Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында улы саңырауқұлақтан қайтыс болғандар саны 5 адамға жетті

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Облыстық төтенше жағдайлар агенттігінің мәліметі бойынша, соңғы күндері улану оқиғалары азайғанына қарамай, Оңтүстік Қазақстандағы саңырауқұлақтан уланған адамдардың саны бейсенбі күні 62 адамға жетіп, оның бесеуі қайтыс болған. Бірақ, жергілікті мамандар тұспалдап қана болмаса, улы саңырауқұлақтың түрін дәл, нақты айта алмай отыр және облыстық санэпидстанциясының ондай тағамдардағы улы заттарды тексеретін мүмкіндігі жоқтығын айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік маманы Талғат Мавлуддинов қарашаның 16-күні «Азаттық» радиосына былай деп хабарлады:

- Осы жылғы қарашаның 6-15 аралығында облыс бойынша саңырауқұлақпен уланған деген диагнозбен барлығы 61 адам тіркелді. Олардың бесеуі қайтыс болды. Төлеби ауданында - 1, Шымкент қаласында – 2, Сайрам ауданында - 2 адам қайтыс болды.

Ал Шымкент қаласының №6 ауруханасының токсикология бөлім жетекшісі Күмісбек Матаевтың айтуынша, қала бойынша саңырауқұлақпен уланғандар саны 34 адам болса, оның екеуі қайтыс болыпты.

- Былтырлары жеке-дара бір-екеуден түскенде де жыл бойы он-он бес улану оқиғасы болушы еді, биыл күзгі ауа-райының кенеттен жылынып, саңырауқұлақтың қайта өсуіне байланысты, адамдар олардың улысын ажырата алмай, уланып қалу оқиғасы күрт өсті. Бірақ қазір азайды, кеше тәулік бойы екеуі түскен еді, бүгінге әзірге ешкім түскен жоқ. Тоқтады деген сөз ғой, сақ болу керектігін жұрттың бәріне айтып жатырмыз, жергілікті телеарналардан халықты құлағдар етіп жатырмыз.

Cаңырауқұлақпен улану өте қауіпті, сондықтан да болар, онымен уланғандардың кейбіреулерін дәрігерлер құтқара алмай жатады. Оның себебін К.Матаев мырза былай деп түсіндіреді:

- Өйткені олар ауруханаға кеш түседі, бір сөтке – екі сөткеден соң дәрігер шақырады. Улануының себебі – олардың көпшілігі тамақ әзірлеу тәртібін дұрыс сақтамаған. Жуа салып қуырған. Ал негізінде мамандар саңырауқұлақты тұзды суда бір сағат қайнатып алып, одан соң қуырады дейді. Мына қайтыс болғандардың кесел белгілері - асқазан кілегейінің зақымдануы, қанауы, бауырдың ісуі, көрсеткіштерінің көтерілуі - бәрі саңырауқұлақпен уланудың белгілерін көрсетіп отыр.

Токсиколог мамандар әлгі улы делініп отырған саңырауқұлақтың өзін көрмепті, тек науқастағы клиникалық белгілер арқылы «ол - саңырауқұлақтан болатын улану» деп отыр. Оңтүстік Қазақстан облыстық санэпидстанцияның тағамдар бөлімінің меңгерушісі Марияш Сейталиева саңырауқұлақтың түрін тұспалдап айтып отыр.

- Мұндай жаппай улану Шымкентте бұдан 20 жыл бұрын орын алыпты. Онда да адам өлімі болған дейді. Екіншіден - биыл осындай болып отырғаны ауа райына байланысты. Қазіргі уақытта Шымкент облысында найзағай жарқылдап, жауын жауып, күн жылы болып тұр, әрине, саңырауқұлақтар аулаға шығып жатыр. Адамдар оны ажырата алмай, жеп, уланып жатыр. Ғылыми әдебиеттегі деректер бойынша да бұл саңырауқұлақтар ақ саңырауқұлақ пен «опята» не «бледная поганка» деген саңырауқұлақтарға өте ұқсас болып тұр. Біз өзіміз кейбір қоралардан жинап келген саңырауқұлақтарды әдебиеттегі көрсетілген суреттермен салыстырып жатырмыз, шамалы «білемін» деген адамдармен сөйлесіп, пікір алмасып жатырмыз. Оған қоса дәрігерлермен сөйлескенімізде, «науқастың клиникалық белгілері де осы поганка деген саңырауқұлаққа сәйкес келеді» деп отыр, дейді Мәрияш Оңғарбайқызы.

- Саңырауқұлақ деген жалпы қазақ дастархан мәзіріндегі сирек тағам ғой, олар саңырауқұлақтың түрлерін ажырата алмауы мүмкін, сондықтан уланғандардың көбі қазақтар шығар?

- Жоқ. Фамилияларына қарасаңыз да - көбі қазақтар емес. Бірақ, кеше ғана бір жанұя қазақтар - 20 адам уланып түсті. Ажырата алмай жатыр. Екіншіден, ажыратқанда да, ауа райының ерекше болып тұруына байланысты, сол үйреншікті ақ саңырауқұлақтардың белгісіз ерекше бір улы қасиетке ие болуы да әбден мүмкін. Өйткені, адамдар саңырауқұлақты өсіп шыққан күні термейді ғой. Ал әдебиеттерде «аздап шірігі бар, қоңырқай тартқан болса - жеуге келмейді» деп жазылған. Бірақ, адамдар оған қарамауы да мүмкін.

- Кейбір мамандар, әлгі сіз атаған поганка деген саңырауқұлақтың түрлері солтүстік, салқын аймақтарда өсетінін айтады. Ал сіз сол үйреншікті ақ саңырауқұлақ биылғы жылы экология ерекшелігіне байланысты улы қасиет танытып жатуы мүмкін дейсіз. Сонда, мамандар бұл мәселені анықтауға құлық танытып отыр ма?

- Енді, жасыратыны жоқ, мен «фитосанитария», өсімдік мамандарының «карантинная инфекция», тіпті ветеринарлық қызметпен де хабарластым. Олардың ешқайсысы маған анықтап ешнәрсе айта алмай отыр. Ал біздің қызметімізде саңырауқұлақтарды теріп келгенде де, ондағы улы заттарды тексеретін мүмкіндік жоқ.
XS
SM
MD
LG