Accessibility links

Еуроодақ: Әзірбайжан, Армения және Грузиямен арадағы Брюссель келісімі


Сейсенбі күні Еуропа Одағы Оңтүстік Кавказдың Армения, Әзірбайжан және Грузия сынды елдерімен арада “Көршілер саясаты” бойынша Еуроодақтың іс-қимыл жоспарына қол қойды. Осы жоспарға сәйкес, Брюссель Оңтүстік Кавказ елдерімен арадағы экономикалық ынтымақтастығын кеңейтіп, демократиялық реформаларды ынталандырады. Сондай-ақ Брюссель бұл құжат аталған аймақтағы уақытша басылған жанжалдарды шешуге септігін тигізеді деп үміттенеді. Сонымен бірге Брюссельде осы аймақтың, әсіресе мұнай шикізатына бай Әзірбайжанның саяси реформаларға қатысты міндеттемелері көтерілді.

Әріптестік туралы бұл келісім, әзірше, “мүше болу” дегенді білдірмейді. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Еуропа Одағының сыртқы қатынастар бойынша арнаулы өкілі Бенита Ферреро-Вальднер ханым: “Көршілер саясаты” мүше болуға арналмайды. Мен оны анық айтуға тиіспін. Сонымен бірге бұл – бүгінгі саясат... Бірақ бұл елдер біздің бар тәжірибемізді, білімімізді, ынтымақтасу мүмкіндіктерін алу үшін осы ұмтылысты пайдалануға тиіс”, - деп мәлімдеді.

Брюссельдің көздегені – ақыр-соңында Израиль, Иордания, Молдова, Марокко, сондай-ақ Украина сынды елдердің кіруі мүмкін “дос елдерден қоршау” құру. Ол елдер Еуроодақтың зор ішкі нарығы кеңістігіне кіре алады. Өз кезегінде Брюссель олардың реформаларды жүзеге асыруға деген уәделерін алады да, сәтті реформалар аймақтық қауіпсіздікке кепіл болар еді. Армения, Әзірбайжан және Грузияның Еуроодақпен арадағы келісіміне сәйкес, Брюссель өзінің экономикалық көмегін ұсынады және сот жүйесін, энергетика, білім беру, денсаулық және т.б. салаларын дамытуға көмек береді.

Сондай-ақ, Еуропа Одағы Оңтүстік Кавказдағы сепаратистік дау-жанжалдардың шешімін табуға көмектеспекші. Мысалға Абхазия мен Оңтүстік Осетия Грузиядан бөлінуге тырысып жатса, Әзірбайжан мен Арменияның арасында “Таулы Қарабақ” дауы бар. Сейсенбі күні Армения мен Әзірбайжанның сыртқы істер министрлері өзара Таулы Қарабақ мәселесін талқылады. Әзірбайжанның сыртқы істер министрі Эльмар Маммадьяровтың айтуына қарағанда, Таулы Қарабақ бойынша бейбіт келіссөз дұрыс бағытқа қарай бұрыла бастады.

Соңғы жылдары Кавказдың оңтүстігі Батыс пен Еуропа Одағы үшін зор маңызы бар стратегиялық аймаққа айналды. 2003-інші жылғы “түрлі-түсті төңкерістен” кейін Грузия бетін көбірек Батысқа бұрды. Соның арқасында саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыруында жақсы нәтижеге жетті. Бірақ шешімі табылмаған проблемалар да әлі баршылық. Өткен қыркүйек айында Грузияға НАТО-мен “кең келіссөз жүргізу” туралы ұсыныс жасалды. Сейсенбі күні Страсбургтегі Еуропа парламентінде сөйлеген сөзінде грузин президенті М.Саакашвили Тбилисидің Брюссельмен арадағы жақын қарым-қатынасына жоғары баға берді. Ол Еуропа Одағын Грузияның саяси және стратегиялық проблемаларына жақын араласуға шақырды.

“Кез-келген келіссөзде, мысалға дау-жанжал проблемасы бойынша, барлық жерде Еуроодақ өкілдерінің төбесі көрінуге тиіс. Бұл өте маңызды. Сіздер араласуға тиіссіздер. Грузия - әрине Еуроодақтың араласқанын қалайды. Кез-келген энергия проблемасында Еуроодақтың өкілдері болуға тиіс, дау-жанжал проблемасы болсын – солар болуға тиіс. Өйткені, қуат көзі – еуропалық проблема, жанжал проблемасы – Еуропаның проблемасы, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту – Еуропаның проблемасы”, - деп мәлімдеді грузин лидері.

Армения экономика жағынан біршама алға жылжыса да, саяси реформалар баяу жүріп жатыр. Бұл аймақтағы Әзірбайжанның орны ерекше. Мұнай мен газ қорына бай Әзірбайжанның экономикасы қарқынды даму үстінде – одан да қарқынды дамуы мүмкін. Бірақ, Әзірбайжандағы тамырын тереңге жіберген жемқорлыққа, сайлаудың күдік туғызуына, адам құқының аяққа тапталуына байланысты көп мәселе туады. Мұнай мен газға арқа сүйеген Әзірбайжанда, сыншылардың айтуынша, осындай көріністер жалғаса беруі мүмкін. Шынында да Еуроодақ Ресейге тәуелді болып отыра бермей, мұнай мен газдың балама көздерін іздестіруге әрқашан дайын. Сыншылардың пікірінше, Әзірбайжанның мол мұнай қорына қол жеткізу үшін Еуроодақ өзінің деморатия стандарттарын кейін ысырып қоюға дайын. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Еуроодақтың сыртқы саясаты бойынша жетекшісі Хавьер Солана ондай пікірмен келіспеді.

“Еуроодақтың көпшілігіне энергия Әзірбайжаннан келмейді. Біз үшін Әзірбайжан қуат көзі емес, өзге елдер бар. Біз Әзірбайжан дамыса екен деп тілейміз. Өйткені ол маңызды ел және Арменияның дамығанын қалаймыз. Өйткені, ол да маңызды ел”, - деп мәлімдеді Х.Солана.
XS
SM
MD
LG