Accessibility links

Қазақстан Оңтүстік Осетияны дербес мемлекет деп танымайды

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазақстан Оңтүстік Осетияда елдің тәуелсіздігі жайында өткен референдумды қолдамайды, ресми Астана Грузияның тұтастығын таниды. Бұл туралы 14-қараша күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Ержан Ашықбаев айтты. Ал Қазақстандағы кейбір мемлекеттік емес ұйымдар болса, осетиндердің грузиндерден тәуелсіздік алып, бөлінуі дұрыс болды деген пікір білдіріп отыр.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Ержан Ашықбаевтың пікірінше, Оңтүстік Осетияны дербес мемлекет деп тану - Грузияның ішкі ісіне араласу болып табылады. Сондықтан, Қазақстан басқа да мемлекеттер тәрізді Тбилисидің өзімен ғана байланыс орнатады деді ол.

- Қазіргі халықаралық қатынастарда халықтардың өз мемлекетін құру құқығы мен қалыптасқан мемлекеттердің территориялық тұтастығы принциптері бір-бірімен қарама-қайшылыққа келіп отыр. Сондықтан, осы екі қағидаттың қайшылығына қатысты біздің ұстанымыз - бұл территориялық тұтастықтың мызғымастығы. Ал Осетияға қатысты айтатын болсам, бұл Грузияның ішкі ісі, - дейді Ержан Ашықбаев.

Дегенмен, Қазақстандық бірқатар сарапшылар Кавказ аймағында өткен осынау бір саяси оқиғаға алаңдаушылық білдіріп отыр. Мысалы, саясаттанушы Әзімбай Ғали Оңтүстік Осетиядағы референдумның Ресейдің қолымен әдейі ұйымдастырылған деп санайды. Бұны ол Мәскеудің Грузияға НАТО-ға кірме деген ескертуі дейді ол. Сонымен қатар саясаттанушы, қазіргі уақытта посткеңестік елдер үшін геосаяси ойындардың күшейгенін айтып, осы тартыстың грузиндер үшін жақсы аяқталмауы мүмкін деген болжам жасайды.

- Өкінішке орай, геосаясатта сауда бар. Көпшілік жағдайда АҚШ-тың өзі де, Еуроодақ та басқа жақтағы мүдделерін саудалап жүріп, Кавказдағы өз позициясын беріп қоюы мүмкін. Абхазия, Оңтүстік Осетия мәселесіне олар Грузия мен Ресейдің қарым-қатынасы ретінде қарауы мүмкін. Дүниежүзілік саясатта осылайша, Грузияның ірі державалардың құрбанына айналуы ғажап емес, - дейді Әзімбай Ғали.

Ал Қазақстандағы Казак, орыс, славян ұйымы үйлестіру кеңесінің төрағасы Юрий Захаров болса, референдумның болуына сыртқы күштер әсер етті дегенге қосылмайды. Оның айтуынша, 12 қараша күнгі референдумда осетин халқы өз таңдауын жасап, Грузиядан бөлектенгісі келген.

- Осы күнге дейін грузиндер мен осетиндердің арасындағы қақтығыстар көп адамның қанын төкті. Екі халықтың бір ел ішінде тату тұра алмайтынына қазір барлығы куә болды. Сондықтан да, референдумда осетиндер бір жағынан, өздерінің саяси еріктерін білдірген болса, екінші жағынан грузин басшыларының ойластырылмаған саясатына наразылықтарын көрсетті деп есептеймін, - дейді Юрий Захаров.

Алматыдағы Еуразиялық саяси зерттеулер орталығының директоры Рүстем Лебековтың пікірінше, Ресей бұрынғы Кеңестік одақ құрамында болған елдерге қатысты қатал саясат ұстанып, оларға қысым жасау мақсатында әртүрлі амалдар қолданып келеді.

- Ресей айналасында болып жатқан жанжалды жағдайларды тиімді пайдаланып отыр. Бірақ, ол көршілерін өз дегеніне көндіру үшін сепаратизмді ғана құрал қылып отыр деуге келмейді. Шешенстан мәселесі шешілмей тұрғанда, Ресейдің мұндай әрекетке бара беруі екіталай. Бұл жақта экономикалық та, саяси да мүдделер жатуы мүмкін. Жалпы, біз соңғы кездері Ресейде империялық пиғылдың күшейіп келе жатқанына көңіл аударуымыз керек. Әрине, бұл нәрсе өз кезегінде Ресей мен Батыс елдері арасындағы жанжалды өршітіп отыр, - дейді саясаттанушы.

Өткен жексенбіде болған референдумда Грузия құрамына кіретін Оңтүстік Осетия халқының 99 пайызы елінің тәуелсіздігін қолдап дауыс берген. Осетияда референдум алғаш 1992 жылы өткен болатын. Сол кезде де халықтың көп бөлігі Грузиядан бөлінуді қолдап шыққанымен, осыған дейін Оңтүстік Осетияны әлемдегі ешбір мемлекет дербес ел ретінде таныған емес. Ал 12 қарашада өткен сайлауды тек Ресей жағы ғана жақтап, Ресейдің Сыртқы істер министрлігі өзге елдерді осетин халқының референдумда жасаған таңдауын мойындауға шақырған. Алайда АҚШ та, Еуроодақ елдері де бұған қарсы болып, Оңтүстік Осетияны Грузияның бір бөлігі деп есептеп отыр.
XS
SM
MD
LG