Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.16.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Бейсенбі күні жарық көрген тәуелсіз басылымдарда «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылғанына 5 жыл толуына орай мақалалар жарияланған. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде Қазақстандағы партиялық жүйенің қазіргі жағдайы туралы сөз болады.

«Тасжарған» газетінің дерегінше, 19 қараша күні «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылғанына 5 жыл толады. «Алғашында биліктің шекпенінен шыққан азаматтардың оқыс қадамын түсінбеген жұрт көп болды. Кейіннен «ДВК»-ның басы-қасында жүрген жігіттердің алды абақтыға айдалып, бір тобы бас сауғалап кетуге мәжбүр болып, енді бірі қызметтерінен қуылған кезде, қозғалыстың қандайлық «қауіп» әкелгені түйсікке жетті» деп жазады апталық. Ал басылымға сұхбат берген қозғалыс құрылтайшыларының бірі Ғалымжан Жақияновтың айтуынша, бұл ұйым қозғалыс ретінде өз миссияларының бәрін атқарды. «Дәл сол кезде мемлекетті немесе саяси жүйені өзгерте алған жоқ, бірақ қоғамға жаңа бір леп, болашаққа деген үміттің отын ала келді», - дейді Ғалымжан Жақиянов «Тасжарған» апталығына берген сұхбатында.

Ал «Свобода слова» басылымы аталған қозғалыстың құрылтайшысы болған, бірқатар саясаткерлердің пікірін жариялапты. Қазақстанның Демократиялық таңдауы қозғалысының құрылуын Зауреш Батталова, бұл Қазақстандағы демократиялық процесстердің жаңа толқыны болды деп бағалайды. Ал Төлен Тоқтасыновтың пікірінше, қозғалыс елдің зиялы қауым өкілдерінің басын біріктірді. «Бұл ұйымға билік өкілдерін, министрлер, губернатор, депутаттар мен бизнесмендерді Қазақстан үшін үлкен жауапкершілік топтастырды», - дейді Төлен Тоқтасынов «Свобода Слова» басылымына берген сұхбатында.

«Время» апталығы, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрушылар, Герценнің декабристері секілді қоғамды оятты және сонысымен де тарих үшін құнды деп жазады. Басылым дерегінше, қозғалыс құрылған 2001 жылы, ұйымның бағдарламалық декларациясы қауіпті дүниедей көрінген. Ал қазір қоғам, қозғалыстың бағдарламасында, Қазақстанның стратегиялық бағытына, елдің даму логикасына қайшы келетін, ақылға сыймайтын ештеңе болмағанын жақсы біледі, - деп жазады «Время» басылымы.

Таяу арада Қазақстанның Аграрлық партиясы, «Отан» партиясына қосылмақ. «Тасжарған» басылымының дерегінше, бұл туралы журналистерге сәрсенбі күні, Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін Аграрлық партия төрағасы Ромин Мадинов хабарлаған. Мадиновтың айтуынша, Президентпен жүздесуде елдегі партиялық құрылыстың келешегі талқыланыпты. «Кездесу нәтижесінде Аграрлық партия жетекшілері алдағы болатын съезде «Отанға» қосылу арқылы партияның құрылымын өзгерту жөнінде ұсыныс жасауды ұйғарды», - деп жазады «Тасжарған».

«Түркістан» газетіндегі мақалаға сүйенсек, Қазақстандағы билік партияларының «Отанмен» бірігуіне таңданудың қажеті жоқ. Өйткені, «кезінде бір партиялық жүйеде болған, оның тегеурінін көрген Қазақстан енді де бір партияның монополиясына өтсе, оны коммунистік жүйенің заңды жалғасы дейміз»,- деп жазады басылым. Ал, апталыққа сұхбат берген, Парламент Мәжілісінің депутаты Тоқтар Әубәкіров бұл мәселе туралы былай дейді: «Партиялық монополия орнаған мемлекет ешқашан демократиялық ел бола алмайды. Президент оппозициялық партияларға көмектеспесе, Қазақстан коммунистік режимге қайта оралады. Бір кісіні қолдайтын жүйе қайта орнап, мемлекет ретінде құримыз», - дейді Тоқтар Әубәкіров, «Түркістан» басылымына берген сұхбатында.

«Жас Алаш» басылымы Қазақстандағы партиялық жүйе туралы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтановтың пікірін келтіріпті. Сұлтанов, «Қазіргідей өтпелі қоғамда ірі жалпыұлттық партияның болғаны өте дұрыс», - деп «Отанның» ұлғайып бара жатқанын жақсы құбылысқа балады деп жазады «Жас Алаш» газеті.

Ал «Экспресс К» басылымы Қазақстандағы партиялық жүйеде болып жатқан өзгерістерге өзінше баға береді. «Қазіргі саяси бәсекелестік күн өткен сайын күшейіп барады. Сондықтан, партиялар өздерінің бәсекеге қабылетті екендіктерін дәлелдеуі тиіс»,-деп жазады газет. Ал билік партиясының іріленуі «бұл елді модернизациялау процессін жеделдету үшін, Президент маңындағы саяси күштердің топтасуы», - деп түсіндіреді «Экспресс К» басылымы.
XS
SM
MD
LG