Accessibility links

Қазақстандағы саяси реформалар қандай деңгейде?

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Қазақстанда жүргізіліп отырған саяси реформалар елдің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне жеткілікті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Осындай пікірді бейсенбі күні Алматыда басталған конференцияда бас қосқан қазақстандық және ресейлік сарапшылар білдірді. Елдегі саяси партиялардың біріктірілуі салдарынан, басқа мемлекеттер, оның ішінде Еуроодақ елдері алдында Қазақстан беделіне нұқсан келуі мүмкін деген де пікірлер осы жиында айтылды.

Қазақстандағы саяси реформалардың ішкі және сыртқы аспектілерін талқылаған саясаттанушылар биліктің саяси партиялардың құрылып тіркелуін үнемі өз ықтиярына бағындырады дейді. Өзекті мәселелерді зерттейтін «Альтернатива» орталығының басшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, бірін бірі қайталайтын пропрезиденттік партиялардың бірігуінің астары тереңде жатқан көрінеді.

- Билік соңғы уақытта үйреншікті болып келе жатқан партиялардың іріленуі деп атайтын процесстің нәтижесінде, ОТАН партиясының қатарына АСАР, Азаматтық және Аграрлық партиялары кірді. Олардың бірігуінің негізгі себебі ішкі билік элитасының арасындағы ашықтан ашық жүргізіліп отырған ақпараттық соғысты тоқтату мақсатындағы тактикалық-жымысқы әрекет деп қабылдауға болады. АСАР патртиясы ОТАНның қатарына кірді дегеннен гөрі, қоластындағы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, мықты саяси ықпал көрсетіп отырған АСАР партиясының, оның көшбасшысы Дариға Назарбаеваның күші жойылды деп тұжырымдаған дұрыс.

Андрей Чеботарев 2004 жылғы президеттік сайлаудың нәтижесі пропрезидеттік партиялардың беделсіздігі мен олардың көшбасшыларының электоралдық тұрғыда беделсіздігін көрсетті дейді. Сондай-ақ, заңда қандай да бір талапты көрсете тұрып, тіркеуге алуға келгенде билік басқалай сылтаулар табуды әдетке айналдырған дегенді айтты. Саясаткер Әміржан Қосанов болса, басқа елдер алдында, Қазақстан саяси беделді мемлекеттен гөрі, сыртқы саясатта бедел жинауға аса мүдделі шикізат пен қуат көзін өндіруші ғана деген пікір айтады.

- Қазақстандағы демократияның геосаясаттық аспектілерін тек қана Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі мақсатында нақтылаудың қажеті жоқ. Бізге ешқандай мемлекет те үлгі бола алмайды. Батыс елдеріндегі үлгі бойынша, алдағы уақытта елдегі партиялар оңорталық, солорталық бағытшыл немесе орталықшыл, болмаса либералды болып бөліне бастайды. Сол арнада, Қазақстандағы партиялардың біріге бастауы – табиғи құбылыс.

Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдиннің саяси спартиялардың бірігуіне байланысты өз пікірін білдірді.

- Бұл – билік пен жемқорлықтың ұйымдасуы. Оған – бірігуші партиялардың басшыларының есімдері дәлел. Не үшін, кім үшін бірігіп жатқандары – мен үшін белгісіз. Демократия орнатуда Еуропа, Еуроодақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талаптарына сай болу процесі де әлі күнге дейін ешқандай нәтиже көрсеткен жоқ.

Ресейдің Ұлттық стратегия институтының арнайы жобалар жөніндегі директоры Юрий Солозобов Еуропаға серіктес болу үшін, Ресей мен Қазақстанның бас-көзсіз оның үлгісіне еруіне де жөн жоқ деген пікірде.

- Еуроодақтың өзі не: ол мемлекетаралық қауымдастық па, әлде мемлекеттерді қадағалап, бағалайтын құрылым ба? Ресей мен Қазақстан демократия құруда өздерінің ұлттық үлгісін жасап, бағытын айқындауы қажет деп санаймын.

Қазақстандағы саяси реформалардың ішкі және сыртқы аспектілерін талқыламаққа бас қосқан саясаткерлер мен сарапшылар сонымен қатар, елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы, азаматтық институттардың дамуы тәрізді мәселелерді сөз етті.

Қазақстан 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге үмітті. Әзірге, мемлекеттің бұл тұрғыдағы талпынысына Америка Құрама Штаттары қолдау көрсеткен жоқ.
XS
SM
MD
LG