Accessibility links

Астанада АҚШ елшілігі ресми түрде ашылды


Сейсенбі күні Астанада АҚШ елшілігінің ресми ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, АҚШ Мемлекеттік департаменті Шетелдегі ғимараттарды басқару бюросының директоры генерал Чарльз Э. Уиллямс және Қазақстанның саяси күштерінің лидерлері, қоғамдық ұйымның өкілдері қатысты.

Қарашаның 14-күні Қазақстан ішіндегі Америка территориясында бір шаңырақ астында қазақстандық билік пен оппозиция лидерлері бас қосты. Былтырғы президент сайлауында бас үміткерлер болған президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Жармахан Тұяқбай жаңа ғимараттың ашылуына құтты болсын айта келіпті. Онда сонымен бірге, әріптестерінің айтуы бойынша, биліктің қаһарына ұшырап жүрген Болат Әбілов те осында болды.

Барлығы да Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары алғашқылардың бірі болып тәуелсіздікті таныған және бірінші болып Алматыда елшілік үйін ашқан, енді Астанада жаңа елшілік салған Америка Құрама Штаттарының қуаныш тойына келді.

Ал жаңа елшілікті АҚШ-тың Төтенше және Өкілетті Елшісі Джон Ордвей Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілінде ашты:

– Біздің жаңа елшілік екі ел арасындағы достық пен ортақ жетістіктердің айғағы. Елшілікті салған кезде ыстық ықыласпен көмек көрсеткен Қазақстан Үкіметіне көп рахмет. Астанадағы жаңа үйімізге қош келдіңіздер!

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болса, өзінің сөзінде АҚШ-тың әрқашанда Қазақстанмен тату ел екендігін жеткізіп, барлық саланы инвестициялауға АҚШ кәсіпкерлері үшін Қазақстанның есігі ашық екенін айтты:

– Бір айдан кейін Астана қаласының елдің ордасы деп жариялағанына мінеки тоғыз жыл болады. Соның қарсаңында біздің елордамыздың дәл ортасында АҚШ-тың тамаша ғимараты ашылып отыр. Біріншіден, бұны еліміздегі шетел елшіліктерінің барлығының жаппай көшіп келуінің басшысы деп санаймыз. Екіншіден, АҚШ пен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынас алдыға қарай бағытталған екі елдің арасындағы достық, ынтымақтастық бұдан әрі қарай ұлғая береді деп сенемін.

Астанадағы Қазақстан президентінің резиденциясы - Ақорда мен АҚШ елшілігінің көрші орналасқаны екі жақты қауіпсіздікті қамтамасыз етеді дейді Социал-демократиялық партияның жетекшісі Жармахан Тұяқбай:

- Символикалық жағынан алып қарасақ, әрине, қуатты мемлекеттің елшісі президенттің Ақордасының жанында тұрса, бүгінгі күні дүние жүзінде ешқандай да, бірде-бір мемлекет жоқ - Американың шетелдегі меншігіне қастандық жасайтын, террористер болмаса. Сол жағынан қорғауға да керек шығар.

Жаңа елшіліктің ашылу рәсіміне АҚШ мемлекеттік департаменті атынан келген генерал Чарльз Уиллямс ғимаратты салуға 60 миллион доллар қаражат бөлінгендігін айтты. 9 гектарға жуық жерді алып жатқан АҚШ елшілігінде 60-қа жуық АҚШ Үкіметінің қызметкері және 250-ден астам жергілікті еңбеккер жұмыс істейді екен. Генерал Чарльз Уиллямс ғимарат жан-жақты қауіпсіздікпен қамтамасыз етілгендігін айтады.
XS
SM
MD
LG