Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.29.2006 жыл

  • Рауза МҰҚАН

Сәрсенбілік басылымдарда, «Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар әзірленіп жатқаны жөнінде мақалалар жарық көрген. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде, Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай сараптамалық материалдар жарияланған.

«Комсомольская правда Казахстан» басылымы, Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялармен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп, «Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу үшін, жаңа баптар әзірлеуде деп жазады. Ол бойынша, президенттен үміткерлерге қажетті медициналық құжаттар санын қысқарту ұсынылуда. Атап айтқанда, үміткердің психикалық денсаулығы туралы анықтама алу қажетсіз деп табылды. Сондай-ақ, өзінің мүлкі мен табысы туралы жалған ақпарат берген үміткерді тіркеу туралы ұсыныс жасалған. Бұған қоса, үміткерлерді жақтаушылар қойған қолдың шынайы екенін анықтау үшін, сарапшылар тексеруден өткізбек, деп жазады «Комсольская правда Казахстан». «Егемен Қазақстан» басылымының дерегінше, өткен сайлау науқаны көрсеткендей, президенттікке үміткерлердің саны шектен тыс көбейіп кеткен. Сондықтан, «президенттікке бейімі жоқ азаматтардың сайлауға сенімсіздік тудырмауы, әрі республикалық бюджет қаржысын босқа шашпауы үшін сайлау заңынан азаматтардың өзін-өзі ұсына алатын норманы алып тастау көзделуде. Ал “Нағыз Ақ Жол” партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов, ұйымдасқан топтың бірнеше сайлау учаскелерінде дауыс беруін болдырмау үшін тексеру талонын ендіруді ұсынды, деп жазады «Егемен Қазақстан».

Ал, «Аргументы и факты Казахстан» басылымы болса, сайлаудан кейінгі науқан кезінде азаматтардың митинг ұйымдастыруына рұқсат берілгені туралы жазады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға Парламент енгізген бұл өзгеріске сәйкес, кез-келген деңгейдегі сайлаудың қорытындысына көңілі толмаған тұрғындар, көшеге шығып өздерінің азаматтық позицияларын білдіре алады. Басылымның дерегінше, 2004 жылы Парламент сайлауы кезінде түрлі-түсті революциядан сескенген өкімет, заңнан сайлау кезінде митинг өткізу туралы бапты алып тастаған болатын. Бірақ осы тиымы үшін Қазақстанды Еуропа елдері сынға алған еді, деп жазады «Аргументы и факты Казахстан» басылымы.

«Известия Казахстан» газетінің дерегінше, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бәсекелестікке қабылетті әлем елдерінің тізімінде Қазақстан биыл 56 орынды иеленді. Бизнесті дамыту жөнінде 72 орында, өмір сапасы жөнінен 78 орында, экономикалық тұрақтылық көрсеткіштері бойынша 70 орында тұр. Алайда, Қазақстанда экономиканың өсу қарқыны байқалғанымен, ол дамып отырған жоқ. Өйткені, ғалымдардың пікірінше, елде ғылымға қажетті деңгейде көңіл бөлінбеуде, деп жазады «Известия Казахстан».

Ал «Экспресс-К» газетінің дерегінше, өткен 15 жыл ішінде Қазақстанның саяси жүйесі де ерекше даму жолынан өтті. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және талдау институтының президенті Сәбит Жүсіпов мұны былай түсіндіреді: «1991-1993 жылдары Қазақстанда парламенттік басқару түрі болды. 1994 жылдан бастап Қазақстанда өтпелі кезең басталды да президенттік басқару формасына алып келді. Республика қазірге дейін, президенттік басқару формасында». Бірақ, сарапшының пікірінше, 2007 жылдан бастап, Қазақстанда жаңа кезең басталып, президенттік-парламенттік басқару формасы билік құруы мүмкін, деп жазады «Экспресс-К».

«Айқын» басылымы Тәуелсіздік алған 15 жыл ішінде, Қазақстан сыртқы саясатта да біршама жетістіктерге қол жеткізгенін жазады. Алайда, сарапшы мамандардың пікірінше, Қазақстан аймақтағы мүдделер объектісіне емес субъектісіне айналуы тиіс. Мысалы, соңғы жылдары ЕуроОдақ, Орта Азияда АҚШ-тан тыс өз алдына жеке саясат жүргізуге ұмтылуда. Сондықтан да, Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтановтың пікірінше, Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатын тағы бір сараптан өткізуі тиіс, деп жазады «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG