Accessibility links

Атыраудағы түрік құрылыс компаниясында заңсыз жұмыс істеп келген шетелдіктер жауапқа тартылды


Осы аптада Атырау облыстық прокуратурасы «ГАТЕ Иншаат» түрік компаниясында 199 түрік азаматының заңсыз жұмыс істеп жүргенін анықтап, олардың үстінен әкімшілік заң бұзушылық ісін қозғады. Бұл жайында облыс прокурорының орынбасары «Азаттық» радиосына берген сұхбатында хабарлады. Оның айтуынша, заңсыз мигранттар Қарабатан елді-мекеніндегі газ өңдеу зауытының құрылысында 1 айдан аса уақыт жұмыс істеп келген.

Атырау облысы прокурорының орынбасары Аспенді Жарылғасов облыс аумағында заңсыз мигранттардың жүруі жиі кездесетін оқиға болғанымен, «ГАТЕ Иншааттағыдай» заңсыз мигранттардың табылуы сирек болатындығын айтты. Ол тексерудің компанияға алғаш рет жүргізіліп отырғанын айтып, бұл әрекеттің Теңіз кен орнында болған оқиғаға ешбір қатысы жоқ дейді заң өкілі:

- Жылдың басында жұмыстарымызды жоспарлаймыз ғой. Бұл - жоспарлы жұмыс. Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы келісім шарт бойынша олар визамен қыдырып келуге болады. Ал бұлар болса, қыдырып келдік деген сылтаумен жұмыс істеген. Оларға әкімшілік құқық бұзды деген қаулы шығарылып, істері сотқа жолданды. Бүгінгі күнде бір тәулік әкімшілік қамауға алу, республика аумағынан шығару жөнінде 10 материал қаралды.

Сонымен бірге Аспенді Жарылғасов 199 түрік азаматының тек 34-і ғана әртүрлі деңгейдегі инженерлер, ал қалғандары қара жұмысшылар екені анықталғанын айтады.

- Заң бұзған түрік азаматы ішінде тек қана 12 пайызы мамандар. Ал мысалы, сылақшы, арматуршы дегендерді неге өзіміздің азаматтардан тартуға болмайды? Қара жұмысқа шетел азматтарын тартуға қандай қажеттілік бар? - дейді Аспенді Жарылғасов.

Осы мәселемен аталған түрік компаниясына хабарласқанымызбен, ол жақтағылар «Азаттық» радиосына қандай да бір мәлімет беруден бас тартты.

Ішкі Істер Министрлігі Көші-қон полициясының мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда 300 мыңдай заңсыз мигрант бар. Олардың 100 мыңнан астамы биылғы 1-ші тамыздан жыл аяғына дейін жүретін акцияға сай заңды деген мәртебе алған. Жалпы, Қазақстанға жұмыс іздеп келген шетел азаматтарының көбісін, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары құрайды, Ал Қазақстандағы түрік азаматтары негізінен құрылыс саласында жұмыс істейді. Дерек көздері олардың арасында заңсыз келетіндер санының азаймай отырғанын айтады. Мысалы, өткен жылы «Сенімді құрылыс» компаниясында 230 түрік азаматының заңсыз жүргендігі анықталып, еліне қайтарылса, биылғы тексерулер «Сенімді құрылыс» пен «ГАТЕ Иншаат» түрік компанияларында 240-тай жұмысшының Қазақстан заңнамасын бұзғандығы анықтап берді деп хабарланып отыр.
XS
SM
MD
LG