Accessibility links

Алматыда үкіметке наразылық білдірген жұрттың жиынын полиция күштеп таратты


Қарашаның 26-күні Қазақстанның бірқатар қалаларында басқару рөлі оң жақта орналасқан автокөлік иелерінің наразылық акциялары өтті. Осыдан екі аптадай уақыт бұрын президент Н.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, жаңа жылдан бастап рөлі оң жақтағы автокөліктерді Қазақстанға әкелуге, ал тағы 3 жылдан соң мұндай көліктерді пайдалануға мүлдем тиым салу керек деген мәлімдемесі ел арасында наразылық туғызды. Бүгін Алматыда президенттің айтқанымен келіспейтіндігін білдіріп жиналған жұртты полиция қаланың орталық алаңына жібермей, жиын өткізуге талпынғандарды күштеп таратты.

Жексенбінің таңынан Алматының орталығындағы Тәуелсіздік ескерткіші орналасқан Республика алаңы маңына жиналған жұртты осы жерді айнала қоршап тұрған полиция күштері алаңға жіберген жоқ. Олар бұл жерде тазалық жұмыстары жоспарланғанын сылтауратып, жұртты бұл маңынан кетуге мәжбүрледі.

Полицияның ығыстыруымен Күләш Бәйсейітова көшесінің бойымен Абай көшесінен төменірек тоқтаған жұрт, өз меншігіндегі автокөліктерге қатысты президенттің үкіметке берген тапсырмасына наразылықтарын білдіріп жатты.

Үкіметтің қырына іліккен автокөлік иелерінің бірі 43 жастағы Андрей өткен жылғы сайлауда өзі дауыс берген президент Н.Назарбаевтың қазіргі пікірімен келіспейтінін айтады:

- Бұл - адамдарды көлік түріне бола кемсіту. Мемлекет бір кезде өзі рұқсат берген автокөлік түрін пайдалануға енді келіп тиым салып отырғаны – азаматтық құқықты бұзу деп бағалаймын, - дейді Андрей.

Ал онымен бірге алаңға келген Максим болса, оң жақтан басқарылатын жапон автокөліктерін Қазақстанға әкелуді кәсіп етіп жүргендердің бірі екен. Қараша айының басында Жапониядан әлгіндей көліктерге кезекті тапсырыс беріп, ақшасын да төлеп қойған Максимге енді алдағы жаңа жылды банкрот болып қарсы алу қаупі төніп тұр. Ол үкімет бұл мәселеде өзі секілді азаматтардың зардап шекпеуін ойластырса деген тілек айтады.

- Жапониядан Қазақстанға дейін ол автокөліктер келгенше кемінде үш ай уақыт керек. Сондықтан, елге әкелуге тиым салуды, ең болмағанда, көктемге дейін қалдырса. Сонда жұрт дайындалып үлгереді. Ал оң жақ рөлді көліктерді пайдалануға тиым салған дұрыс емес. Мысалы, Украина әлгіндей автомобиль импортына тиым салғанымен, оларды пайдалануға рұқсат берген, Қазақстан үкімет де өз азаматтарымен өркениетті жолмен ымыраға келіп шешім қабылдауы керек, - дейді Максим.

Андрей мен Максим секілді өз пікіріне биліктің назарын аудармақ болғандар жексенбі күні Алматының орталығында полицияның күшіне кезікті. Полиция оларға жиындарының заңсыз митинг ретінде бағаланып, жауапқа тартылатынын ескертіп, жиналғандарды орталық алаңнан 4 көше төмен ығысуға мәжбүр етті.

Алматыдағы Лермонтов атындағы орыс театрының маңында тоқтаған жұрт ары қарай барудан бас тартып, осы жерде өздерінің талаптарын айта бастады. Олардың арасынан белсенділік танытқандардың кәрі-жас, әйел-ер екеніне қарамастан, полиция бірден ұстап, күштеп әкете бастады.

Осындай абыр-сабыр сәтте бір топ журналист ботадай боздаған жас қызды кезіктірдік. Ол өзін полициядан қорғамақ болған жігітін 6 сақшы тепкіге салып, алып кеткенін айтып зар иледі.

Бұл күні дәл қанша адам ұсталғаны туралы Алматы полициясы «Азаттық» радиосына нақты жауап бермеді. Ал, кешкі сағат төрт жарымдар шамасында, түске дейінгі жиында белсенділік танытқандардың бірі, Санжар Боқаев есімді жігіт «Азаттық» тілшісіне, полиция алаңнан бас-аяғы бес адамды ұстап алып кеткенін, сондай-ақ бірнеше автокөлікті айып-тұрағына апарып қойғанын хабарлады

Санжардың айтуынша, жексенбі күні Алматыдан басқа Өскемен, Семей және Павлодар қалаларында осындай наразылық жиындары өткен.

- Жиыны Қазақстан бойынша 2 мың адам көшеге шықты, - дейді Санжар.

Санжар осы мәселеге қатысты үкіметтің ұстанымына наразы жұрттың Интернетте ашып қойған www.svoboda.kz сайтында күн сайын пікірлестер қатары өсіп бара жатқанын айтады. Қарашаның 26-күні бұл сайтта Қазақстанда оң жақ рөлді автокөліктерге шектеу енгізуге қарсы екендерін білдірген адамдардың саны 8,5 мыңнан асқаны көрсетілген. Ал ресми деректер бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда мұндай автокөліктер саны 117 мыңнан асады.
XS
SM
MD
LG