Accessibility links

Киевтегі Қазақтан елшілігінің алдында наразылық пикеті өтті


Украина астанасы Киев қаласындағы Қазақстан елшілігі алдында «Пора» атты Украина азаматтық партиясы мүшелері мен Қазақстанның әлі тіркеле қоймаған «Алға» партиясының өкілдері, «Алға» партиясының бес жылдығына орай пикет өткізді. Онда олар Қазақстан билігінен «Алға» партиясын тіркеуді және Қазақстанда шығатын «Азат» газетінің тілшісі Қазис Тоғызбаевтың үстінен ашылып отырған сот ісінің саяси астары бар деп, оны доғаруды талап етті.

Қазақстандықтарға көбінесе ДВК атымен таныс, әлі тіркелмеген «Алға» партиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Пора» атты Украина азаматтық партиясының шақыруымен Киевте жүрген Қазақстанның «Алға» партия белсенділері Киевтегі Қазақстан елшілігінің алдында бірлескен шара өткізіпті. Бұл ақпаратты қарашаның 22-күні «Азаттық» радиосына Киевтегі Қазақстан елшілігіндегі өзін таныстырғысы келмеген қызметкері растады.

- Оны акция деп те айтуға болмас, жәй он бес – жиырма адамдай жиналып, 40 минуттай елшілік алдында плакаттарымен тұрды. Онда «Қазақстанда демократия қыспақта!» «Қазис Тоғызбаевты сот арқылы қудалау тоқтатылсын!», «Алға» партиясы тіркелсін!» деген ұрандар жазылған. Елге осы ұрандар жазылған үнқағаздар таратылды, бірақ бәрі тыныш болды. Біз олардың өтініштерін елшіге бердік, - деді Киевтегі Қазақстан елшілігінің өкілі.

Ал «Алғалықтардың» Киевке сапары туралы партия төрағасы Асылбек Қожахметов былай дейді:

- Бұл біздің кәдімгі халықаралық қатынасты дамыту ретінде болып жатқан сапар. Сол «Пора» партиясының шақырылуымен өтіп жатқан шара. Біз «Пораның» тәжірибесін, жолын үйреніп жатырмыз. Бірақ, тек «Пора» партиясы ғана емес, басқа партиялардың да сол Украинада демократия орнату барысындағы жұмыс тәжірибелерімен танысу мақсатымыз. Қараңызшы, мысалы, олардың президенті бір партияда, ал премьер-министрі басқа партияда! Ол осы демократияның жарқын көрінісі деп айтуға болады. Сондықтан олардың сол тәжірибесімен танысу үшін біздің партия мүшелері бір аптаға сонда шақырылған, сол сапар өтіп жатыр.

Қазақстандық журналист Қазис Тоғызбаевтың үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаментінің шағымымен қылмыстық істің ашылғанына бірнеше ай болды.

- Мені президенттің ар-намысына кір келтірген деген айыппен сотқа тартып отыр. Соттың бірінші отырысы бейсенбі – қарашаның 23-күні болмақшы. Ол айып менің интернет сайттарының бірінде биылғы көкек айында жарық көрген «Рим папасы мен Астана папасының айырмашылығын сезініңіз» және мамыр айында жарық көрген «Мафиялық жүйе Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімін жасырып отыр» деген мақалаларым үшін тағылып отыр, - дейді Қ.Тоғызбаев.

Ал «Алға» партиясының тіркелу мәселесі алдағы желтоқсанда шешілуі мүмкін дейді ұйым жетекшісі А.Қожахметов:

- Біз тіркеуге қажет толық құжаттарымызды тоғызыншы қарашада Әділет министрлігінің тіркеу комитетіне тапсырдық. Енді олар заң бойынша 9-желтоқсанда жауап беруі керек. Бірақ, естеріңізде болса, былтыр олар бір айдан кейін бізді тіркеу мәселесін тоқтатып, «берілген тізімдерді біздер тексеруіміз керек» деп тағы сегіз ай бойы бізді тіркеу мәселесін қарамай қойған. Биыл қалай болатынын білмеймін, әйтсе де аздаған үміт бар, ол - Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа ұмтылысы аясында өзгерістер бола ма деп отырмыз.
XS
SM
MD
LG