Accessibility links

АҚШ елшілігі Алматыдан Астанаға қоныс аударды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Жұма күні АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джон Ордвей қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне таяуда салынып біткен АҚШ елшілігін аралатып көрсетті. Елшіліктің ресми ашылуы қарашаның 14-де Қазақстан президентінің қатысуымен өтеді деп жоспарланып отыр. Джон Ордвей сонымен бірге таяуда АҚШ-те өткен парламент сайлауы жөнінде өзінің пікірін білдірді.

Қазақстан президентінің резиденциясы - Ақорданың іргесінде орналасқан Америка Құрама Штаттарының жаңа елшілігінің ресми ашылу салтанаты қараша айының 14-іне белгіленген. Оған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде. Оған дейін АҚШ елшісі Джон Ордвей астаналық журналистерге жаңадан салынған ғимаратты және өзі отыратын бөлмені аралатып көрсетті. Аумағы 8 гектар жерді алып жатқан АҚШ елшілігінің құрылысы әлемдегі ең көркем ғимараттың бірі болып саналады екен. Мұнда батыс және шығыс колориті ортақ. Құрылыс батыстық үлгіде салынғанымен, оның безендірілулері қазақтың ұлттың ою-өрнектерімен айшықталған. Джон Ордвей мұны АҚШ-тың осы елге деген сый-құрметін көрсетеді дейді. АҚШ елшілігінің құрылысы 2004 жылы басталған болатын. Сол кезде Астана қаласының әкімі болған Темірхан Досмұхаммедов Ақорданың іргесіндегі жерді ұсыныпты. Елші Ақордаға, сыртқы істер министрлігіне 5 минутта-ақ жетуге болады дейді.

Бұдан былай Америка Құрама Штаттарына бару үшін Қазақстан азаматтарына виза алу Алматыдан гөрі Астанада әлде қайда жеңіл және тез болмақ. Өйткені, таяуда салынып біткен АҚШ елшілігінің жаңа ғимаратында виза әзірлеуге барлық жағдайлар жасалған әрі ең соңғы заманауи технологиялар қойылған. Осылай деп бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне АҚШ консулдығының өкілдері мәлімдеді. Жалпы, жыл сайын кемінде 11 мыңға жуық Қазақстан азаматтары АҚШ-қа баруға өтініш білдіреді екен. Ал Алматыда күніне 70-ке жуық азамат виза алуға кезекке тұратын көрінеді.

- Соңғы кездері жастардың АҚШ-қа барып жұмыс істеуге және оқуға белсенділіктері артып бара жатыр. Бұл біз үшін өте қуанышты. Өйткені, жастардың дамыған мемлекеттерде білім алып, дамуы бізге де маңызды, - деді АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джон Ордвей.

Елші мырза таяуда Америка елінде болған парламенттік сайлауға да өзінің пікірін білдірді. Оның айтуынша, Америкада сыртқы саясатта басты рөл ойнайтын президент және мемлекеттік хатшы болып табылады. Ал АҚШ президенті өзінің орынтағында әлі екі жыл отырады.

- Сондықтан да АҚШ-тың сыртқы саясаты өзгере қояды деп ойламаймын. Ал Республикандықтар мен демократтардың Орталық Азия елдеріне деген сасаятында көп айырмашылық жоқ, – деді АҚШ елшісі.

Сонымен бірге Джон Ордвей мырза Қазақстанда президенттік партиялардың бірігіп жатқанына да өзінің пікірін білдірді.

- Біз Қазақстан халқы мен басшылықтың Қазақстан гүлденген демократиялық ел болады деген пікірлерімен және мақсаттарымен бөлісеміз. Сондықтан да кез келген дамыған мемлекетте саяси бәсеке болуы қажет, – деді АҚШ елшісі Джон Ордвей.
XS
SM
MD
LG