Accessibility links

Хельсинки саммитінде ЕуроОдақ пен Ресей арасындағы энергетика мәселесі арнайы талқыланбақ

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Қарашаның 24-і, жұмада ЕуроОдақ елдері мен Ресейлік ресмилер кездесіп энергетикамен қамтамасыз ету мәселесін талқыламақ. Сарапшылардың пікірінше энергетикалық мәселені шешуде Ресей газының алатын орны ерекше болмақ.

Мамандардың есебі бойынша, Норвегиядағы энергетикалық бұлақ көздері барынша азая бастаған секілді. Ал Алжир мен Қатардан келетін сұйық газ ЕуроОдақ елдерінің табиғи газ энергиясына талабын толық орындай алмай отырғаны белгілі. ЕуроОдақ басшылығын энергетикалық қуатқа деген аймақтық мұқтаждық мәселесі алаңдатып отыр десе де болады. Еуропа одағының саяси мәселе бойынша жетекшісі Хавиер Солана бұл орайда қарашаның 20-сында былай деген болатын:

– Бұрынғы кезде аймақ, жер үшін күрескен болса, енді энергетикалық бұлақ, сол бұлақтан шығатын энергетикалық қуат үшін күрес күшейе бастады. Әлемдегі энергетикалық базар ауқымды болғанымен, ол мұнай-газдың көбі, әсіресе, демократиядан жырақ елдердің үлесінде.

Дегенмен, сол мұнай-газ энергиясының өзін әр ел өз мүмкіндігіне, талабына қарай түрлі мөлшерде пайдаланады. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, 2016-жылға барып, АҚШ энергетикалық импорты қазіргі кезде өндірілетін энергетика мөлшеріндегі жалпы қуаттан кем болмайды екен. Міне сол АҚШ қазірдің өзінде әлемдегі кез келген елден әлде қайда көбірек энергетика қолданады.

Міне сондықтан, сарапшы-мамандардың 2016-жылға болжамы рас болып шықса онда, АҚШ осыдан он жыл кейін энергетиканың газ саласындағы тұтынуы бойынша бүкіл ЕуроОдақ елдерімен бәсекелестік деңгейге жетуі мүмкін. Бұл ол кездегі үлкен гео-саяси бақталастық күресі десе де болады.

Хавиер Солананың пікірінше, мұның батыстық алянсқа кесірі тиюі де ықтимал екен.

– Энергия үшін ондай күрес, бақталастық сыртқы саясаттағы негізгі әріптестердің қолдауына кедергі де болуы мүмкін, - дейді Солана.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, Ресей бір уақта газға деген өзіндегі ішкі және сыртқы сұранысқа жауап беру мүмкіндігіне ие емес көрінеді. Ресей экономикалық даму және сауда министрлігі дайындаған баяндамаға сенсек, 2007-жылға барып, Газпром өзінің ішкі газ тұтынушылық деңгейін қысқартпаса, онда келісім бойынша межеленген шет елдік талапқа жауап бере алмас екен.

Ал Коммерсант газетінің жазуынша, 2008-жылға дейін ресейліктер қолданатын газ бағасы көтерілмейтін сықылды. Бірақ, Гзапром да Үкімет те мұны растап отырған жоқ. Дегенмен, бұл арада Мәскеу ЕуроОдақ елдерімен газ саудасы жөніндегі келісімдерін жеке-жеке қайта қарауы да айқын болып қалды.

- Ресей энергетикалық хартияны ратификациядан өткізбек емес. Ал оны ЕуроОдақ жақсы біледі, - дейді ЕуроОдақтағы Ресей президентінің арнайы өкілі С.Ястржембский.

Міне сондықтан ЕуроОдақ, Ресейдегі тәуелсіз компаниялардан, табиғат байлығын бекерге әуеге жағып шашқаннан көрі Еуропаға сатқанын қалап отыр. Кей есеп бойынша, Ресейдегі мұнай компаниялары жыл сайын тұтынушыға жеткізе алмаған 80 млрд текше метрдей табиғи газын бекерге өртеп отырады екен. Ал, Ресей Газпромының газын шетке сатпақ болған өзге компаниялар ол газды алдымен өңдеп алатын жеткілікті зауыттарға ие емес. Екінші бір мәселе, сол өңделген газдың өзін Газпромның қазіргі құбырлары түгелдей ағыза ала ма? Бұл да бір мәселе.

Дегенмен, Ресей Италияның Эми компаниясымен жылына 24 млрд текше метр газ сату келісіміне қол қойған. Ал бұл арада енді, Еуропа одағы атомдық энергиядан пайдалану мәселесін қайта қарауы да мүмкін болар.

1980-жылдары табиған қорғаушылардың талабымен Германия атомдық электр стансаларын жапқан болатын. Міне енді, сол Германия және ЕуроОдақтық елдердің Ресей мұнай-газына мұқтаждығы айқын бола бастағандай.

Сондықтан, болашақта тығырықтан шығатын жалғыз ғана жол - Еуропа мен АҚШ-тың мұнай-газ қуатынан пайдалануды барынша азайтуы ғана дұрыстау шара болып отыр, дейді талдаушылар.
XS
SM
MD
LG