Accessibility links

Шанхай ынтымақтастық ұйымына бес жыл толды


Бүкіл аймақтың барлығын қамтитын нақты жобалардың жоқтығы «Шанхай ынтымақтастығы ұйымының» экономика саласындағы тиімділігінің арта түсуіне кедергі болып отыр. Мамандар бейсенбі күні ШЫҰ-ның бес жылдығына орай Алматыда өтіп жатқан халықаралық конференцияда осындай тұжырым айтып отыр.

Кеңес одағы ыдыраған соң Ресей және Орта Азияда жаңадан пайда болған тәуелсіз 3 мемлекет пен Қытай арасындағы шегара мәселесін шешуге бағытталып құрылған «Шанхай бестігі» деп аталған ұйымның негізінде құрылған, «Шанхай ынтымақтастық ұйымына» бес жыл толды. Осыған орай Алматыда осы ұйымға мүше елдердің ғалым мамандарының «Ұйымның бес жылдағы жеткен нәтижесі және алдағы болашағы» атты халықаралық конференция өтуде. ШЫҰ-ның іс-шараларындағы Қазақстанның ұлттық үйлестірушісі Асхат Оразбайдың айтуынша:

- Мамандарды біз осы конференцияға шақырдық, олар өздерінің мемлекеттерінің ресми өкілі емес, сондықтан ШЫҰ-ның 5 жылдығына орай ұйым жайлы өздерінің жеке көзқарастарын ортаға салып, өте жақсы пікірлер білдіріп отыр. Олардың ойынша, қазір ШЫҰ-на нақты жобалар қажет. Мысалы, көлік, энергетика салаларында жобалар қажет деген ұсыныстар айтып отыр.

Екі күнге созылмақ осы конференцияда талқыланбақшы тақырыптар ауқымды, әрі жан-жақты. Олар - лаңкестік мәселелерінен бастап, сауда-экономикалық, ШЫҰ-ның аймақтағы басқа да осы іспеттес ұйымдармен қарым-қатынас келешегі болып кете барады.

Мамандар ШЫҰ-ның өткен уақытта қол жеткізген көптеген жетістіктері қатарында Қытаймен шекара бойындағы қырғи-қабақ жағдайдың бәсеңсіп, шекарадан 100 шақырымға дейін қарусыз-қауіпсіз аймақ орнағандығын айтады. Сонымен қатар олар экономика саласындағы жетістік бірлескен жобаларды қаржыландыру мен ынтымақтастықты жандандыру бағытында Іскерлік кеңесінің Банкаралық бірлестігінің құрылғанын айтуға болады дейді. Аталған іскерлік кеңестің Қазақстан ұлттық бөлімшесінің төрағасы Райымбек Баталов:

- Өкінішке орай, ШЫҰ-дағы қазіргі жобалар екі жақты мемлекет аралық қана жобалар. Алдағы уақытта көпжақты жобаларды іске асыру жоспарда және ондай жобалар бар да. Гуманитарлық-әлеуметтік бағытта - мамандар дайындау мен білім беру саласын айтуға болар еді. Жақында өткен Краснояскідегі «Байкал саммитінде» ШЫҰ-ның жоғарғы оқу орындарын жақындастыру мәселесі ұсынылды. Екінші бағыт – энергетика саласы. Бұл салада атқарылатын шаралар жетерлік.

Ресейлік маман Вячеслав Амиров ШЫҰ-ның алдында кездесуі мүмкін қиындықтарын былай деп сипаттады.

- Экономика саласындағы ынтымақтастықтың келешегі түкке тұрғысыз органдардың құрылуы мен орындалуы екіталай келісімдерге қол қойылуы сияқты, не орындалмайтын бағдарламалар қабылдануы сияқты қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Осы орайда ТМД-ның күйі еске түседі. Әрине, ол ұйым да жалпы ахуалға өзінің оң ықпалын тигізді, дегенмен одан алынатын тәжірибе - ШЫҰ-на ешқандай шектен тыс әсірелеусіз, алдағы нақты мақсаттар мен міндеттері туралы айқындық қажет. Екінші қауіп - аймақтағы басқа да ЭСКАТО, АСЕАН сияқты ұйымдармен ынтымақтастық бағытындағы ұмтылыста халықаралық экономикалық бюрократия болуы әбден мүмкін, - дейді Ресейлік маман Вячеслав Амиров.

Конференцияда Қазақстандық мамандар аймақ үшін Ауғанстандағы жағдайдың маңыздылығын алға тартқан еді, АҚШ-тық тәуелсіз маман Сандерс Джонатан оның жақын болашақта мүмкін емес деп санайды.

- Ауғанстан мемлекеті Кабулдан басқа жерде жоқ! Ондағы ахуал көптеген ғасыр бұрынғы Юрий Долгорукидің Мәскеуді билегені сияқты. Карзайдың билігі Кабулмен шектеледі де, басқа жерде наша өсіруші жігіттердің билігі үстемдік құрып тұр. Сондықтан Ауғанстанмен мемлекет ретінде келіссөздер жүргізу мүмкіндігі әзірге бұлыңғыр дер едім, - дейді АҚШ маманы.

Конференция жұма күні жалғаспақ. Қазір ШЫҰ-на Ресей мен Қытайдан басқа Орта Азиялық 4 республика мүше де, Пәкістан, Үндістан, Иран, Монғолия бақылаушы мәртебесінде.
XS
SM
MD
LG