Accessibility links

Сауд Арабиясы Ирақпен арадағы шекарасына тосқауыл құрлысын салмақшы

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ирақпен арадағы шекарасына, жоғарғы технологиямен жабдықталған, қауіпсіздік қабырғасы құрылысын келер жылы бастайтындығын Сауд Арабиясы айтып отыр. Экстремистердің елге енуіне жол бермес үшін салынатын бұл құрылыс құны бірнеше миллиард долларға жетпекші. Сондай-ақ ол іс 6 жылға созылуы мүмкін.

Сауд Арабиясы ішкі істер министрінің айтуынша, Ирақпен шектесетін елдің шығысында қауіпсіздік шекарасын орнату жоспары жүзеге аспақшы. Ханзада Найаф бин Абдулазиз сондай-ақ бұл істің кең көлемдегі жоспардың бір бөлігі ғана екендігін еске салып өтті. Яғни елдің төрт тарапындағы шекарасы да мықталмақшы. ББС-дің хабарына қарағанда бұл жоба құны 12 миллион долларды құрайтын көрінеді. Жылылық әсер ететін камералар мен алыстан басқарылатын заманауи технологиялар қолданылмақшы. Лондонда орналасқан Экономикалық зерттеулер бірлестігінің аймақтық сарапшысы Нейл Партриктің айтуынша, қазір Ирақ жерінде шайқасып жүрген Саудиялық және басқа да араб елдерінің азаматтары бұл патшалыққа қауіп төндіруі мүмкін. Ауғанстан сияқты Ирақ жері де жанкештілерді дайындайтын мекенге айналып кетуі кәдік, деп ресми өкілдер мазасыздануда, дейді сарапшылар.

Партрик мырзаның пікірінше, Саудия ресмилері үшін Иран да аймаққа қауіп төндіруші бұлақ боп көрінуде. Сондықтан да олар, патшалықтарындағы шиит азшылықтарына Ирақ арқылы Иран тарапынан келуі мүмкін әсерлерге де аталған қауіпсіздік бөгесіні тосқауыл қоюы мүмкін деп сенеді. Ресми түрде сүннитер патшалығы деп есептелетін Саудиядағы шииттер азшылығы мұнай көзіне бай елдің шығыс аймағында тұрады. “Егер Иран мен Құрама Штаттар арасындағы теке-тірес күшейе түссе, онда Иран тарапы, 1980-ші жылдары Иран мен Ирақ арасындағы соғыс кезіндегідей, Парсы шығанағы әріптестік кеңесіне мүше елдерге, оның ішінде Сауд Арабиясына қысым жасай бастауы мүмкін, деген қауіптену де жоқ емес”, - дейді Партрик мырза.

Сауд Арабиясы - Құрама Штаттардың одақтасы. Сондықтан бұл патшалықтағы кез-келген күрделі оқиғалар Уашингтонның мұнай қызығушылықтарына тікелей әсер ететін болады. Патшалық Ирақтан кейін екінші орында Йеменмен шекарасын мықтағысы келеді. Себебі, әл-Қайда ұйымы бұл елде белсенді болып тұр. Аденде 2000-шы жылы АҚШ теңіз кемелеріне жасалған шабуыл- соның бір дәлелі болатын.

Партрик мырзаның айтуынша, шекара қауіпсіздігін бұлайша нығайтуға ұмтылу әрекеті ел полициясының ішкі жағдайды біраз ретке келтіре алуынан кейін мүмкін болып отыр. Өткен жылдарда ел ішіндегі көбейе түскен қарулы топтарды, оның ішінде біреуі әл-Қайдамен байланыста болатын, полиция ауыздықтай алды.

Абқайқ атты ірі мұнай кенішіне осы жылдың ақпанында, жарылғыш зат тиелген қос көлік шабуыл жасауға әрекет еткен болатын. Оның кесірінен осы зауыттың қос күзетшісі және шабуылшылар қаза тапқан еді. Соның әсерінен әлем бойынша мұнай бағасы 3,5 пайызға көтеріліп кеткен болатын. Осының өзі Сауд Арабиясына жасалуы мүмкін шабуыл әсерінің қаншалықты дәрежеде ықпалды екендігін көрсеткен еді.
XS
SM
MD
LG