Accessibility links

Қазақстандағы ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққандар арасында жастардың үлесі басым

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Қарашаның 27-күні Алматыда үкіметтік емес ұйымдар елде соңғы екі жыл бойы жүргізілген «Қауіпсіздік маршруты» атты жобаның қортындысын жариялады. Мамандардың айтуынша, Қазақстанның кейбір аймағында, ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққандар саны бес есеге дейін көбейген. Қазақстан бойынша тіркеуде тұрған 7 мыңға жуық адамның 50 пайызынан астамын 20-25 жас аралығындағы жастар құрайды екен.

ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққан алғашқы науқас Қазақстанда 1987 жылы тіркеліпті. Содан бері ғасыр індетін елдегі 7 мыңға жуық адам жұқтырып, оның 881-і – бүгінде о дүниелік болыпты. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі орталық мамандары мен бейүкіметтік ұйым өкілдері осындай мәліметтерді келтіре отырып, халықты ақпараттандыру шаралары үздіксіз әрі барлық аймақтарда жүруде деп сендіреді. Германияның техникалық даму жөніндегі қоғамының Қазақстандағы өкілдігінің үйлестірушісі Маркус Лойда «Қауіпсіздік маршрутының» да сәтті басталғанын айтады.

- 1994 жылдан бері техникалық даму жөніндегі қоғамы ВИЧ/СПИД дертінің алдын алу жөніндегі бағдарламаларға 15 млн еуро қаржы жұмсады. Әріптестік пен ынтымақтастыққа құрылған жобалар сәтті жүргізілуде деп айтуға болады. Ал Қазақстанда біз жұмысымызды 2 жыл бұрын бастадық. «Қауіпсіздік маршруты» деп аталатын шара елдің 12 аймағында жүріп өтті. Оның аясында 25 мың адамды қамтыдық. Нәтижелері жаман емес деп бағалаймын.

Оқушылар, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері және ұстаздар, барлығы 7 топ қатысқан бағдарлама нәтижелері бойынша, ВИЧ/СПИД турасында ақпараты таяз болған олар «Қауіпсіздік маршруты» шарасынан соң, білімі 50-70 пайызға дейін жақсарғаны байқалған көрінеді. 15-25 аралығындағы жастарды қамтыған шарада түсіндіру, ақпараттандыру жұмысын 315 ерікті модератор атқарған екен. Алматыдағы Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі орталық үйлестірушісі Жанна Қалматаева негізгі мәселе осы кадрларға келіп тірелетінін айтады.

- Еріктілер материалдық тұрғыда ешқандай қолдау көрмейді. Сондықтан, осы арнада тұрақтамаушылық проблемасы бар. Ынталы жастардың көптігі арқасында жобаны бастамасы сәтті болды. Алдағы уақытта да олар азаймайды деп сенеміз.

Сонымен қатар, еріктілердің қазақ тілін меңгермегендігі де біраз қиыншылық көрсетуде дейді Жанна Қалматаева. «Қауіпсіздік маршруты» жобасы басталмас бұрын, ата-аналардың оны қалай қабылдайтыны туралы үрей болғаны рас дейді ол. Ресейде алғаш жүргізіле бастаған бағдарламаға ата-аналар оның тақырыбынан сескенген көрінеді. Қазақстанда қанша жобаның іске асып жатқандығына қарамастан, елде ВИЧ/СПИД ауруына шалдығушылар қатары азайып келе жатқан жоқ. Павлодар, Қарағанды және Алматы облысында олардың саны соңғы бірнеше жылда 2 есе артса, Шығыс Қазақстан облысында 5 есеге артып отыр. Дегенмен, Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі Ұлттық орталықтың бас директоры Қазбек Төлебаев оның нәтижесі 1 күнде ғана болмайтындығын айтады.

- Германияда бұл бағдарлама 10 жылдан астам уақыт жүргізіліп келеді. Сондықтан, Қазақстанда да ол алдағы уақытта ғана нәтижесін бере бастайды. Қалай дегенмен де, жастар арасында ауруға шалдығушылардың азайып келе жатқандығын ескеруіміз керек.

Алматы тұрғыны Дана Исаева жүргізіліп жатқан түрлі жобалар мен бағдарламалардың нәтижесі жоқ деген пікірде. Оның айтуынша, халық жеткілікті деңгейде ақпараттанбаған.

- Бағдарламалар белгілі-бір атаулы күнге орайластырылып қана жүре бастайды. Ол нәтиже береді дегенге сенбеймін. Ал «Қауіпсіздік маршруты» деген бағдарлама жөнінде мүлдем естіген емеспін.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі Ұлттық орталықтың деректері бойынша, Қазақстанда тіркеуде тұрған 7000-ға жуық ВИЧ/СПИД ауруына шалдыққандардың пайызынан астамы – 20-25 жас аралығындағы жастар көрінеді. Қатері дерт 75 пайыз жағдайда ине арқылы жұқса, 17 пайыз жағдайда жыныстық қатынас арқылы тарайды.

Ширек ғасыр ішінде әлемде ВИЧ/СПИД ауруынан 25 млн адам көз жұмған. Қазақстан ТМД елдері ішінде осы аурудың таралуы бойынша Ресей, Украина, Өзбекстан және Белоруссиядан кейінгі 5 орында тұр.
XS
SM
MD
LG