Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда саңырауқұлақтан уланған 20 адам ауруханаға түскен

  • Досан БАЙМОЛДА

Оңтүстік Қазақстан облысының бір топ тұрғыны күзгі жауын-шашынды мерзімде шығатын белгісіз саңырауқұлақ түрін тағам ретінде пайдаланғаннан соң уланып, Шымкент қаласындағы клиникалық ауруханаға жатқызылған.

Осы аурухананың токсикология бөлімінің меңгерушісі Күмісбек Матаев қәзір емдеу мекемесінде саңырауқұлақпен уланған деген дәрігерлік анықтау болжаммен 19 адамның жатқанын, ал бейсенбіден жұмаға қараған түні бір адамның осы аурудан қайтыс болғанын хабарлады.

Оның айтуынша саңырауқұлақпен уланғандардың көбі Шымкент қаласынан 20-30 шақырымдай алыстағы Қайнар, Шұбарсу деген елді мекенде тұратын адамдар.

- Олар осы күзгі мезгілде шығатын саңырауқұлақ түрін теріп, оны тамаққа қосып пайдаланған соң ауыра бастаған. Барлығының теріп жеген саңырауқұлағы біреу, аурудың белгілері де ұқсас, - дейді К.Матаев.

Ал облыстық санитарлық эпидомологиялық департаменттің азық-түлік өнімдеріне бақылау жасау бөлімінің меңгерушісі Марияш Сейталиеваның айтуынша, қазіргі кез саңырауқұлақтың пісіп жетілетін, оны теретін кезі емес.

- Бірақ, солай бола тұра, өткен айдың соңындағы әдеттегіден тыс жылы ауа-райы салдарынан сырт бейнесі ақ саңырауқұлаққа, тіпті қайсыбірі саңырауқұлақтың шампиньон деп аталатын түріне өте ұқсас саңырауқұлақтар жол бойларында көптеп шыға бастаған. Ауыл және қала тұрғындары бұны көріп, өздері білетін жеуге жарамды ақсаңырауқұлақ деп ойлаған болулары керек, оны теріп, тамаққа пайдаланғандықтан осындай ауруға душар болуда, - дейді маман.

Дәрігер-токсиколог К.Матаевтың айтуынша, қәзір ауруханада жатқан адамдардың көбі талай жылдардан бері саңырауқұлақты жақсы ажырата алатын, оны пайдаға асырып келген адамдар көрінеді.

- Екі отбасы мүшелері осы улы, белгісіз саңырауқұлақты жегендіктен бәрі де ауруханаға түсуге мәжбүр болды, - дейді ол.

Қазір облыс аумағында, әсіресе саңырауқұлақтан улану оқиғасы шыққан жерде санитарлық, ағарту жұмыстары басталған.

- Тамақ базарлары мен азық-түлік дүкендерінде белгісіз саңырауқұлақты сатуға тиым салынып, бұған бақылау күшейтілді дейді облыстық санитарлық эпидомологиялық департаменттің азық-түлік өнімдеріне бақылау жасау бөлімінің меңгерушісі Марияш Сейталиева.

Оңтүстік Қазақстан облысында осыдан 20 жыл бұрын дәл осындай саңырауқұлақтан улану оқиғасы орын алып ол жолы 25 адам ауырыпты.
XS
SM
MD
LG