Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.24.2006 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияға сапарына байланысты сараптамалық материалдар жарық көрген. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесі сөз болады.

«Жас Қазақ» басылымының дерегінше, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияға сапарын мамандар, экономикалық және саяси маңызды қадам деп бағалаған. «Өйткені Ұлыбритания Қазақстанға инвестиция тартып жатқан әлем елдерінің алғашқы үштігіне кіреді. Сонымен қатар, Қазақстанның мемлекеттік активтерін басқаратын «Самұрық» холдингін басқару ұлыбританиялық азаматқа сеніп тапсырылды. Бұған қоса Қазақстан Ұлыбританиямен бірігіп, Ауғанстан және Ирак мемлекеттеріндегі аумалы-төкпелі жағдайды тұрақтандырып, бейбітшілік орнатуға қол ұшын созып келеді», - деп жазады «Жас Қазақ» апталығы.

«Караван» газетінің мәліметінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэрмен кездесуі барысында ашық нарық, көпұлтты мемлекеттер және Кавказ арқылы Түркияға тартылатын құбыр жайында сөз болған. «Назарбаев мырза мұнай қорына бай бұрынғы кеңестік мемлекетті «Орталық Азияның экономикалық қозғағышына» айналдыру үшін халықаралық қауымдастықтың қолдауына ие болуды көздейді», - деп жазады «Караван» ағылшынның «Гардиан» газетіне сілтеме жасап.

«Назарбаевтың Ұлыбританияға атбасын тіреуі тәуелсіз мемлекетіміздің халықаралық саясат аренасында беделді ойыншыға айналғанын толық дәлелдеген сапар болғанын әлемдік беделді ақпарат көздерінің басым бөлігі мойындауда»,-деп жазады «Түркістан». Сондай-ақ, Назарбаевтың Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Кролевасы ІІ Елизаветамен кездесіп, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар жайында әңгімелесуі, халықаралық сарапшылар мен саясаткерлердің назарынан тыс қалмады», - деген қорытынды жасайды «Түркістан» апталығы

«Эпоха» басылымы Қазақстан басшысының Британияға сапарына қатысты сарапшылар пікіріне жүгінеді. Басылымның Лондондағы тілшісі Адриан Гаттон Назарбаевтың сапары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарын қызықтырмағанын айтады. Ал, қазақстандық кинорежиссер, қоғам қайраткері Рашид Нұғмановтың пікірінше, Назарбаев Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына Қазақстанның төрағалық етуіне байланысты Ұлыбританияның ұстанымын өзгерте алмады. Ұлыбритания да, АҚШ та Қазақстанға төрағалық мәселесін кейінге қалдыруға кеңес береді, - дейді Рашид Нұғманов «Эпоха» басылымына берген сұхбатында.

«Азат» басылымы, орыс тілі мемлекеттік тіл болу керек пе деген сауалға жауап іздейді. «Қазақстан халқы үшін орыс тілі ең бірінші ұлттың бәсекеге қабылеттілігін арттыруда ықпалы күшті. Яғни әлемдегі қабылеті күшті елдердің қатарында тұруына орыс тілінің көмегі тиеді-мыс. Оның үстіне қоғамымыздағы кейбір орысшыл топтар Қазақстанда қазақ тілінен басқа тағы бр мемлекеттік тіл болуын қалайтынын, оған орыс тілі лайық деген пікір айтады. Өзге елдің тілімен үстемдік құрғысы келетіндерге қарап, өздерінің қай мемлекетте өмір сүріп отырғанын білмей ме екен, осыларға тосқауыл болатындар бар ма екен деп те қаласың», - деп жазады «Азат».

Ал «Новое поколение» апталығы қазақ тілін үйрету әдістемесі жетілмегендігі туралы жазады. Газет дерегінше, жоғары оқу орындарына да, мектептерге де арналған сапалы оқулықтар жоқтың қасы. Бұған қоса, басылым, қазақ тілін үйретуге мемлекет тарапынан лайықты көңіл бөлінбей отырғанына назар аударады. Америка мен Германияда ағылшын және неміс тілдері тегін үйретіледі дей келе «Новое поколение» басылымы, Қазақстанда да тілге қамқорлық осындай деңгейде болса деген, қорытынды жасайды.

«Қазақ тілін қалай дамытуға болады», - деп мәселе көтерген «Қазақ әдебиеті» басылымы, мемлекеттік тілді үйретудің жолдарын ұсынады. «Әлемдегі №1 халықаралық тіл - ағылшын тілін алайық. Оны үйретуді 3 сатыға бөлген: біріншісі, ағылшын тілін үйрене бастағандарға; екінші, ағылшын тілін үйрену орта деңгейдегілер үшін; ал үшіншісі, ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгергендер үшін. Қазақ тілін де осылай жіктеп, санаға біртіндеп құйса, іс оңалар еді», - деп жазады «Қазақ әдебиеті».
XS
SM
MD
LG