Accessibility links

Жаңа дизайнды теңге айналымға шықты

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қарашаның 15-і Қазақстанның ұлттық валютасы теңгенің айналымға шыққан күні. 1993 жылы айналымға енгізілген теңгеге биыл 13 жыл толып отыр. Осы даталы күнге орай, Қазақстанның Ұлттық банкі ұлттық валютаның жаңа дизайнмен әрленген 2006 жылғы банкноттарын айналымға шығарды.

Ұлттық банктің қолма-қол ақшамен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Дәуренбек Мәжитов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында: «Талай пікір-таласқа өзек болған жаңа дизайнды теңгені қолданысқа енгізуге дүние жүзінде валютаны қолдан жасау технологиясының жылдамдықпен дамуы себеп болып отыр. Бүгінгі нарықта неше түрлі бояуда, ақша жасайтын қағазда жетіп артылады. Соған тосқауыл қою мақсатында теңгенің дизайны жаңартылды. Ең бастысы оның қорғанысы соңғы технологиялардың үздік жетістіктері арқылы жетілдірілді. Қолданыстағы ақша да, жаңа ақша да 12 ай бойы қатар қолданылады. Ал келесі 12 айда қолыңыздағы ескі банкноттарды екінші деңгейлі банктерде ауыстыра аласыз. Одан кейінгі 10 жыл ішінде оны Ұлттық банктің кез-келген филиалында айырбастып алуыңызға болады. Ауыстыру кезінде азаматтардан ешқандай пайыздар ұсталынбайды», дейді. Оның айтуынша, жалпы барлық мемлекеттерде ақшаның дизайны жаңа талаптарға сай 6-7 жылда ауыстырылып тұратынын ескерсек, ұлттық валютаның қазақшасында кеткен қателер жөнделеді. Жаңа дизайн түгелдей алғанда Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелейді екен.

«Теңгенің жаңа дизайны жайлы сын көп. Әрине, маған миллиондаған қазақстандықтың бірі ретінде қолданыстағы бұрынғы теңгенің дизайны ұнайды. Оың қазіргі жаңа теңгеден басты айырмашылығы – үлкен ұлы тұлғалардың портретіне негізделген. Жаңа дизайнда портреттер түсіп қалды. Бұрынғы теңге өзінің тарихи рөлін орындады. Құнсыздануды жеңді. Сөйтіп ел экономикасының тұрақтануына үлкен әсер етті. Теңгенің алдағы уақыттағы мүмкіншілігі де зор. Мысалы, 1 АҚШ долларының 155 теңге, 160 теңгеге дейін кеткен кездері болған. Қазір 1 АҚШ доллары 123 теңге мен 125 теңгенің арасында келе жатыр. Менің ойымша теңге әрмен қарай нығаяды. Болашақта теңге Орталық Азиядағы ең мықты валюта болатына сенім бар», дейді қолданыстағы тұңғыш ұлттық валютаны жасауда басы-қасында болған қаржыгер, Ұлттық банктің бұрынғы басшыларының бірі Ғалым Байназаров.

Жаңа дизайнды теңге айналымға шыққан күні біздер бірқатар азаматтарға сөз кезін ұсынып пікірлерін білген едік.

«Өз басым әл-Фарабидің суретін алып тастағанды жөн көрмеймін. Қателіктер бар деп жатыр жүре түзелетін шығар», дейді Алматы қаласының тұрғыны Ұлтай Амангелдіқызы.

Қазақшасында кеткен қате мен теңгенің қос тілде жазылғандығына қарсы болып, өз наразылықтарын айтқан Гүлбаһрам Жүніс: «Жаңа теңгенің дизайны көңілімнен шықпайды», дейді. Оның айтуынша, жаңа теңгенің дизайны мектепке жаңа барған баланың жазған жазуы іспетті. Жайылып тұрған алақанның қандай ұғым беретіні тіптен түсініксіз.

Ал зейнеткер Зиядин Салықұлы: «Теңгенің жаңа дизайны жайлы даурығып жүрген азаматтарды түсінбеймін. Ұлы тұлғаларды алып тастағанын құптаймын. Қазақстан үшін маңызы бар жаңа ғимараттардың теңгеде көрініс табуы жақсы», дейді.

Ұлттық банктің қолма-қол ақшамен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Дәуренбек Мәжитов келтірген дерекке сүйенсек, соңғы тоғыз айдың көлемінде 5 мың теңгелік банкноттардың жалған 245 данасы қолға түсіпті.Осы ақшаларды қабылдаған екінші деңгейлі банктердің өзі оның жалғандығын ажырата алмаған. Қазір олар екінші деңгейлі банктер арқылы Ұлттық банкке жетіп сонда сақтаулы тұр екен.
XS
SM
MD
LG