Accessibility links

Президент Н.Назарбаев Қазақстан өзге елдердің ақыл-кеңесіне мұқтаж еместігін мәлімдеді


Қазақстан бұдан былайғы саясатын Батыстың ақыл-кеңесімен емес, халықтың мүддесіне қарай бағдарлап жүргізетін болады. Мұндай пікірді қарашаның 10-күні Астанада өткен «Азаматтық» партияның соңғы съезінде сөйлеген сөзінде президент Н.Назарбаев айтты. Алайда, сарапшылар президенттің осы мазмұндағы сөзі осыған дейін бірнеше рет айтылғанын алға тартып, бұл пікір үлкен саясатқа түрткі болуы үшін президентке іспен көрсету керек, деп отыр.

Жұма күні «Азаматтық» партияның соңғы съезіне қатысқан президент Нұрсұлтан Назарбаев:

- Қазір Қазақстанға қалай өмір сүру керек жайында Батыста да, басқа жақта да ақыл айтушылар жетеді. Біз не істеу керек екенін өзіміз де білеміз. Менің есіме ылғи саясаткер Ли Хуан Юдың: «Егер басқа адамдардың әр сыны мен ұсынысын басшылыққа ала берер болсаң, онда ештеңеге қол жеткізе алмайсың» деген сөзі түседі. Біз үшін Қазақстан халқының мүддесі - бірінші орында. Саясатпен айналысып ел өмірінде жетістікке жетер болсақ мұны біздің халқымыз бағалайды, - деді.

Қазақстан президентінің саяси оппоненттері Назарбаевтың осы мазмұндағы мәлімдемені бұған дейін де жасағанына назар аударады.

- Енді кезекті мәрте тағы сол сөздерді қайталап отыр. Ол кісінің сөзі бір бөлекте, ісі бір бөлек. Қазір халық не болатынын біліп отырған жоқ. Дәл бүгінгі таңда Қазақстанда қандай мемлекет құрылып жатқандығы туралы президент ашып айтпайды. Конституцияда әлеуметтік мемлекет болады деп жазылған. Ал шын мәнінде, сыбайласқан жемқорлыққа батқан мемлекет болып отыр. Сол себептен президент пікірінен кейін үлкен саясат болады деп мен айта алмаймын. Жалпы бұл саясаттың астары көп. Қазақстан 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа бара алмайтын болғасын айтылған пікір болуы мүмкін. Өз саясатыммен өзім болам дегені - өзін сақтау үшін айтылған сөз, - дейді Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин.

Әлі ресми тіркелмеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың пікірі мынадай:

- Қазақстанның өркендеп, гүлденуі үшін ең бастысы халқымызға қызмет істеймін деген ер азаматтардың өз жағдайымызға байланысты өз күшімізбен, өз әрекетімізбен жүреміз дегеніне ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Бірақ, қазіргі Қазақстан халқының өсіп-өнуі мен мемлекеттің дамуы үшін қандай қадамдар жасалып, қандай нормативтік актілер басшылыққа алынуы керек дегенде оппозиция мен биліктің арасында қарама-қайшылық бар. Биліктің айтуы - осы бүгінгі билік жүйесі халықтың мұң-мұқтажына сай келетін билік жүйесі дейді. Ал біз халыққа қарсы жасалып отырған билік жүйесі дейміз. Біздің қайшылығымыз осында.

Саясаткер Сейдахмет Құттықадам «Президенттің бұл сөзі өтпелі кезеңнің ұраны іспетті. Қазіргі жағдайдың өзінде жемқорлықпен, парақорлықпен күресіміз деп қанша айтылса да орындалмай келеді. Әлемдік ақпарат құралдарында Қазақстан жайлы сөз қозғала қалса тек қана парақорлыққа, жемқорлыққа байланысты айтылады. Бір ретте Қазақстанның аты жақсы жағынан аталмайды. Бұл нені көрсетеді? Сондықтан президентке тек сөз бен уәде беруді қойып, енді іске көшу керек», деген пікірін білдірді.
XS
SM
MD
LG