Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.15.2006 жыл


Сәрсенбілік баспасөз беттерінде, 15-қараша Ұлттық валюта күніне орай мақалалар жарық көрген. Сондай-ақ, басылымдарда Қазақстанда компьютер жасау жобасы жүзеге асырыла басталғаны туралы сөз болады.

«Литер» газеті, теңгенің тарихына назар аударыпты. Басылымның дерегінше, Ұлттық валютаға «Теңге» атауын берген 90 - жылдардың басында Жоғары Кеңестегі жоспарлы-бюджет комиссиясының төрағасы болған Сауық Такежанов. Ал, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы теңгелері Ұлыбританияда басылған. 1993 жылы 15 қарашада айналымға енгізілгенде 1 теңге - 500 сомға тең болды. Бірақ, жаңа ақшаның енгізілуі, жас тәуелсіз мемлекеттің барлық экономикалық проблемаларын шешіп бере алмады, - деп жазады «Литер». 1993 жылы 1 доллар 4 теңге 70 тиын болса, бірте-бірте теңге құны түсіп, 1 доллар 40 теңгеге дейін жетті. Сондай-ақ, айналымға енгізілген 2, 5, 10, 20 және 50 тиындықтар аз уақыттан кейін, құнын жоғалтып, қолданыстан шығып қалды деп жазады, - «Литер» газеті.

Теңгенің туған күніне орай «Егемен Қазақстан» газеті «Теңгенің құны-Татулықта тұр» - деп жазады. «Теңге айналымға шыққан 13 жыл ішінде ол тек Қазақ елінде ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттері үшін де құнды валюта ретінде орнық¬ты. Теңге бағамы талай рет өзгеріске ұшыраса да өз құнын сонша¬лық¬ты жоғалта қойған жоқ. Еліміздің ал¬тын-алмас қоры жыл өткен сайын молыға бастады. Басында дүние¬жү¬зілік қаржы ұйым¬да¬рынан қарыз алған Қазақстан бір¬тін-біртін ешкімнен қа¬рыз сұрамайтын жағдайға жетті. Тіпті қазір Қазақстан бір¬қа¬тар шет мем¬ле¬кеттерге инвестиция сала бастады», - «Егемен Қазақстан» газеті.

Ал, «Аргументы и Факты Казахстан» басылымы, Қазақстан Ұлттық банкінің мұражайындағы жәдігерлер туралы жазады. Мұражайда 1918 жылы Верныйда айналымға шыққан апиыннан жасалған 100 сомдық сақталған. Сондай-ақ, мұнда Хорезм Республикасында 1920 жылы айналымда болған, жібектен жасалған 1000 және 5000 сомдықтар бар. Газет дерегінше, айналымнан шығарылғаннан кейін, бұл ақшаны тұрғындар мата ретінде пайдаланған. Сондай-ақ, мұражай жәдігерлерінің арасында 1 миллард сомдық банкнот сақталыпты. Бұл ақша Кавказмаңындағы Республикалардың бірінде шығарылған, - деп жазады «Аргументы и Факты Казахстан».

Ал, «Казахстанская правда» басылымы, Теңгенің графикалық белгісі анықталғаннан кейін, ұлттық валюта халықаралық стандартқа теңестірілетінін жазады. Қаржы сарапшыларының пікірінше, теңге белгісінің енгізілуі оның халықаралық аренадағы құнын нығайта түспек. Басылым дерегінше, осы мақсатта Ұлттық банк жариялаған байқау 20 қарашаға дейін жалғасады. 10 желтоқсанда республиканың тәуелсіздік күні қарсаңында, көпшілік теңгенің белгісімен таныс болуымен мүмкін, - деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

«Известия Казахстан» басылымы ақпараттық теңсіздікті төмендету мақсатында түйдектік компьютер жасау жобасын жүзеге асыру басталғанын жазады. Түйдектік өндіру халық үшін, тиімді, арзан бағадағы компьютерлерді құрастыруға негіз болмақ. Қазақстанда компьютер өндірісін жолға қою үшін, газет дерегінше, осы салада әлемдік деңгейде белгілі компанияларды шақыру көзделуде. Сондай-ақ, Алматы облысындағы Алатау технопаркінің аумағында ауыр серверлерді жасау қолға алынуда. Бұл жобаның негізінде болашақта суперкомпьютерлер өндіру жоспарлануда, - деп жазады «Известия Казахстан» газеті.

Ал, «Егемен Қазақстан» басылымы суперкомпьютерлердің еліміз үшін, маңыздылығына назар аударады. Өйткені, газет дерегінше, 2007 жылы Қазақстанда 7 спутник болады. Сол кезде осы спутниктер арқылы келіп түскен ақпараттарды өңдейтін әрі пайдаға жарататын техникалық құралдар өте қажет болады, - деп жазады «Егемен Қазақстан».
XS
SM
MD
LG