Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.22.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдарда Қазақстандағы қылмыстық-түзету мекемелерінің жай-күйі туралы мақалалар жариланған. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде елде донорлар тапшы екендігі жөнінде мәселе көтеріліпті.

«Аргументы и факты Казахстан» басылымының мәліметінше, Қазақстанда 18 тергеу изоляторы мен 77 түзету мекемесі бар. Басылымға сұхбат берген PRI халықаралық хұқыққорғау ұйымы жобаларының үйлестірушісі Гүлнара Қалиақбарованың айтуынша бұл өте көп. Қазіргі қылмыстық сот жүйесінде жазалаудың 70 пайызы айыппұл, қоғамдық-түзету жұмыстары, қандай да бір қызмет атқаруға хұқынан айыру түрінде жүзеге асырылуы тиіс. Ал Қазақстанда мұндай жазалау түрі 50 пайызды құрайды. Сондай-ақ, әрбір түзету мекемесінде жазасын өтеуші 1 адамға мемлекет жылына 2000 доллар жұмсайды, ал Қазақстанда 50 мыңнан аса сотталушы бар дейді, Гүлнара Қалиақбарова, - «Аргументы и факты Казахстан» газетіне берген сұхбатында.

«Известия Казахстан» басылымының дерегінше Қазақстанда түрмеде отырғандар саны азайып келеді. Түрмелерді зерттеу жөніндегі Халықаралық Лондон орталығының мәліметтері бойынша, Қазақстан сотталушылар саны жағынан әлемдегі 24-інші ел. Қазір, Қазақстандағы түзету мекемелерінде 43 мың адам жазасын өтеуде. Осы мәселе жөнінде Сенат депутаттарымен кездескен, Әділет министрі Зағипа Балиеваның айтуынша, қазір түзету мекемелерінде негізсіз шектеулер алынып тасталып, хат жазуға рұқсат берілген. Сондай-ақ, министрдің сөзіне қарағанда, сотталушыларды тамақтандыру сапасы жақсарған, - деп жазады «Известия Казахстан».

Ал, «Айқын» басылымының жазуынша, бүгінде сотталғандарға ұялы телефондарды, алкогольдік өнімдерді, есірткі заттарын жеткізу секілді проблемалар бар. Сондай-ақ, газет дерегінше, әділет министрі соңғы кезде ақпарат құралдары таратқан «еліміздегі түрмелерден елуден астам аса қауіпті қылмыскерлердің мерзімінен бұрын босатылып жіберілгендігі жөніндегі» ақпаратты жоққа шығарды. Зағипа Балиеваның айтуынша, мұндай тек 3 оқиға ғана болған және оларды министрлік зерттеп жатыр, - деп жазады «Айқын» басылымы.

«Егемен Қазақстан» газеті, егер 2002 жылы еліміз жазасын өтеу орын¬дарында отырғандар саны жө¬нінен әлемде 3-ші орында болса, биыл жағдай бұдан әлдеқайда жақсы деп жазады. «Ал Тәуелсіздік мереке¬сіне орай 5579 адам амнистияға іліксе, со¬ның 3626-сы бостандыққа шығарылып, ал 393-і мұндай жеңілдіктен бас тарт¬қан. Қылмыстық атқару жүйесінде 2073 адам ВИЧ инфекциясымен тір¬келсе, бұл еліміздегі осы ауру¬мен ауыратындардың 30 пайызын құ¬рай¬ды. Сол сияқты туберкулезбен өткен жылы 5630 адам ауырса, биыл олардың саны – 4907-ге дейін қысқарған», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

«Экспресс-К» басылымының дерегінше, осы жылы қаңтар айында донордан ВИЧ инфекциясын жұқтыру оқиғасы Жамбыл облысының Шу қаласында тіркелген. Бірақ бұл туралы осы уақытқа дейін айтылмай келіпті. Басылымға сұхбат берген облыстық СПИД орталығының бас дәрігері Қанатбек Ажақаевтың айтуынша, хал үстінде жатқан әйелді құтқару үшін, тексерілмеген қан құйылған. Соның салдарынан науқасқа ВИЧ инфекциясы жұғыпты. Оның айтуынша, қазіргі кезде донорлардың тапшы екендігі сонша, адамды құтқару үшін дәрігерлер кейде тексерілмеген қанды құюға мәжбүр, - деп жазады «Экспресс-К».

Ал, «Айқын» басылымы Шымкентте балаларға қауіпті вирус бір донордан жұққан болуы мүмкін деген болжам жасайды. «АҚШ денсаулық сақтау департаментінің Орталық Азия жөніндегі CDC бағдарламасының директоры Михаил Фаворов, балалар бір донордан немесе қанның бөлшектелген бір дозасынан індет жұқтыруы ықтимал дейді. Демек індеттің таралуына қан ауыстыру себеп болған. Жалпы, өзге де мамандар пікірінше Шымкенттік сәбилерге ВИЧ инфекциясы бір ғана донордан жұққан, - деп жазады «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG