Accessibility links

Қазақстанда «Алға» саяси бірлестігінің партия ретінде тіркелу процесіне бақылау жүргізетін жұмыс тобы құрылды. Қазақстандық Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтистің айтуынша, бұл комиссия азаматтардың саяси партияларға бірігу құқығының сақталуын бақыламақ.

«Алға» саяси бірлестігінің партия ретінде тіркелу процесін бақылауды көздейтін жұмыс тобының құрамына Қазақстандағы алты қоғамдық ұйымның басшылары кіріпті: Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис, Алматыдағы Хельсинки комитетінің өкілі Нинель Фокина, «Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Тамара Калеева, «Қорған» қоғамдық қорының директоры Әлия Матаева, «Адам құқығы Хартиясы» қоғамдық қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетова және Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матай.

Осы комиссияға мүше Алматыдағы Хельсинки комитетінің өкілі Нинель Фокина ханымның айтуынша, қоғамдық ұйымдар «Алға» ұйымының тіркелу мәселесіне қатты алаңдаушылық танытып отыр.

- Біз саяси бейтараптық ұстана отырып, Қазақстандағы саяси, қоғамдық немесе діни ұйымдарды тіркелу процесінде кедергі болмағандығын қалаймыз. Әсіресе, «Алға» партиясының тағы да тіркелмей қалу қаупі басым болып тұр. Тіркелуде қиыншылық көріп жүрген тек «Алға» саяси бірлестігі ғана емес. Біз осындай кедергілермен күресуді бүгіннен бастап үйрене беруіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда, жаңадан құрылған жұмыс тобы «Алға» ұйымының тіркелу процесіне бақылау жасап, оны халыққа жеткізіп отыруды мақсат тұтады, - дейді Фокина ханым.

Қазіргі таңда Алматыдағы Хельсинки комитеті Қазақстанда адам құқығының сақталуы жөнінде баяндама дайындап жатыр. Жаңадан құрылған жұмыс тобының республика азаматтарының ұйымдасу құқығына қатысты есебі де осы баяндамаға енгізілмек.

Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтистің айтуынша, Қазақстанда саяси партияларды тіркеу процесінің халықаралық нормаларға қайшы келіп жататын тұстары көп.

- Мәселен, бұл Азаматтық және саяси құқық жөніндегі Халықаралық пактіге қайшы. Аталған құжат азаматтардың ұйымдарға бірігу құқығын қарастырады. Сонымен бірге, Адам құндылықтары жөніндегі Копенгаген Келісімі мен Адам құндылықтары жөніндегі Мәскеу Келісімінде саяси плюрализм және азаматтардың басқару ісіне қатысу құқығының қалай жүзеге асатындығы нақты анықталған. Өкінішке орай, «Алға» партиясы төңірегінде қалыптасқан жағдай жоғарыда аталған халықаралық ережелерге қайшы келеді, - дейді Евгений Жовтис.

Сонымен бірге қоғамдық ұйымдардың өкілдері Қазақстандағы заңдылықтардың саяси ұйымдарды тіркеу ісін қиындатып отырған ережелерді сынға алды. Сарапшылардың пікірінше, саяси партияны тіркеу үшін 50 мың адамның дауысын жинау керек деген секілді бюрократиялық ережелердің салдарынан қаншама адамның құқығы аяққа тапталып отыр.

Елу мың адамның дауысын жинап, тіркелуге қажетті құжаттарын Әділет министрлігіне екінші мәрте өткізген «Алға» саяси бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметтің пікірінше, Қазақстанда саяси партияларды тіркеу процесі қоғамдық қадағалауды қажет етеді.

- Қазақстанда әділет табу қын. Сондықтан, қоғамдық қадағалау қажет. Біз ешнәрседен қорықпаймыз - халық партияға өз еркімен кірген. Сондықтан, осындай қадағалауға біз дайынбыз және басқа да партиялардың тіркелуіне қоғамдық қадағалауды қолдаймыз, - дейді әлі тіркелмеген «Алға» партиясының төрағасы Асылбек Қожахмет.

«Алға» партиясының тіркелу процесіне бақылау жасамақ топтың өкілдері Қазақстанда жүріп жатқан басқа да тіркелу процестеріне қырын қарамайтындықтарын білдірді.

- «Алға» партиясы немесе Жармахан Тұяқбай басқаратын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - мәселе атауында емес, бізді қызықтырып отырғаны – тіркеу процесі, - дейді Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис.

Қазақстанның Әділет министрлігі «Алға» партиясының тіркеу жөніндегі бұған дейін тапсырған өтінішіне желтоқсанның 9-дейін жауап беруі тиіс. Ал осыдан бір апта бұрын Әділет министрлігі Жармахан Тұяқбай басқаратын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының құжаттарын тіркеу мерзімін уақытша тоқтатқан болатын.

Әділет министрлігінен тіркеуден өте алмай отырған бұл екі саяси ұйым құрылған сәттерінен өздерінің бағыт-бағдарламасы қазіргі билікке оппозицияда болатындығын мәлімдеген-тұғын.
XS
SM
MD
LG