Accessibility links

Аграрлық партия «Отанға» қосылмақшы


Қазақстанның Аграрлық партиясы «Отан» Республикалық партиясына қосылуға дайын. Бұл жайында 15 қараша күні Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған Аграрлық партияның жетекшісі Ромин Мадинов бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеді. Ромин Мадинов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында қай саяси күшке біріксек де, ауыл мәселесін көтеруді жалғастыра береміз деген. Ал сарапшылардың пікірінше, Аграрлық партияны құрамына қосып алғанына қарамастан, «Отан» ауыл шаруашылығы сияқты мәселелерді шешуге бара қоймайды.

Аграрлық партияның жетекшісі Ромин Мадинов Отанмен қатар, бірігу туралы келіссөздер басқа да саяси күштермен жүргізіліп жатқанын да айтқан. Ол өз сөзінде «біздің Отан құрамына кіруіміз ауыл шаруашылығын дамыту сияқты мақсаттарымызды өзгертпейді» деді. Осы сияқты пікірді «АИСТ» блогынан сайланған Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов та қолдап, бүгінгі таңда партиялардың бірігіп жұмыс істеуі тиімді болып отырғанын айтады. Оның пікірінше, Аграрлық партияның «Отанға» қосылуына партиялар алдына қойған мақсаттардың ұқсастығы себеп болған.

- Ауылды көтеру мәселесін тек қана Аграрлық партия өзі шеше алмайды. Сонымен қатар, Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кірер алдында көп мәселелерді бірігіп шешкен қажет болар еді деп санаймын. Мына «АИСТ-тың» оншақты ғана аздаған депутат бар. Оныменен «Отанның» 53 депутатына қарсы шыққанмен, одан бір нәтиже шығаратын жағдай болмай тұр. Сондықтан мұны мен жөн деп ойлаймын, - дейді Мәжіліс депутаты.

Ал саясаттанушы Берік Әбдіғалиев «Отанның» қатары өскенімен, оның қоғам алдында тұрған маңызды шараларды шеше қоятынына күмәнмен қарайды. Ол «Отанға» қосылып жатқан партиялардың о баста тек коммерциялық, экономикалық мақсаттарды ғана көздегендігін айтып, билік жасанды бәсекелестермен жұмыс істеп келген дейді.

- Сайлауда бір-бірінің дауысын алмай, бір күшпен шығу үшін жасалынып жатыр ғой. Екінші себебі, биліктің бақылауынан шығып кетпеу үшін бұл партияларды «Отанға» қосып, жойып жатыр. Мұндағы себеп, партияның артында тұрған қожайындары ертең билікке қарсы өз ойындарын жүргізбес үшін жасап жатыр, - дейді саясаттанушы.

Ал «Әділетті Қазақстан» қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосанов бұл саяси процестердің міндетті түрде демократиялық күштердің іс-әрекетіне әсер ететіндігін айтады. Ол шартты түрде қатарының өсуіне қарамастан, «Отанның» барлық әлеуметтік топтарды қамти алмауы оппозициялық партиялар үшін бір жағынан тиімді десе, екінші жағынан сайлау кездерінде мемлекеттік қызметте істейтіндердің өзге партиялар емес, амалсыздан биліктің партиясы болып есептелетін «Отанға» дауыс беруі технологиялық жағынан оппозициялық күштерді қиын жағдайда қалдырады дейді. Сонымен қатар, Әміржан Қосанов «Отанға» әр түрлі партиялардан жиналған саясаткерлердің алдағы жұмысына күмәнмен қарайтынын да айтады.

- Азаматтық, Аграрлық, «Асар» партияларын жұтып қойған сияқты, енді «Отан» оның жетекшілерін де жұтып қояды. Олардың арасында енді бірді-екілі адамдар ғана сөйлеп, қалғандары біртіндеп көлеңкелерде қалып қоятын болады. «Отанның» беделі оның құрылтайшыларына байланысты болғандықтан, олардың саяси жұмыстары, әдіс-тәсілдері қабысып кетіп, бір-бірімен жұптасып жұмыс істейді дегенге мен сенбеймін, - дейді Әміржан Қосанов.

Ал саясаттанушы Досым Сәтбаев болса, президентшіл партияларды бір партияға айналдыру жоспары президент сайлауынан кейін-ақ қабылданған болатын дегенді айтады.

- Кезінде бұл партиялардың құрылуына негіз болған. Ал қазір «Отанның» идеологтары да, биліктің өзі де президентшіл партиялардың көп болуынан гөрі, жалғыз «Отан» партиясының ғана болғанын жөн санап отыр. Оның үстіне «Азаматтық», Аграрлық сияқты партияларда айтарлықтай бір үлкен саяси электорат болған жоқ. Алдағы уақытта «Отан» өзінің мәртебесін күшейте бермек. Бірақ «Отанның» мүшелері қағаз бетінде көбейе бергенімен, шын мәнісінде бұқара халықтың партияны қолдауы төмен деңгейде қалады. Жалпы, Қазақстан бір партияның үстемдігі орнаған көппартиялы жүйе құрып жатыр. Билік оппозициялық партияларға тиіседі деп ойламаймын, - дейді Досым Сәтбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Аграрлық партия «Отанның» құрамына кіріп отырған осымен 3-ші партия. Бұған дейін, осы жылдың шілде айында «Асар» партиясы, ал 10 қараша күні Азамматтық партия «Отанмен» бірігу туралы келісімге келген еді. Ал «Отан» партиясы осы күнде Қазақстандағы саны жағынан ең үлкен партия болып есептеледі. Сонымен қатар, 2005 жылы аталған президентшіл партиялар президент сайлауының алдында біріккен блог құрып, оның атынан президенттікке үміткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынған-ды.
XS
SM
MD
LG