Accessibility links

Степногорск қаласында қамауға алынған күдікті топтың терроризмге қатысы бар ма?


Астанадан 212 шақырым жерде орналасқан Степногорск қаласында халифат құруды меңзеген деп күдіктеліп отырған қарулы 11 адам тұтқындалғаны туралы қарашаның 17 күні Қазақстанның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Степногорск қаласының прокуроры Сергей Кимге сілтеме жасап хабарлады. Алайда, прокурордың өзі бұл ақпараттың бәрі шындыққа сай емес дейді.

Қазақстанның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының қарашаның 17-күні таратқан хабарларында, Степногорск қаласында қамауға алынған күдіктілерден халифат құруға уағыздайтын әдебиет, қару-жарақ тәркіленгені айтылады. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда халифатты уағыздайтын белсенділер 2000 жылдан бері пайда бола бастаған. Республикалық «31 телеарнаның» «Интерфакс» агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, күдіктілер кепілдікке адам алып, мемлекеттік қызметкерлерді өлтіріп, бірнеше жарылыс жасамақшы болған.

Ал мемлекеттік «Қазақстан» телеарнасы ваххабизм табынушыларының қатарынан аумақта лаңкесші топ құрылғаны, олар халифат түрінде исламдық мемлекет құрмақшы болған деп хабарланды.

Алайда, Степногорск қаласының прокуроры Сергей Ким қарашаның 17-күні «Азаттық» тілшісінің осы жайтқа байланысты қойған сұрағына берген жауабында, 11 адам тұтқындалғанын растағанымен, олар инкассаторға шабуыл жамақшы болған деп күдіктелгенін айтты. Ал осы топтың халифатқа немесе лаңкестікке қатысы бар ма деген сұраққа Степногорск қаласының прокуроры Сергей Ким «жоқ» деп жауап берді.

Дінтанушылар болса, барлығына әлеуметтік жағдай себепкер деген ойда. Қазақстанда жүрген басқа да діни ағымдар елдегі идеологияға өз әсерін тигізбей қоймайды, дейді олар. Діни басқарма өкілдерінің айтуынша, қазір Қазақстанда неше түрлі діни ағымдар көбейіп барады. Қазақстаннан көптеген эмиссар шығарылған. Және олар шетелден қаржыланады, дейді Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының басшысы Әбсаттар Қажы Дербісәлі:

- Ол зиянды ағым Қазақстанда. Олар халифат құрамыз дейді. Қазақстан екі ғасыр бойы Ресейдің боданы болды, 70 жыл бойы коммунистік жүйеде. Сонда біздің қазақ халқы өмір бойы соларды мойнына мінгізіп отыруы керек пе? Біз қашан тәуелсіз ел болып, көзіміз ашылып, емін еркін өмір сүруіміз керек?

Астана тұрғыны Меруерт Керімованың айтуынша бұл ағымдармен күресу керек:

- Әрине, өзге діндер көбейіп кетті, ол дұрыс емес. Ұлт араздығын туғызады. Мақсаты - халифат құру болса, онда біздің ежелден келе жатқан дініміз құрып кетеді. Біз оған қарап тұрмауымыз керек.

Жалпы, қазір республикада бір экстремистік және халықаралық лаңкестік деп табылған 11 ұйымның қызметіне тыйым салынған. Олардың барлығы исламдық бағыттағы ұйымдар деп саналады. Қазақстан заңдары бойынша азаматтар діни көзқарасы үшін заңмен қудаланбайды. Кейбір саясаткерлер болса, дінге берілген адамдарды жазалау арқылы Қазақстанда режимді күшейту мақсаты көзделуі ықтимал деп есептейді. Степногорск тұрғыны Әбдімүтәліп Бимұрзаұлының айтуынша, жауларды Ислам дініндегілердің арасынан іздеу Қазақстан үшін кері әсерін тигізуі мүмкін:

- Басқа протестанттық, христиандық немесе кришнаизм, буддизмнің ішінде келген біздің мемлекетімізге теріс пиғылды ағымдар олардың ошақтары, олар ұсталып жатқан жоқ. Тек қана, исламның ішінен ғана біз қазір жау іздеп жатырмыз. Бұның бәрі соңғы уақытта режимді күшейту үшін жасалып жатқан сияқты.

«Экстремизмге қарсы әрекет туралы» заңда айтылғандай, шетелдік немесе халықаралық ұйымдар сот тәртібімен және «прокурордың мәлімдемесі бойынша» «экстремистік деп танылады». Қазақстан заңдарына сәйкес, лаңкестікпен айналысқан адам 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Немесе қазір мораторий жарияланған өлім жазасына кесіледі, яғни өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG