Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-инфекциясын жұқтырған тағы бір 14 жастағы бала анықталды


Сонымен, бүгінгі күнге дейін бұл облыста ВИЧ-инфекциясын жұқтырған барлығы 81 бала анықталып, 8 бала шетінегені белгілі болып отыр. Облыста ВИЧ-инфекциясына тексерілетіндер тізімі кеңейтілмек.

Індетке шалдыққаны анықталған 14-жасар қыз бала Шымкенттегі балалар ауруханасында емделгендерді бірі. Тексеру тек 5 жасқа дейінгілер арасында жүргізілгендіктен, оның ВИЧ жұқтырғаны ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келген. Оңтүстік Қазақстан облысы СПИД-орталығының бас дәрігері Наталья Бабина жұма күні АЗАТТЫҚ радиосына берген сұхбатында, ендігі тексерілетіндердің тізімі кеңейтілетінін хабарлады.

- Эпидемиологиялық ретроспективалық скрининг деп аталатын шараның аясында, тексерілушілердің тізімі кеңейтіледі. Яғни, тікелей жұқтырған деген қауіп анықталған адамдарды ғана емес, сонымен қатар, бұрын соңды осы мекемеде емделген барлық азаматтардың қаны тексеріледі.

Наталья Бабинаның айтуынша, ВИЧке шалдыққан сәбилердің бірі – АҚШ азаматтарының асырауына берілген көрінеді:

- Бүлдіршіннің қатерлі індетті жұқтырғаны асырап алар кезінде анықталған болатын. Асырап алушы ата-анасы хабардар, өйткені, олар баланың барлық анализдері қайта тексеріліп, науқас екендігі нақты белгілі болған соң, бәрібір оны тәрбиесіне алған.

Бұған дейін тексерілетіндердің тізімінде 350 адам қалған болса, енді тізім кеңейтілмек. «СПИД-тен балаларды қорғау» қайырымдылық қорының президенті Сағдат Масауров қазіргі уақытта ВИЧ жұқтырған балалардың отбасыларына қажетті алғашқы көмек көрсетілгенін, оның алдағы уақытта да жалғасатынын хабарлады.

- Ата-аналарға 500 мың теңге көлемінде алғашқы көмек көрсетілді. Ал балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ВИЧ жұқтырған 2 сәбидің құжаттары дайын болған соң, оларға да жәрдем болады. Ал америкалықтар асырап алған баланың ата-анасына көмек беріледі деп айта алмаймын, - деді С.Масауров.

Сонымен қатар, «СПИДтен балаларды қорғау» қайырымдылық қоры ВИЧке шалдыққан сәбилердің отбасыларына Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы - Шымкент қаласынан пәтерлер бөлу тіралы мәселені көтерген еді. Алайда, ол ашық күйде қалып отыр.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧтің жаппай таралуы туралы мәлімет үстіміздегі жылдың көктемінде белгілі болған еді. Бірақ, ресми түрде ақпарат тек жазда ғана нақтыланды. Арнайы құрылған комиссияның зерттеулерінің нәтижесі көрсеткендей, ВИЧ-тің таралуының себебі – қан құю кезінде сақтық ережелерінің болмауынан.

Осы уақытқа дейін, тексерілгендердің саны 62 мыңнан асады. 238 донордың 7-ін облыс аумағынан тыс жерде жүргендіктен тексеру қазір мүмкін болмай отыр.
XS
SM
MD
LG