Accessibility links

Қарашаның 13-і Халықаралық зағиптар күні

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Ресми мәлімет бойынша қазіргі таңда Қазақстанда 20 мыңнан астам зағип жан бар болса, солардың 2 мыңға жуығы ғана еңбекке қабілетті екен. Мүмкіндігі шектеулі жандар Қазақстанда мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау туралы заң бар болғанымен өз азаматтық құқықтарының қорғалмай отырғанын айтады.

Бірінші топтағы мүгедек Бақыт Иманғалиұлы өмірінде 45-ші жыл жарық дүниені көре алмай өмір кешуде. Жеті жасында көзіне шеге тиіп қос жанарынан айырылған ол осы жасқа жеткенше тағдырыма налып ренжіген емес.

«9 жасымда Алматы зағиптар мектебіне барып сауат аштым. Мектепті бітіргеннен кейін N3 қоғамдық-өндіріске келіп еңбек еттім. Өзім сияқты зағип жанмен бас қосып, отбасылы болдым. Басыңа салған соң бәріне де көнесің. Көріп жүріп, көрмей қалу деген қиынның қиыны. Қазір жасым 52-де. Бәріне шүкіршілік. Дені сау балаларым бар. Бірақ, қолымнан келгенше еңбекке араласып, білім алған Кеңес заманын аңсаймын. Ол уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлық мықты еді. Көшелерде көліктерлдің көптігі, жол қатынасын реттейтін арнайы дыбыстық бағдаршамдардың жоқтығы біздің жүріп-тұруымызға қиындық келтіреді», - дейді Бақыт Иманғалиұлы.

Ресми мәлімет бойынша, жоғарыдағы кейіпкеріміз сынды Қазақстанда 420 мың мүмкіндігі шектеулі мүгедек жан болса олардың 46500-і 16 жасқа толмаған балалар. Ал республика бойынша зағип жандардың саны 20 мыңнан асады. Олардың 2 мыңы ғана еңбекке қабілетті.

Алматы қаласындағы зағиптар қоғамына қарасты нөмірі бірінші көрпе-жастық тігетін кәсіпорынның директоры Алтынай Ибрагимованың айтуынша, қалған 18 мың зағип жан мемлекеттен берілетін аз ғана 7-8 мың теңге мүгедектік жәрдемақыға қарап отыр. Ол 2005 жылы қабылданған Мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау туралы заңның кейбір баптары жүзеге аспай, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары қорғалмай отырғандығын алға тартады.

Алтынай Ибрагимова: «Біріншіден, біз еңбекке қабілетті мүгедектерді түгел жұмыспен қамти алмаймыз. Ал заңда кез-келген кәсіпорын жұмысшыларының 3 пайызын мүгедек жұмысшылар құрау керек деп жазылған. Бұл 100 адам еңбек ететін кәсіпорында 3 орын мүгедектерге берілу керек деген сөз. Екіншіден, мемлекеттік сатып алу туралы заңда тендерге қатысатын тапсырыстардың 30 пайызын жеңіп алуға құқылымыз. Бұл да дұрыс орындалмайды. Жүзеге аспайды», дейді.

«Мүгедек жандар құқықтарының қорғалмауына кейде азаматтардың өздері де кінәлі болып жатады. Өйткені, олардың кейбірі заң әліпбиінен хабарсыз келеді», дейді «Жан» атты қоғамдық ұйым жетекшісі Айбек Дауымов. Сондықтан ол Еуропалық комиссияның қаржылай қолдауымен «Мүгедек, қоғам және құқық», басылымы мен «Бәрі де мүгедектер құқығы үшін» атты электронды кітап шығардық, дейді. Оның айтуынша, электронды кітаптің зағиптарға арналған аудиотаспасы қоса шығарылған екен. Мұндай шара Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр.

«Жуырда Америкада болып онда зағип жандар қалай оқып, білім алатынын көріп қайттым. Оларда бәрі компьютерленген. Бізде зағип жандар үшін алғашқы қадамды жасап жатырмыз. Мүгедектер өздерінің құқықтарын түсініп білсе, негізгі бір сұрақ шешілді деп ойлаймыз», дейді Айбек Дауымов.

Дүние жүзінде қазір 124 миллион зағип бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуі бойынша, 2020 жылға қарай зағип жандар саны екі есеге дейін артуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG