Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.10.2006 жыл


Жұма күні жарық көрген баспасөз беттерінде Қазақстан экономикасында Қытай ықпалының артуы қаншалықты қауіпті деген мәселе көтеріліпті. Бірқатар басылымдар Қазақстан ұлттық қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлмесе, Қытайдың шикізат көзіне айналуы мүмкін екенін жазады. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде Қытай елімен экономикалық байланыстарды арттырудың тиімді екені де сөз болады.

«Айқын» басылымы, Қытайдың Қазақстан экономикасында белсенділік танытуға деген құлшынысын, Парламент депутаттары «қауіпсіздігімізге төнген қатер» деп бағалағанын жазады. Дегенмен басылымға пікірін блідірген, экономист Қанат Берентаев одан қорқудың қажеті жоқ дейді. «Қытайлық экономикалық экспанция қаупі деген тым саясиландырылған мәселе секілді. Сондай-ақ болашақта Қытай мен Үндістан әлемдік державаның үштігіне енуі болжалуда. Сондықтан қалай дегенмен де экономикасының бәсекелестік қабілеті төмен Қазақстан Қытаймен тығыз қарым-қатынасын сақтап қалуға мүдделі болады»,-дейді Қанат Берентаев «Айқынға» берген сұхбатында.

Ал «Жас Қазақ», экономикалық қауіпсіздік күшейтілмесе Қазақстан-Қытайдың шикізат көзіне айналмақ деп жазады. «Мамандардың айтуынша, Қытай Қазақстанның өңдеуші кәсіпорындарына инвестиция салуға құлықсыз. Өйткені біздің елдің арзан шикізаты олардың көптеген әлеуметтік проблемаларын шешіп беріп отыр. Қазақстанның өнеркәсіп орындары мардымсыз бағаға оңды-солды сатыла беретін болса, Қазақстан қытайлықтардың экономикалық, әрі саяси тұтқынына айналмақ», - деп қорытындылайды бұл мақаланы «Жас Қазақ» газеті.

«Central Asia Monitor» басылымы, Қазақстан экономикасындағы Қытай факторы жөнінде елдің сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың пікірін жариялапты. «Нарық экономика заңдарына сәйкес, бұл табиғи құбылыс. Кім тиісті бағасын төлесе, минералды шикізат көзін сол алады. Бірақ, шетелдік компаниялар нарық принциптерін ұстана ма, соны да ескеру қажет»,-дейді министр. Сондай-ақ, Қасымжомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанның энергетика нарығындағы қазіргі Қытайдың үлес салмағы жеткілікті деңгейде, - деп жазады «Central Asia Monitor» газеті.

Ал, «Новое поколение» басылымы Қытайдан неге қорқу керек деген сұрақты алға тартады. Бұл сауалға Қытай елін зерттеу орталығы директорының орынбасары Әділ Каукенов былай жауап беріпті: «Ешқандай Қытай қаупі жоқ. Қытай әдейі өз азаматтарын Орта Азияға жіберуде деген пікірдің де еш негізі жоқ. Егер шынымен Қытай осылай жасаса, онда бізде ірі чайна-таундар болар еді. Бізде ол жоқ. Ал базарлардағы ұсақ саудагерлер, тек күнкөріс қамымен жүргендер. Ал қазақстандықтармен некеге тұрған қытайлықтардың мақсаты полицияның әуресінен аулақ болу», - дейді Әділ Каукенов «Новое поколение» апталығына берген сұхбатында.

«Республика» апталығы, Қазақстан Қытаймен экономикалық әріптес ретінде байланыстарын нығайта отырып, олардың елдегі шикізат көздерін сатып алуына жол бермеуі қажет деген ұстанымда. Жалпы, «соңғы уақытта Қытай, энергетикалық жағынан толық қамтамасыз етілген қоғам құруға ұмтылуда. Сол үшін, өз аумағындағы және шетелдердегі шикізат көздерін игеруге күш жұмсауда. Алайда, Қазақстанға Қытайдың экономикалық экспансиясы емес, ел үшін тиімсіз келісім шарттарға қол қоятын шенеуніктердің жемқорлығы қауіпті»,-деп жазады «Республика» басылымы.

Ал, «Апта» басылымының дерегінше, 2007 жылдың басында Нью-Йорк оңтүстік округының сотында «Казахгейт» ісі бойынша сот процессі жалғаспақ. Бұл іс бойынша, Қазақстан Президенті, «қылмыстық іске қатысы бар деп танылғанымен, әзірге оған айып тағылмаған»,- деп жазады «Апта» газеті.
XS
SM
MD
LG