Accessibility links

Қазақстанда сот билігі тәуелсіз бе?


Қазақстан Жоғарғы сот Азаматтық істер алқасының төрағасы Мұсабек Әлімбеков «Азаттыққа» берген сұхбатында, «Қазақстан сотының кейде тәуелділік танытуының себебі кеңестік заманның сарқыншақтарының әсері болуы мүмкін» дей келіп, сот тәуелсіз болуы үшін, оның қарны тоқ, тұрмыстық жағдайы түзу, лайықты жалақысы болуы керек деген ой айтты.

«Қазақстанда сот жүйесі - тәуелсіз» дегенді ресми билік қайталаудан жалықпаса да, жергілікті тәуелсіз басылымдар сот жүйесінің тәуелділігі туралы аз жазған жоқ. Тіпті, республикалық «Заңгер» газетінің редакторы Әшірбек Амангелді де «Азаттыққа» берген сұхбатында сот жүйесінің тәуелділігі туралы айтты.

- Бізде құқықтық мемлекет енді-енді құрып келе жатырмыз ғой. Сосын қоғам енді-енді демократияланып келеді. Сондықтан бұл арада сот жүйесіне жұмыс істейтін әлі көп нәрселер бар. Оны бет алды мақтай беруге болмайды. Мәселен, судьяларды тәуелсіз деп айтады ғой. Бірақ, бұлар әлі де тәуелді. Мысалы, сұхбат алайын десең, қандай бір сұрақ қояйын десең, олар жоғарыдағы басшыларына жалтақтайды, ал ол басшылар жоғарыдан рұқсат сұрап көрейік дейді. Бұларда бұрынғының инерциясы бар, - дейді.

«Азаттық» тілшісінің осы мәселеге байланысты Қазақстан жоғарғы сот азаматтық істер алқасының төрағасы Мұсабек Әлімбековке қойған сауалына былай деп жауап берді:

- Ондай фактілер жоқ деп айтуға да болмайтын шығар. Тәуелділіктің себептері көп қой. Мысалы, сот билігіндегі отырған адамның ішкі дүниесі қаншалықты тәуелсіздігіне де байланысты. Баяғыда айтқан ғой: «Декабристер тепкірішін көрмеген дворяндардың үшінші ұрпақтары еді» деп. Тепкі көріп өскен адамның ішкі дүниесі қалай тәуелсіз болады? Ондай құлдық деңгейдегі психологиясы барлардан құлдық деңгейдегі шешім ғана күтуге болады. Біздер коммунистік тәрбие шинелінің астында бір тәртіппен, бір бағытта жүрдік. Басқа көзқарасты қуаттамадық, оны жойдық! Мүмкін, соның салдарынан да болар – бірен-саран тәуелді судьялар кездесіп қалатыны.

Сондай-ақ М.Әлімбеков мырза соттардың кейде тәуелділік танытып отыруының себебінің бірі жеке бастық рух бостандығының жоқтығымен қатар:

- Екіншіден, оларда істің ақ-қарасын ажырататын білімі болуы керек. Сонда кейін – адамгершілік, әділеттілік, біліктілік болуы керек. Осылардың бәрі қалыптасқан жағдайда, оның үстіне судьялар қоғамға қызмет етуі үшін, әлгі қазақта мақал бар ғой, «аш бала - тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала - аш болам деп ойламайды» дегендей, сондықтан олардың қарны тоқ болуы керек, - дейді.

Жергілікті басылымдар соттың қандай да үкімдеріне байланысты қандай да түсініктеме алудың қиындығымен қатар сот отырыстарына да көптеген қынжылыстары барлығын айтқан еді. Мысалы, «Әділ сөз» қоғамдық қор заңгері Ғалия Әженова Қазақстандағы жалпы сот жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қарым-қатынасты былай деп сипаттайды:

- Қарым-қатынасымыз жалпы жақсы деп айтуға болады. Бірақ, бес саусақ бірдей еместігі сияқты судьялардың бәрі бірдей емес қой, сол себептен ара-тұра сотқа жібермеу, не болмаса журналистер рұқсаттарын алып, сот процесі басталайын деп жатқанда «ойбай, шығыңдар, бір нәрсе ұнамай қалды» деген жағдайлар да болып тұрады. Негізінен, жоғарғы соттың өзі шығарған құжаттары бойынша соттар ашық болуы керек, халық олардың қандай шешім қабылдап жатқанын біліп отыруы керек, оны журналистер обьективті түрде көпшілікке жеткізуі керек. Бірақ, өкінішке орай, көп жағдайларда түзеліс байқалғанымен, бәрі де «беске» деп айту қиын.

Алайда, М.Әлімбеков мырза сот отырысына БАҚ өкілдеріне кейде шектеу қойылатынын ақтап, былай дейді:

- Сот процесінде баспасөз өкілдері тікелей жазып отырған кезде, ол мына істі қарап отырған судьяның ойын басқа жаққа бұрады. «Мені не себеппен жазып отыр, мені жамандайын деп отыр ма?» деген басқа пікірде болуы мүмкін. Сондықтан, мен ойлаймын, ондай шектеулер ойдан шығарылған нәрсе емес. Ал процесті монитордан көрсетіп отрыған соң, мен ойлаймын, жариялылық бар деп. Мысалы, парламенттің де отырысын сіздер монитордан көре аласыздар ғой, бұл жерде де сол сияқты нәрсе.

Жергілікті тәуелсіз, әсіресе, оппозициялық бағыттағы басылымдардың сотқа деген тағы бір наразылығы – кейде сот отырысы мемлекеттік тілде жүрмейтіндігі мен «жеке бастың ар-ожданына нұқсан келген» деген қандай да шағым бойынша сот үкімімен салынатын айыппұлдың орасан көптігі туралы еді. Ол жайлы тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбай былай дейді:

- Жоғарғы соттың бір судьясы жаңа ғана «біз айыппұл салғанда, әділдік принципіне сүйене отырып, адамның күн көрісі мен еңбек ақысына қараймыз» деп айтты. Мен өзім, мысалы, оншақты рет сотқа тартылдым. Солардың бәрінде миллион теңгеден кем айыппұл салған сот болған жоқ. Сонау «Дат» газетіне 50 миллион, бас редакторы деп маған 5 миллион айыппұл салды. Одан берідегі «Сөз» газетіне 2004 жылы «Ақ жол» партиясының басшыларының артынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері аңду жүргізді» деген мақала үшін, «біз аңду жүргізген жоқпыз» деп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бізді сотқа беріп, сот 5 миллион теңге айыппұл салды. Ал биыл жазда Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты сот ісі болғанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шынымен оппозиция басшыларын аңдығаны айқындалды. Оны сол мекеменің сол кездегі басшысы – Нартай Дүтбаевтың өзі баспасөз беттерінде айтты. Енді осыдан кейін сот кезіндегі «Сөз» газетіне қатысты шешімін қате деп мойындады ма? Кешірім сұрады ма? Жоқ әлде, айыппұлды қайтарып берді ме?! Енді міне қазір Болат Әбіловты соттайын деп жатыр. Оны да анау Ресейдегі Ходорковский, не біздегі Ғалымжан Жақиянов сияқты билікке қарсы шыққаны үшін жазалайын деп отыр. Бұл да биліктің сотқа саяси тапсырысы деп ойлаймын. Ал енді осыдан кейін соттың тәуелсіздігі, әділдігі дегенді кім айта алады?
XS
SM
MD
LG