Accessibility links

Алматыда жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің жаңа бағдарламасы мақұлданды

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

20 қараша күні Алматы қаласының мәслихаты жемқорлықпен күресудің 2006-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасын мақұлдады. Бұл құжатта бағдарламаның негізгі мақсаты - мемлекеттік ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының іс-әрекетін үйлестіре отырып, жемқорлықтың деңгейін төмендету деп көрсетілген. Алайда қайсібір срапшылар, мұны биліктің жемқорлықпен күресіп жатырмыз деп ұрандатқан уақытша ғана науқаны деп бағалап отыр.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Халимолла Халықов қаржы орталығы болғалы жатқан Алматыда жемқорлықпен күрес туралы бағдарламының мақұлдануы қала үшін маңызды оқиға деп есептейді. Алайда ол осы бағдарламаны қабылдап қана қойып, жемқорлықты жеңуге болады дегенге келіспейді.

- Коррупцияны халық болып жоюымыз керек. Пара беруші болмаса, бара алушы да болмас еді. Бір жағынан халықтың өзіне де байланысты. Бұл бағдарлама халыққа жетсе, оны халыққа түсіндірсе жемқорлық деңгейі төмендер еді, - дейді мәслихат депутаты.

Ал мәслихат әкімшілігінің қызметкері Нәби Әлімжанұлының айтуынша бұл бағдарламаның Мемлекеттік бағдарламадан үлкен айырмашылығы жоқ.

- Бұл бағдарламада тек жұмыс істеу шаралары ғана бекітілген. Ал негізгі қағидалары республикалық бағдарламадан алынған. Сонымен қатар, мұнда құқық қорғау мекемелеріне осы саладағы жұмыстарыңды бұрынғыдан да жандандыра түсіңдер деген нұсқаулар да бар, - дейді Нәби Әлімжанұлы.

Ал «Ұлт Тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшімнің пікірінше, Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлықтың барлығы билік тарапынан туып отыр. Сондықтан да ол жемқорлыққа қарсы бағдарламалар сәтсіз аяқталады деп есептейді.

- Ешқандай қойшы немесе жолаушы тасымалдап жүрген жүргізуші коррупцияға араласа алмайды. Мемлекеттің жемқорлықты өзіміз тоқтатамыз дегені ешқандай нәтиже берген жоқ, бермейтін де сияқты. Біз әрбір 4-5 жыл сайын жемқорлықпен күрес деген жаңа ұран бастаймыз, бірақ оның жүзеге асып жатқаны шамалы. Халық та, бұқаралық ақпарат құралдары да кімдердің мемлекетті тонап жатқанын жақсы біледі. Бірақ онымен күрес жүргізудің нақты шараларын біз әлі көргеніміз жоқ. Кейде науқаншылық есебінде билік кейбір адамдарды ұстаған сияқты болады. Бірақ, бұл көбіне 3-ші, 4-ші деңгейдегі адамдар.

Сонымен қатар саясаткер жемқорлықпен күрес жүргізудің шет елдік үлгілері Қазақстан үшін тиімді болар еді дегенді де айта кетеді.

- Коррупцияға қарсы комитетке міндетті түрде қоғамдық ұйымның мүшелері енуі керек. Себебі біз олардың жариялылығын көріп отырғанымыз жоқ. Сонымен бірге саяси партиялар жемқорлықпен күрес туралы заңды жасауға қатысуы керек. Біз мұны да көрмей отырмыз, - дейді Дос Көшім.

2006-2010 жылдарға арналған жемқорлықпен күрес туралы мемлекеттік бағдарлама 2005 жылдың желтоқсан айында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қабылданған болатын. Мемлекеттік бағдарламадан кейін Қазақстанның өзге де облыстарында аймақтық бағдарламалар жасалынған. Ал Алматы қаласының жемқорлықпен күрес жөніндегі 2006-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасы осы жылдың сәуір айында жүзеге асырыла бастағанымен, оны мақұлдау тек қараша айында ғана мүмкін болды.
XS
SM
MD
LG