Accessibility links

Қазақстан халқы мұнайдан түскен ақша туралы не біледі?

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Сорос-Қазақстан қоры Қазақстан басшыларын мұнайдан түскен табысты ашық түрде жариялап отыруға тағы мәрте шақыруға талпыныс жасады. Қарашаның 20-нда таныстырылған Ұлттық қордың қызметі жайлы фильмде Сорос-Қазақстан өкілдері мемлекеттің мұнай ақшасын тиімді пайдаланудағы мүмкіндіктерін сөз еткен. Бірқатар сарапшылар қалай болған күнде де, Ұлттық қордық басым бөлігі құпиялылыған сақтап қалады деген пікірде. Түгелдей ашық болуы үшін, алдымен ел экономикасы түгелдей көлеңкеден шығуы тиіс дейді олар.

Сорос-Қазақстан қоры осыған дейін «Баррель...» атты фильмін таныстырған болатын. Осы тақырыптағы кезекті туынды да мұнай өнеркәсібінен түсіп жатқан табыс жайлы қарапайым халықты құлағдар етіп отыруы жөн деген ой жеткізеді. Сорос-Қазақстан қоры басқарма төрағасы Дариуш Зитек былай дейді:

- Біздің қор Қазақстан үкіметіне қарқынды даму көрсеткіштерін тұрақты даму кепіліне айналдыру қажеттігін айтқан болатынбыз. Өзгелерге тек қана сәтті экономикалық бағдарламаны паш етіп қана қоймай, соны ұқсатып, мемлекеттің барлық табысын келешекке инвестициялау керек екенін жеткізгіміз келеді. Ал ол үшін ең алдымен табысты ашық жариялап, бюджетті жасауда қоғамның ықатысуын қамтамасыз ету қажет.

Сорос-Қазақстан қоры өкілдерінің айтуынша, Ұлттық қордағы ақша жай ғана жатпауы қажет, оны қазірден бастап ағымдағы қажеттіліктерге араластырып, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда пайдалану қажет көрінеді. Алайда, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Гүлнар Смайылова Ұлттық қордағы қаржы әу бастан ағымдағы ешқандай мәселеге жұмсалуы қарастырылмаған дейді.

- Ұлттық қорды қалыптастыру кезінде, оның табыстары мен кіріс-шығысын бюджеттегі арнайы бөліммен белгілеу жөнінде сөз болған еді. Бірақ, кейін қорға байланысты барлық шешімдер тек қана Президенттің жарлығына сәйкес жасалатын болып бекітілді. Оған қанша табыс түсіп, қанша шығын жасалатыны жайлы барлық шешімдерді Президент жасайды. Оны тек қана Ұлттық банк бақылайды. Халық болса, оны қалыптастыруда ешқандай ерік білдіре алмайтындығы менің ойымша, дұрыс емес. Сондықтан, Ұлттық қор жұмысының ашық болуын қамтамасыз ететін арнайы орган болуы керек деген пікірмен келісемін.

Ұлттық қордың биылғы шілдеде қабылданған жаңа тұжырымдамасына сәйкес, оның барлық табысы тек қана мұнай саласынан түседі екен. Сорос-Қазақстан қорының өкілдері бұл тізімге барлық жерасты қазбаларын пайдаланушыларды кіргізуді ұсынады. Сондай-ақ, олардың айтуынша, әлі күнге дейін Ұлттық қорға жарна төлейтін компаниялардың тізімі түгіл, нақты саны да белгісіз. Қазақстанның Қаржы министрі Наталья Коржованың айтуынша, олардың саны 10 шақты көрінеді. Transparensy Kazakhstan қоғамдық қорының атқарушы директоры Сергей Злотников бұл тұрғыда өз ойымен бөлісті.

- Ұлттық қордың заңдық тұлғасы анықталмағаны мені таң қалдырады. Ол тек шот түрінде ғана. Ол мемлекет басшысының қол қоюымен жабыла салады. Мұнай қоры сейіліп келе жатқандығын барлыңымыз білеміз. Бірақ, соған қарамастан, трансұлттық компаниялардың келісім-шарттары, олардың табыстары жөніндегі есептері қайта қаралып жатқан жоқ. Қаралып жатса да – бізге құпия.

Ұлттық қордың табысы болып, шикізат өндіру саласындағы, оның ішінде, мұнай өнеркәсібінен түскен табыс және одан түскен салық төлемдері саналады. 2006 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметтер бойынша, оның көлемі 10 млрд АҚШ долларына жуықтаған. Норвегияда мұнай саласынан түскен пайданың 80 пайызы ұлттық Мұнай қорына құйылады екен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 18 пайыз.
XS
SM
MD
LG