Accessibility links

Қазақстанда жаңадан құрылған екі саяси партия Алматыда өздерінің құрылтай жиындарын өткізді

  • Гүлмира ХАМЗА

Олардың біріншісі Жалпыұлттық социал-демократиялық партия болса, екіншісі “Алға!” атты халық партиясы болып отыр. Екі саяси ұйым жексенбі күні өткен құрылтайларында партия жетекшілерін тағайындады. Біріншісін “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбай басқаратын болса, “Алға!” партиясына оппозиция қайраткері, “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының төралқа мүшелерінің бірі болған Асылбек Қожахметов жетекшілік етеді.

Қазақстанда ресми билікке сыни көзқарастағы саяси партиялардың қатары қыркүйектің 10 күні тағы екі ұйымға толықты. Олар алғашқы құрылтайларын өткізіп болғаннан кейін, ресми тіркеуден өту үшін әрекеттенбекші. Әзірге бұл екі партия да өздерінің бағыт-бағдарларын анықтап, ұстанатын позициялары жайында айтты. Социал-демократиялық бағытты ұстанған азаматтар жексенбі күні Алматыдағы республика сарайында өз лидерлері Жармахан Тұяқбайды қол шапалақтап қарсы алды. Өз кезігінде Тұяқбай мырза қазақстандықтардың жағдайын жақсарту үшін және олардың мүдделерін қорғау үшін осы партия арқылы бар күшін салатынын айтты.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мүшелері мен жетекшілері бай мемлекетте кедейлер санын мүмкіндігінше азайтатындарын айтып, жұрттың сеніміне ие болғысы келеді. Ол үшін қазіргі билік жүйесін өзгерту керек, деді партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай:

- Социал-демократияның үш тағаны – азаттық, әділеттік және ынтымақ секілді құндылықтары бар. Бұлар - бүгінгі таңда қоғамымыз өте зәру болып отырған құндылықтарға жатады. Басты мақсаттарымыз қандай дегенге келсек, жабайы нарықтың тұңғиығына ешбір дайындықсыз сүңгіп кеткен жұртымызға қол үшін бергіміз келеді. Ол үшін мемлекет экономиканың басты салаларын өзі реттеп отыруы тиіс. Тапа-тал түсте жерінен айырылып қалған елге өз алатын жерін де, үмітін де қайтарып бергіміз келеді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның құрылтайын ұйымдастырғандардың айтуынша, алғашқы құрылтайға 2 мыңнан астам адам жиналыпты. Қонақтардың арасында “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысына мүше “Нағыз Ақ жол” партиясының жетекшілері қатысты.

- Халықтың бізге қоятын бір сұрағы бар: Жәкеңді білеміз, қолдаймыз, бірақ оппозицияға тағы бір партия керек пе? Мен барлығына «Керек!» деп жауап беремін, - дейді “Нағыз Ақ жол” партиясы теңтөрағаларының бірі Болат Әбілов.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның құрылтай съезінде сонымен қатар Қазақстанда бар тағы бір социал-демократиялық “Ауыл” партиясының жетекшісі Ғани Қалиев қатысты. Ғани Қалиев арнайы сахнаға шығып құттықтамаса да, жаңа құрылған партия оларға бәсеке болмайтындығын жеткізді:

- Мынандай жақсы сөздер айтып, елді өзіне қайтарамын деп жүрген партиялар жетерлік. Оны біз түрлі саяси науқан кезінде көріп жүрміз. Барлық партиялар кедейшілікке қарсы,барлық партиялар сөз бостандығы үшін күрескісі келеді. Ал бірақ олардың істеген ісі әртүрлі.

Қазақстандықтардың әлеуметтік-демократиялық құқығын қорғауды көздеген жаңа партия қатарына жексенбі күні, белгілі экономист, ғалым Оразалы Сәбденов және көп жылдары елші қызметін атқарған маман Болатхан Тайжан мүше болатындарын айтып жариялады. Әзірге экономист-ғалым Оразалы Сәбденов арнайы бағдарлама әзірлеу керектігін айтты:

- Ауыл, кедейшілік, жұмыссыздық. Ауылдағы 18-23 жас аралығындағы жастардың басым көпшілігі жұмыссыз. Көп балалы ананың күйі, әрине, бізді толғандырады. Ғалым ретінде өз көзіңмен көріп, жазып, біліп, осыны біз өзіміз қанша айтып жүрсек те іске аспай жатқаны бізге өкінішті.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия құруды көксейтін азаматтар алдағы уақытта ресми тіркеуден өту әрекетін жасамақшы. Онан соң арнайы бағдарлама әзірлеуге кіріспек. Әзірге олар халықты бірлікке шақырып отыр.

Алматыда жексенбі күні құрылтайын өткізген “Алға!” партиясы да бірден тіркеу жұмыстарын қолға алғалы отыр. Бұл ұйымды құрушылар, негізінде, осымен екінші рет құрылтай жиынын өткізді. Бұдан бұрын осы партияны Қазақстанның Әділет министрлігі тіркеуден өткізбей қойған болатын. “Алға! партиясының мүшелері Қазақстанның Жоғарғы сотына шағымданғанымен сот министрліктің ісін дұрыс деп тапқан еді.
XS
SM
MD
LG