды. Қазір посткеңестік елдердегі негізгі проблема - олардың конституциялары. Өйткені посткеңестік елдердегі осыдан 10-15 жыл бұрын қабылданған конституциялардың бәрінде өткен тоталитарлық жүйенің салқыны болды. Оны сол жүйеге психолгиясы үйренген депутаттар мен билік басындағылар қабылдады. Сондықтан, мен айтар едім, кешегі күннен бастап посткеңестік мемлекеттерде жаңа кезең басталды. Ол – жаңа конституциялар кезеңі. Сондықтан, Қырғызстандағы текетірестің осы үш сабағынан осы аймақтағы Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан (Түркменстанды айтпай-ақ қояйық), мемлекеттерінің басшылары өзінше қортынды жасап, бір түннің ішінде абройсыздыққа ұшырамау үшін, мың түн бұрын соның бәрін ойланып, жаңа қоғамға, жаңа заманға сай негізгі Ата заңдарды қалыптастыруы керек.

Айтса айтқандай Өзбекстан президенті де өздерінің конституциясына өзгерістер енгізетіні туралы мәлімет бейсенбі күні жария болды.

Алайда Қырғызстан Ата заңына енгізілген өзгерістер әзірге бітеу жара сияқты ғана деп есептейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев.

- Ата заңға өзгерістердің енгізілуі ондағы шиеленіс аяқталғандығын аңғартпаса керек. Олай деп айтуымызға бірнеше негіз бар. Біріншіден, Жогорку Кенешке көп дауыс алған партия билікті тағайындай алады деген тұжырым нақты іс жүзіне аса қоюы екі талай. Себебі, Қырғызстанда 30-ға жуық партия бола тұрып, бір де бір партия бүкілхалықтық қолдау таба алмайды. Сондықтан, сайлау кездері қазір Бакиевке қарсы біріккен оппозициялық партиялар арасында жаңадан өзара текетірес басталуы әбден мүмкін. Олардың ешқайсысы да билікті тағайындайтындай дауыс жинай алмайды. Ал бұл жағдай Бакиевтың өзіне тиімді болмақ. Себебі, осы кезде президент, Ата заңға сәйкес, билікті өзі бекіту құқығына ие болады. Сөйтіп, оппозиция Ата заңға өздері енгізген өзгерістерді нақты іс жүзіне асыра алмауы мүмкін. Ал мемлекетте президенттік-парламенттік билік орнығуы үшін нақты бағдарламалары бар, халық қолдауына ие күшті де ірі партиялар болуы керек, ал Қырғызстанда ол жоқ. Сондықтан, ондағы тартыс әлі жалғасын таппақ, - дейді Сәтпаев мырза.
XS
SM
MD
LG