Accessibility links

Үкімет ұстанымына наразы азамат жол полициясы комитетінің басшысын сотқа берді


Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Жол полициясы комитетінің басшысының үстінен сотқа шағымданушы заңгер Сергей Уткин, шенеуніктің елде жол апатының басым бөлігі оң рулді көліктердің кінәсінен болады деген мәліметіне орай одан нақты деректер мен құжаттарды талап етпекші.

Заңгер Сергей Уткиннің шағымына қарашаның 13-күні Астанада өткен қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің төрағасы Өмірзақ Түсімовтің: «Басқару рулі оң жақта орналасқан автокөліктердің кесірінен соңғы 10 айда 600 жол апаты болып, онда 201 адам қаза тапты. Арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесі оң жақ рулді автокөліктердің қатысуымен орын алатын жол көлік апаттары 20 есеге, ал кісі өлімі 3 есеге артқанын көрсетті» деген статистикалық мәліметі себепкер болып отыр.

«Мен өз басым бұл деректерге сенбеймін. Біз қол жеткізген құжаттарда апаттың себептері ғана атап көрсетілген. Апатқа оң жақ рулді көліктер кінәлі деген сөз мүлдем жоқ», дейді Сергей Уткин.

Ал, Қауіпсіздік кеңесі полиция ұсынған дерекке сүйеніп шешім қабылдап отыр, деген Сергей Уткин сотта сол статистикалық мәліметті жоққа шығаратын деректері бар екенін айтады.

Сергей Уткиннің шағымын автокөлік жүргізушілердің «Оңшылдар Одағы» да қолдап отыр. Аталмыш одақтың жетекшісі Анатолий Ахметов:

«Желтоқсанның 10-ы күні мыңдаған азаматтар қатысатын рұқсат етілген митингі өткізуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы қалалық әкімшілікке кеше, сәрсенбі күні хабарлап, өтініш тапсырған болатынбыз. Біздің өтінішімізге Алматы қалалық әкімшілігі желтоқсанның 8-і күні жауап беруі тиіс. Митингіде үкімет шешімінің күшін жоюды немесе көлік иелеріне өтемақы өндіріп беруді талап етеміз», дейді.

Оң рулді көліктің иесі Ғалым Ақынбаев: «Басқару рөлі оң жақта орналасқан автокөліктердің кесірінен соңғы 10 айда болған 600 жол апаты болды деген статистика қайдан алынғанын түсінбеймін. Ресми деректерге жүгінсек, керісінше 2004 жылы жол көлік апатынан көз жұмғандар саны мың көлікке шаққанда 2,7 пайызды құраған. Ал ол уақытта оң рулді машинаның саны 34 мың ғана болған. Қарап отырсақ, билік неге тиым салу керек екенін өздері де білмей отыр. Көшедегі «Жигули» маркалы көліктерге қарасаңыз түтін айдап, әрең кетіп бара жатады. Ал оң жақтан басқарылатын жапон көліктері жанға жайлы әрі халықтың қалтасы мен Қазақстанның экологиясына да тиімді», дейді.

Үкімет шешіміне наразы адамның бірі - Наталя есімді келіншек те бұл пікірді жақтап отыр.

«Қарапайым тіршілік кешетін мен ешқашанда табан ақы маңдай теріммен тапқан пұлыма сол жақ рулды машина ала алмаймын. Үкімет біздерді жақсы машина міну құқығымыздан неге айырады? Заң бұзғанымыз жоқ. Құжаттарымызды рәсімдеп, салығымызды төлейміз. Неге біздің құқығымыз шектеледі?», дейді Наталя.

«Бұл біздің мемлекеттік саясаттың келеңсіздігінен туындаған мәселе. Мысалы, мен оң жақты рулді машина болғанына жалпы қарсымын. Бірақ, мыңдаған адам соңғы тиын-тебеніне күн көру үшін сол машиналарды сатып алды. Оған кезінде біреулер рұқсат берді. Ал бүгін келіп керек емес дейміз. Сондықтан, мемлекетте әрбір нәрсе ойланып істелу керек», дейді Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан.

Қарашаның 24-і күні бұл мәселе Қазақстан парламентінде де көтеріліп, депутат Сергей Кисилев үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, мәселені қайта қарауды өтінген еді. Алайда елде бәрі бір-ақ адамның қолында, деген депутат Амалбек Тшан бұл мәселеде шешім түбегейлі қабылданып қойды, деп санайды.
XS
SM
MD
LG