Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.17.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Жұма күні жарық көрген басылымдарда Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің кемшіліктері туралы сөз болады. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде ағылшындық сайқымазақ Саша Коэн түсірген Қазақстан туралы филімнің АҚШ-тағы көрсетілімі табысты өткені жайында мақалалар жарық көрген.

«Комсомольская правда Казахстан» басылымы, қазақстандықтар зейнетақы қорларындағы қаржыларының есебіне мән бермейтінін жазады. Газет дерегінше, 2006 жылдың 1 қазанындағы есепке сәйкес, қазақстандық зейнетақы қорларында 813 миллард теңгеден астам қаражат бар. Республикада 14 жинақтаушы зейнетақы қоры бар, олардың аймақтарда 77 филиалдары бар. Бірақ, осы қорлардың тек бесеуінде ғана активтерді жеке өз алдына басқару хұқығы бар. Сондықтан Қазақстан Президенті зейнетақы қорларындағы қаржыны тұрғын үй және коммерциялық құрылысқа салуды ұсынып отыр деп жазады «Комсомольская правда Казахстан» басылымы.

Ал «Республика» апталығы жинақтаушы зейнетақы қорларында, иесі жоқ шоттардың бар екенін жазады. «Қаржылық бақылау агенттігінің дерегінше, жеке зейнетақы шоттарының саны 8 миллионнан асады. Ал, қорларға қаржы жинайтын салымшылар саны 3 жарым милионның айналасында. Яғни, зейнетақы қорларындағы шоттардың жартысының иесі жоқ. Ал тұрғындардың арасында, 3 милионнан аса салымшының зейнетақы қорларында бірнеше шоттары бар. Осы жағдайда, зейнет жасына жеткен салымшылар, өздерінің қорлардағы қаржылары мен оған тиесілі инвестициялық өсімақыларын қайдан тауып алатыны мүлде түсініксіз. Жалпы бұл мемлекет тарапынан бақылауда болуы тиіс», - деп жазады «Республика» газеті.

«Эпоха» апталығының дерегінше, ағылшындық сайқымазақ Саша Коэннің Қазақстан туралы фиілімі АҚШ-та көрсетіліп, екі аптада 70 миллион доллар пайда түскен. Осылайша, Саша Коэннің әзілі, Қазақстан өкіметі тарапынан жүргізілген жарнамалық жобалардан әлдеқайда ұтымды шықты деп жазады «Эпоха». Бұған жауап ретінде Қазақстан өкіметі кабельды арналар арқылы Қазақстанға қатысты танымдық роликтер беруде. Қыркүйек айының соңындағы Президент Назарбаевтың АҚШ-қа сапары да Қазақстанның мұхиттың ар жағындағы беделін сақтап қалу үшін жасалды деп жазады «Эпоха» басылымы.

Ал «Новое поколение» апталығы Саша Коэннің филіміне қатысты Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовтың мәлімдемесін жариялапты. «Қазақстан Шығыс Еуропаның аумағындай жерді алып жатқан ірі мемлекет болса да, ағылшын тілді әлемде ол туралы аз біледі. Бораттың арқасында ақпарат құралдары Қазақстан елшілігіне қызығушылық танытып, сұхбат беру туралы өтініштер жасады», - дейді елші. Ерлан Ыдырысовтың пікірінше, Саша Коэннің филімі Қазақстанға деген көпшіліктің қызығушылығын арттырғаны сонша, ондай жарнаманы елші тек армандауы мүмкін екен, - деп жазады «Новое поколение» басылымы.

«Караван» газеті, Борат Сағдиевтің Қазақстан жайындағы филімі Австрияда көрсетілгені және 100 миллион доллардан аса пайда түскенін жазыпты. Газет дерегінше, алғашқыда картинаны түсірген «20 ғасыр-Фокс» компаниясы сақтықпен филімді 800 кинозалда көрсетсе, енді прокат көлемі 3 есеге артпақ. Қазақстанның шетелдегі басты жауы – Борат, елшіліктердің Астанаға жіберетін ресми есептерінің бәрін жоққа шығарды. Саша Барон болмаса, Қазақстанның танымалдылығы мен беделі шетелдерде күннен-күнге артып барады деген ертегі әлі де ұзақ уақыт бойы дипломатиялық хаттардың мазмұны болар еді, - деп жазады «Караван» апталығы.

«Деловая неделя» Борат Қазақстан туралы филімінің арқасында 68 миллион доллар пайда тапты деп жазады. Газет дерегінше бұл тіпті, Қазақстан өкіметі «Көшпенділер» филімі мен батыс ақпарат құралдарында пиар мақалалар жариялау үшін жұмсаған қаржыдан да көп. Бірақ, Астана қарапайым сайқымазаққа ешқандай қарсылық көрсете алмағаны былай тұрсын, оның ақша табуына септігін тигізді деп жазады «Деловая неделя» басылымы.
XS
SM
MD
LG