Accessibility links

Қазақстандағы ойын бизнесі қауымдастығының өкілдері казиноларды келер жылдың 1 қаңтарынан бастап көшіруге қарсы

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

22 қараша күні Қазақстандағы ойын бизнесі қауымдастығының өкілдері казиноларды келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Қапшағай және Щучинск қалаларына көшіруге қарсы екендіктерін мәлімдеді. Олар алдыңғы аптада Қауіпсіздік Кеңесінде қабылданған осы шешімді асығыс әрі дұрыс ойластырылмаған деп бағалап отыр.

Қазақстандағы ойын бизнесі қауымдастығының өкілі Алтынай Баянованың айтуынша халыққа ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан ойын бизнесін 3-4 айдың ішінде бір орыннан екінші орынға ауыстыру мүмкін емес. Ол Қапшағай және Щучинск қалаларында казиноларға арналған инфрақұрылымдардың жоқтығы бұл шараға өз керін келтіреді дейді.

- Біз ең біріншіден көшу мерзімі туралы айтып отырмыз. Заңда ойын бизнесін көшірудің нақты, кәсіпкерлерді қанағаттандыратындай уақыты көрсетілуі керек. Көшіру үшін құрылыс, жол мәселелері қолға алынуы керек еді. Біз президенттің казиноларды көшіру жайлы айтқан ойына емес, оны тез арада жүзеге асырыңдар дегеніне қарсымыз. Бізге осы үшін кемінде 2-3 жылдай мүмкіндік берсе екен, - дейді Алтынай Баянова.

Ал Қазақстандағы ойын бизнесі қауымдастығының тағы бір өкілі Олег Коверин жаңадан қарқын алып келе жатқан бұл салаға үкімет бөгет емес, қолдау жасау керек еді дейді. Ол билік тарапынан жасалатын бұл әрекеттің сәтсіз аяқталатынын айтып, казиноларды көшіруден олардың егелері көп шығындарға батады дейді.

- Кез келген үлкен сауда кемінде 2-3 жылсыз өзін өтемейді. Ал біздің арамызда биыл ғана лицензия алып, осы салаға үлкен ақшаларын салған адамдар бар. Олар осы жағдайда салған ақшаларын өтей алады ма? Әрине, жоқ. Мен бұны кәсіпкерлерге жасалған тікелей соққы деп есептеймін. Бұл бизнесте жұмыс істейтіндер әр түрлі келісімдерге отырған. Мысалы, казиноларға техникаларды кейде ұзақ мерзімге жалға аламыз. Мұның бәрі жай ғана нәрсе емес. Көшудің өзі ақша, - дейді Олег Коверин.

Ал осы салада жұмыс істейтін Бауыржан Ахметов казиноларды көшіруге байланысты өз ойын былайша жеткізеді.

- Қапшағайды Қазақстанның Лас-Вегасы қыламыз дейді. Лас-Вегастағы ойын бизнесі 12 жылдан кейін барып бой көтерді. Бизнестің дұрыс жолға қойылуы үшін уақыт керек. Ал біз көшіп, сосын Қапшағайға барып, өз бизнесімізді жүргіземіз дегенше уақытты кетіріп, ұтылып қаламыз. Бізді Қапшағай мен Щучинскіде не күтіп тұрғанын да білмейміз. Ол жақтағы жердің бағасы қатты өсіп кетті деп естігенбіз, - дейді Бауыржан Ахметов.

Ал саясаттанушы Сайын Борбасов казинолардың барлығын бір жерге шоғырландыру әрекеті қауіпсіздік мәселесінен туындап отырғанын айтып, құмар ойындар адамдарды рухани аздырып бара жатыр деп есептейді.

- Казинолар, түрлі ойын автоматтары адамдарды деградациялап бара жатыр. Балалар да, тіпті пенсионерлер де ойнап, ақшаларынан айрылуда. Ақшасы тасып бара жатқандар сонда барып ойнасын. Ал қарапайым адамдарға тыныштық керек. Казинолар адамдардың санасын тұмшалайтын, белгілі бір адамдарға ғана пайда әкелетін дүние ғой, - дейді Сайын Борбасов.

Қазақстандағы ойын бизнесінің пайда болғанына биыл 14 жыл. Қазір Қазақстан бойынша казиноның саны 140-тай болса, оның 37-сі Алматыда, 16-сы Оңтүстік Қазақстан облысында, 14-і Астанада орналасқан. Қазақстандағы ойын бизнесі қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда ойын бизнесінде 50 мыңдай адам жұмыс істеп, жыл сайын казинолардан салық ретінде бюджетке түсетін қаржы 5-7 миллиард теңгені құрайды.
XS
SM
MD
LG