Accessibility links

Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысы_аумағындағы «Дархан» шекара бекетінде орын алған тәртіпсіздіктің салдарынан ауыр жараланған сержант Бекболат Нитулин қарашаның 26-күні Сарыағаш аудандық ауруханасында қайтыс болды. Шымкент гарнизоны әскери-тергеу басқармасының бастығы Болат Тойбеков, сарбаздарға әлімжеттік көрсеткен 11 азаматқа қарсы қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

21 жастағы сержант Бекболат Нитулиннің аудандық ауруханада қайтыс болғандығын «Азаттық» радиосына қарашаның 27-күні Шымкент гарнизоны әскери-тергеу басқармасының бастығы Болат Тойбеков хабарлады.

- Сержант Нитулин Сарыағаштағы облыстық ауруханада төрт күн жатып, өз өзіне келе алмай қарашаның 26-күні таңғы сағат 6-да қайтыс болды.

Подполковник Тойбековтың айтуынша, сержант Нитулин қарашаның 22-күні басынан қатты жараланып ауруханаға түскен. Бұған дейін әскери борышын Алматы гарнизонында өтеп келген Бекболат Нитулин «Дархан» шекара бекетіне қарашаның 20-күні ауыстырылыпты. Ал жергілікті сарбаздар болса Алматы гарнизонынан ауысып келген 25 сарбазға екі күн бойы тыныштық бермеген, деді Болат Тойбеков.

- Алматы гарнизонынан ауысып барған солдаттарды «келімсектер» ретінде қабылдаған жергілікті сарбаздар оларға әлімжеттік көрсеткен. Өздерін шекара бекеттінің «қожайыны» ретінде сезінген сарбаздар жаңадан келгендерге екі күн бойы ұйқы көрсетпеген.

Бекболат Нитулинмен бірге «Дархан» шекара бекетіне ауысып барғандардың қатарында оның туған інісі Ерболат Нитулин де болған. Жергілікті солдаттар алдымен Нитулиндердің кішісіне әлімжеттік көрсетпекші болғанда, Бекболат інісіне араша түсуге әрекеттенген.

- Қарашаның 22-күні жергілікті сарбаздардың біреуі офицерлік асханада үлкен Нитулинді есінен танғанша орындықпен ұрған.

Осы оқиғадан соң «Дархан» шекара бекетіндегі сарбаздар тексеріліп, Алматы гарнизонынан ауысып барған 18 сарбаздың дене жарақатын алғаны анықталды: басынан ауыр жараланған сержант Нитулин аудандық ауруханаға жіберілсе, қалғандары жергілікті лазаретке жатқызылған. Қазір бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Шымкент гарнизоны әскери-тергеу басқармасының бастығы Болат Тойбеков:

- Осы оқиғаға қатысқан 11 сарбазға қарсы Қылмыстық Кодексінің 369 бабындағы екінші тармақ бойынша «бастыққа қол жұмсаған» деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды.

ҚР Қылмыстық Кодексі «басшылыққа күш көрсеткендерді» он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
XS
SM
MD
LG